Өткен жылы Маңғыстауда кәмелеттік жасқа толмаған 11 бала суицид жасаған

26 Қаңтар, 06:48 695

Бұл туралы бүгін кәмелет жасқа толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша өткен жиында айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап. 

 Ақтау қалалық прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің бастығы Бақдәулет Ахметовтің айтуы бойынша қазіргі таңда облыстық прокуратурамен бірлесіп «Прокурор тәрбиесі» атты  пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың әр түрлі құқық бұзушылықтары мен қылмыс жасауларының алдын алу, тәрбиелеу. 

Біз оларды бағдаршам секілді 3  санатқа бөліп қарастырамыз.  Яғни, қызыл, жасыл, сары топтарға. Бұл санаттарға жасаған қылмыстары мен құқық бұзушылықтары бойынша бөлеміз.  Мәселен қызыл санатқа – әкімшілік жазалау шараларына әкеліп соғатын  құқық бұзушылықтарды жүйелі түрде жасаған, орта білім алудан қасақана жалтарған,есірткі құралдарын, психотропты заттарды қолданатын оқушылар жатса, сары санатқа – сабаққа жиі келмейтін, алкогольды ішімдік қолданатын және әкімшілік жауапқа тартылғандар, жасыл санатқа – темекі бұйымдарын пайдаланып, сабаққа жиі кешігетін оқушылар жатады. Бүгінде қызыл санатта -926 , сары санатта – 3600, жасыл санатта – 1705 жасөспірім бар. Барлық санаттағылардың  жалпы саны - 6131. Оның ішінде Ақтау қаласындағылардың саны  – 1624, Мұнайлы   - 1542, Қарақия - 320, Түпқараған -310, Бейнеу - 650, Маңғыстау -312   кәмелет жасқа толмаған балалар тіркелген. Былтыр облыста кәмелеттік жасқа толмаған 11 бала өзіне қол жұмсады. Барлық суицид фактілері бойынша талдау жүргізілді. Өз өзіне қол жұмсағандар қиын жағдайда болған бала, психолог мамандардың көмегіне мұқтаж, ерекше бақылауды қажет еткен. Өкінішке орай, уақытылы көмек берілмеу салдарының соңы өз өздеріне қол жұмсауға әкеп соқты",- дейді Б.Ахметов.

Бақдәулет Ахметов өз баяндамасында қазіргі таңда кәмелет жасқа толмағандарды бейімдеу орталығындағы балалар жөнінде айтып өтті. Сондай –ақ жалғыз басты анасымен, өгей әкелерімен бірге тұратын балалардың есебін жүргізу қажеттігін алға тартты.

Перизат Саденова
Бөлісу: