Отпан тау тарихи-мәдени кешені

21 Маусым 2018, 17:28 18632

Кие тұнған Қазақстан

Маңғыстау жерінде орналасқан Батыс Қаратаудың ең биік шыңы 530 метрге жетеді. Оны Отпан тауы деп атайды. Таудың басынан төменге көз тастасаң, бұлттармен сыр шертіскен Бес шоқыны, қазақтың дархан даласын, жоталар мен қыраттарды, сарылдап ағып, күннің көзімен шағылысып жатқан бұлақтарды, шеті көрінбейтін теңізді, алыстан сағымдайтын Ақтау қаласын, тарыдай шашылып, жайылып жүрген төрт түлікті көруге болады. Сол сияқты тау бөктерінен бірнеше сырқатқа шипа берер балға ұқсас емдік мумияны да кезіктіресіз. Бұл тауда арқар, түлкі, қасқыр секілді жабайы аңдар да сіздің алдыңыздан шыға келуі ғажап емес. Ал аспанда тау бүркіті, ителгі, қаршыға, тіпті қасиетті саналатын қыран құс та қалықтап жүр. Көпке белгілі Қашағанның жырында «Отпан таудың басында, «Дегелек» деген бір құс бар, аспанда жүріп ысқырса, мың орда жылан басылған...» деп жырлауында ерекше мән жатыр. Ал күнбатыс жақтан Каспийдің құрлыққа тіреліп жатқан тұсы Үшayыз тауын көзіңіз шалады. Ол таудың орта тұсында Адайлықтардың көтерлісін басуға теңіз жолымен жеткен патшалық әскермен Иса-Досанның жауынгерлері бетпе-бет келіп, соғысып, дұшпандарды тас-талқан етіп жеңген ауқымды жерді айналдыра қоршаған мола секілді төбе бар. Ал кешкілік тау басына шығып айналаға қарасаң, бір жақтан оты жарқыраған Ақтау қаласын, ал бір шеттен Жетібайды, батыстан Қаражанбасты көріп, көңілің жайланады. Олар Отпан тауынан жүз шақырым алыста жатыр.

Отпан тауындағы тарихи-мәдени кешендер жайлы не білеміз?

Мұндағы тарихи-мәдени кешендердің ең бастысы, Адай атамыздың ордасы болған – Ақсарай кешені. Бұл жер атаның 8 немересіне арналып, сегіз бөлме етіп салынған. Ол бөлмелерде үлкендердің басын қосатын, маңызды шаруалар талқыланатын жиындар ұйымдастырылып тұрады. Сол сияқты тарихтың тірі куәсіне айналған мұражайға бас сұқсаңыз болады. Мұражайдың орталық залында еліміздің даму кезеңдерін көрсететін тарихи деректер, ұлттық нақышпен көмкерілген маңызды дүниелер, қазақ хандары мен шежіресі, батырлар мен егемендіктің бейнесі болып тұрған рәміздер және Елбасымыз жайындағы деректі көріністер орын тепкен. 

Қолөнер көрме залы – қазақ ұлтының қолөнерінің соңғы уақыттағы даму кезеңдері мен бүгінгі күннен хабардар етеді. Онда Маңғыстау жерінде ертеректе салынған, қазірге дейін жетіп отырған архитектуралық ескерткіштердің авторлары жайлы мағлұматтар да бар.

Осы секілді мұнда «Маңғыстау және жеті жұрт», «Маңғыстау және маңғыстаулықтар», «Өлке жеріндегі ислам» секілді көрме залдар да көпшілікке қызмет етеді. Ол залдарда облыстың археологиялық сараптамасы мен Маңғыстауды  тас дәуірінен бастап, қазірге дейін мекен еткен тайпалар туралы ақпараттар, мәдениеті мен әдебиеті жөнінде мағлұматтар жинақталған. Сондай-ақ, Маңғыстау жерінде кездесетін діни ескерткіштер жайында деректерді, сол аймаққа діннің таралуы жөнінде және жер асты мешіттердің картасы, артефакттер діни қайраткерлердің өмірбаянын көруге болады.

«Ана келбеті» ескерткіші

Адай атаның өмірлік серігі болған Ана – барлық әйел адамдарының жинақталған образы іспеттес. Оның жүзінде ай суреттелсе, жүрегінде күннің бейнесі бар. Бұл бейненің астарында жүзі айдай жарқыраған, жүрегі күндей лаулап тұр деген мағына жатыр. Ал нақ кеуде тұсында қалықтап бара жатқан қос қыранның суретін көресіз. Ол Ана құрсағынан шыққан екі баласының белгісі. Бұл ескерткіш Адай атаның ақ сарайының жанынан орын тепкен. Биіктігі 15 метрге жетеді. 

 362 баспалдақ

Киелі саналатын Маңғыстаудағы 362 баспалдақ Ақсарай мен Адай атаның кесенесін жалғап жатыр. Оның салыну себебі – Отпан тауға арнайы келіп, осындағыларға Құран бағыштап, дұға етіп, жердегі баспалдақтармен жүріп өткендерге шапағаты тие берсін деген ой.

Адай ата кесенесі

Кесене Қаратау жотасының ең биік нүктесі болып есептелетін Отпан тауда тұрғызылған. Кесене биіктігі күмбездегі найзаның ұшына дейін есептегенде 37 метрге жетеді екен. Көрші Ресей елінде дайындалған күмбездің үсті алтынмен жалатылған. Ал бұл кесененің екі жағында екі баласы Құдайке мен Келімбердіге арнап тұрғызылған қос ескерткіш бой көтерген.

Мұнда Адай таңбасы ерекше көзге түсіп тұр. Ол – «Жебе» деген атауға ие белгі ұштары бірігіп кететін 3 сызықшалардан құралған. Оның үшеу болуы: Ерлік, Елдік,  Бірлікті білдіреді. Сол сияқты үш жүздің басы бірігіп, жауға қарсы шапса, алынбайтын қамал жоғын да айтып тұрғандай.

Көкбөрі

Оқпан тауында тағы бір көзге ерекше көрінетін ескерткіш – «Көкбөрі». Ол – түрік халқының ерекше символы. Бұл аң қайтпас та қайсарлығымен, өзіне тиесіліні қорғай алатындығымен, ешқашан жерін тастап кетпейтіндігімен ерекшеленеді. Ата-бабаларымыз Көкбөрінің осындай қасиеттері кейінгі ұрпақтың бойынан табылса екен деп жиі айтып отырған, үлгі тұтқан.

Ұран оты

Бұрынғы заманда елді жау шапқанда, Маңғыстау жерін мекен етіп, жан-жақта тарап жатқан руларға хабар беріп, басын біріктіру мақсатында Отпан таудың басында Ұран отын жаққан екен. Оны көрген адайлықтар бірігіп келген дұшпанды жеңіп отырған делінеді. Тау басындағы лаулаған от анау Үстіртен де көрініп тұрған. Қазірде бұл маңда Амал күні тойланып, от жағылады. Ол от осында мекен етіп келе жатқан он екі ата Байұлының өкілдерімен қатар, Ұлы және Орта жүздің белді азаматтарының қолынан өтіп, соңында Адай атаның ұрпағының қолына жетеді. Тағы бір қызық дерек, бұл таудың басында қорған болып, оны күні-түні белгіленген жауынгерлердің қорғап отыруы. Тіпті, онда от жағуға қажет болатын арнайы кептірілген ағаштар сақталған орын да болған.

Отпан тау – тарихи маңызға ие жер. Онда елдің тағдыры шешілген көптеген дау-дамайларға нүкте қойылған, маңызды тарихи шешімдер шығарылған. Осы жер арқылы жауынгерлер жаңа жорыққа аттанса, артында қалған қарттар мен отбасысы олардың жеңіспен оралуын тілеп, садақа беріп тұрған. Қазірде осындай киелі жерімізді, қазақтың қазақ болып қалыптасуына сеп болған тау басын ұмыт қалдырмай арнайы кесенелер салып, ескерткіштер тұрғызып, келушілер үшін жағдай жасалынып отыр. Әлі күнге дейін жергілікті тұрғындар тау басына жиылып, от жағу ырымын ұйымдастырып, садақа беріп, Құран оқып тұрады.

Отпан таудың басында осындай ескерткіш салынуы біріншіден Маңғыстау жұртының ықпалы, әрі Сабыр Адай, Светқали Нұржан, Ермұхан Медағұл, Ырза Оңғарбай сынды азаматтардың қолдауы. Кешеннің авторы – Сабыр Шеркешбайұлы. Құрылыс 2005 жылдың қазанында басталып, екі жылдан кейін аяқталды. Оның ашылу салтанатына бес жүз мыңға жуық адам қатысқан еді.

«Адай Ата – Oтпaн тay» тapихи-мәдени кeшeн қазақ халқының ұлттық идеологиясын қалыптастырып, оны келесі ұрпаққа жеткізу мақсатында бой кетерген кешен. Ол 362 әулиесі бар киелі Маңғыстау жерінің темірқазығына айналып отыр. Сол сияқты бұл кешен Қазақстанның киелі нысандарының тізіміне енеді.

Суреттер kazakhstan.livejournal.com, silkadv.com сайттарынан алынды

Бөлісу: