Санкт-Петербургтегі Ресей ғылым академиясының Машина жасау мәселелері институты (ИПМаш РҒА) мен Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің ғалымдары адамның ой сигналымен басқарылатын роботтандырылған мүгедектер арбасын жасап шығарды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жаңа технология кибернетикалық нейробиология әдістеріне негізделген.
Жетекші ғылыми қызметкер Александр Фрадковтың айтуынша, арба адам миынан тікелей түсетін сигналдарды қабылдайды. Арнайы алгоритмдер адам оңға немесе солға бұрылғысы келетінін нақты анықтап, соған сәйкес қозғалысты басқарады.
Жүйе электроэнцефалография (ЭЭГ) әдісі арқылы мидағы белсенділікті тіркейді. Содан кейін машиналық оқыту алгоритмдері бұл сигналдарды талдап, «алға», «солға», «оңға» және «тоқта» командаларын ажыратады. Танылған паттерндер (сигналдық үлгілер) электр жетектеріне жіберіліп, арбаның нақты әрі жұмсақ қозғалуына мүмкіндік береді.
Бұл бағдарламалық жүйе – ми мен механизм арасындағы «аудармашы» қызметін атқарады.
Институттың хабарлауынша, жүйе жаңа командаларды үйренуге бейім және болашақта тек мүгедектер арбасын ғана емес, сонымен қатар «ақылды үй» жүйесін, экзоскелеттерді және басқа құрылғыларды басқару үшін де қолдануға болады. Бұл технология қозғалысы шектеулі адамдардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.