Өткен жылы елімізде 242 адам суға батып кеткен

19 Мамыр 2023, 18:30 4525

Суға шомылу маусымы жақындап қалды. Жас балалардың суға шомыла білмеуі, адамдардың қауіпсіздік ережелерін орындамауы орны толмас қайғы мен өкінішке айналып жатады. Осы туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті Азаматтық қорғаныс іс-шараларын мемлекеттік бақылау басқармасының аға офицері Қуаныш Темірбековпен сұхбаттасқан едік.

El.kz: Қуаныш Серікұлы, суға шомылу маусымы жақындап келеді. Адамдар қандай ережелерді қатаң ұстану керек?

Қуаныш Темірбеков: Адам баласы үшін өмірінен артық ештеңе жоқ қой. Бірақ сол өмірін тәуекелге тігетіндер саны азаймай тұр. Әр шомылу маусымы басталар алдында барлық аймақта түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Суға батып кетудің алдын алу үшін бірнеше ережелерді қатаң ұстанған жөн. 

1) «Суға түсуге тыйым салынады» деген белгілер орнатылған жерлерде шомылуға;

2) «Мұз үстімен өтуге тыйым салынады» деген белгілер орнатылған жерлерде мұзға шығуға тыйым салынады;

3) жүзудің шекарасын белгілейтін қалқыбелгілерден кейін жүзуге;

4) шағын көлемді кемелерге және басқа да жүзу құралдарымен жүзуге;

5) суға қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, жағажайлардан, табиғи құралымдардан, сондай-ақ осы мақсаттарға бейімделмеген құрылыстардан секіруге;

6) спортпен айналысуға, оның ішінде спорттық ойындар ойнауға, осы мақсаттарға бейімделмеген орындарда ойнауға;

7) жалған дабыл айқайларын беру;

8) су айдындарын ластауға және қоқыстауға, кір жууға, шомылуға бөлінген орындар мен оған іргелес жатқан оның ішінде ағыспен 500 метрге дейін жағажайлардан жоғары аумақтарда көлік құралдарына от қоюға, жууға және жөндеуге;

9) шағын көлемді кемелерге кіруге және су астында жүзу үшін пайдаланылатын акваториялар жағажайлары мен учаскелерінде маневр жасауға;

10) су айдындарында қауіпсіздік белгілерін өз бетімен жоюға, бүлдіруге немесе орнатуға жол берілмейді;

11) суға кіруге және алкогольді және есірткіге мас күйде шомылуға;

12) тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгуге;

13) жүзуге арналмаған заттармен жүзуге;

14) жағада және шешіну орындарында демалушыларға жарақат келтіруі мүмкін қоқыстарды қалдыруға;

15) су айдындарындағы қауіпсіздік белгілеріне, қалқыбелгілерге шығуға;

16) балаларға ересектерсіз суға кіруге болмайды.

El.kz: Өткен жылы қанша адам суға кетті?

Қуаныш Темірбеков: 2022 жылы елімізде 242 адам суға батып кетті, оның ішінде 77 кәмелетке толмағандар. Ал 2021 жылы 424 адам болған еді, оның ішінде 131 кәмелетке толмағандар болды. 2021 жылмен салыстырғанда адам өлімі 43%-ға, балалар 41%-ға азайды.

Өткен жылдың шомылу маусымында 184 адам суға батып кетті, оның ішінде 62 кәмелетке толмағандар. 2021 жылы 315 адамның ішінде 90 кәмелетке толмаған балалар. Адам өлімі 42%-ға, балалар 31%-ға азайды.

El.kz: Құтқарушылар қанша адамды құтқарып қалды?

Қуаныш Темірбеков: Биыл қаңтар айынан бастап 50 адам құтқарылды, оның 41-ін ТЖМ күштері, 8-ін куәгерлер, біреуін полиция құтқарды.

2022 жылы 308 адам құтқарылды, оның ішінде 102 кәмелетке толмағандар. 2021 жылы 337 адам құтқарылды, оның ішінде 64-і кәмелетке толмағандар.  

Өткен жылы 266 адам құтқарылды, оның ішінде 88 кәмелетке толмағандар болды. 2021 жылы 277 адам суға кетті, оның 93-і кәмелетке толмағандар. Құтқарылғандар саны 2021 жылмен салыстырғанда 4% - ға азайды, балалар 66% - ға өсті.

El.kz: Елімізде рұқсат етілген қанша шомылу аймағы бар?

Қуаныш Темірбеков: ЖАО қаулыларымен су объектілерінде жаппай демалуға, туризмге және спортқа рұқсат етілген 581 орын бекітілді, оның ішінде 150 коммуналдық және 315 жеке жағажай, 53 иесіне бекітілмеген, 63 спорттық және туристік мақсаттар үшін орындар. 2023 жылғы шомылу маусымы басталғанға дейін қосымша 105 шомылуға рұқсат етілген орын құру жоспарлануда, оның ішінде 10 коммуналдық және 95 жеке жағажай. Барлығы қолданыстағы 581 жағажайды ескере отырып, жүзуге арналған ресми орындардың санын 686 бірлікке дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұл өткен жылғы көрсеткіштерден 29% - ға және ағымдағы жылғы 1 мамырдағы көрсеткіштерден 18% - ға артық.

El.kz: Рұқсат етілмеген жерде суға түскендерге қандай жаза қолданылады?

Қуаныш Темірбеков: Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 412 бабы. Қылмыстық жаза қолданылатын іс-әрекет белгілері болмаған кезде су айдындарында қауiпсiздiк қағидаларының сақталуына жауапты тұлғаның оларды бұзуы немесе орындамауы жеке тұлғаларға жеті, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне алпыс айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

El.kz: Балалардың арасында суға батып кету жиі болып тұра ма?

Қуаныш Темірбеков: 2023 жылдың 5 айында еліміздің су айдындарында 681 бала суға батып кетті. 2017 жылы 131 бала, 2018 жылы. 104 бала, 2019 ж. 122 бала, 2020 жылы 113 бала, 2021 жылы 131 бала, 2022 жылы 77 бала, 2023 жылы 3 бала батып кетті.

Суға батқандардың ең көп саны 13-тен 17 жасқа дейінгі жас көрсеткішінде тіркелгенін атап өткен жөн. Балалардың өлімінің негізгі себептері не жүзе алмау, не ата-аналарының қараусыз қалуынан болады.

El.kz: Қауіпсіздік ережелерін сақтамаған қанша адам жазаланды?

Қуаныш Темірбеков: 2022 жылы ТЖМ, ІІМ, ЖАО және еріктілермен бірлесіп 68 180 рейд және патрульдеу жүргізілді. 16 562 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша «Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау» бойынша 37 адамға айыппұл салынды. Айыппұл сомасы – 434 993 теңге.

2023 жылы азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері 422 625 теңге сомасына 21 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл негізінен тыйым салынған жерлерде шомылу бойынша.

El.kz: Суға кетудің алдын алу мақсатында қандай шаралар жүзеге асып жатыр?

Қуаныш Темірбеков: Теледидарда 800-ге жуық сюжет, радиода 4 400-ден астам баяндама көрсетілді, газеттерде 1 362 мақала және әлеуметтік желілерде 3 700-ден астам пост жарияланды. Мессенджерлер мен өзге де платформалар арқылы 130-дан астам тікелей трансляция жүзеге асырылды. Өткізілген іс-шаралармен 2.5 миллионға жуық адам, оның ішінде 430 мыңнан астам бала қамтылды. 2023 жылдың басынан бастап ел бойынша жүзу дағдыларына 7 425 бала оқытылды. 2022 жылы 63 435 бала, 2021 жылы 32 085 бала оқытылды. 261 422 оқушыны қамтитын 878 интерактивті сабақ өткізілді. 30 801 баланы қамтитын 803 ашық сабақ ұйымдастырылды. 20 420 оқушыны қамти отырып, құтқару дағдыларын оқыту және суға батқандарға алғашқы көмек көрсету бойынша 332 практикалық сабақтар жүзеге асырылды. 1 667 сынып сағатына қатысып, 59 757 ата-анаға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Үгіт материалдары 2 297 ата-аналық чатта 131 014 қатысушы таратылды. 2030 жылға дейін білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің құқықтық мәдениетінің негізін қалыптастыру бойынша жүйелі және өзара байланысты жұмыстарды дамытуға және жүргізуге бағытталған шараларды іске асыру мақсатында еліміздің оқу орындарында құқықтық насихат жүргізілді. ҚР ӘҚБтК баптарын түсіндіру бойынша 38 721 білім алушыны қамтумен 495 сабақ ұйымдастырылды. Профилактикалық бейнероликтер еліміздің 114 кинотеатрында көрсетіледі.

Тұрғындармен 1 886 аула жиыны, оған 123 304 тұрғын қатысты.

Елдімекендердің ең көп жүретін учаскелерінде 19 513 адам қамтылған 319 «Қауіпсіз жаз» акциясы ұйымдастырылды. Өңірлердің волонтерлерімен және жастар-ресурстық орталықтарымен бірлесіп, 68 флеш-моб іске асырылып, өтіп бара жатқандар арасынан 12 188 көрермен жиналды.

Тыйым салынған жерлерде адамдардың қаза болу қаупін азайту мақсатында 29 мыңнан астам рейдтер мен патрульдер жүргізілді, азаматтардың судағы қауіпсіздік ережелерінің талаптарын бұзуының жолын бермеу бойынша, рейдтік іс-шаралар барысында жалпы сомасы 2 785 665 теңгеге 183 адам әкімшілік жазаға тартылды.

2023 жылы шомылу маусымы кезінде еліміздің су айдындарында адам өлімінің алдын алу мақсатында мынадай тәсілдерін қолдану жоспарлануда:

- үгіт өнімдерін тарату үшін жолаушылар тасымалының барлық түрлерін оның ішінде авто, темір жол, авиа пайдалану;

- әуежайлардың, вокзалдардың, кинотеатрлардың және адамдар жаппай болатын басқа да ұйымдардың LED-экрандары арқылы әзірленген профилактикалық бейнематериалдарды трансляциялау;

- ел кинотеатрларында анимациялық және көркем фильмдерді көрсетпес бұрын тақырыптық бейнероликтерді көруді ұйымдастыру.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: