Өткен жылы 67 пайыз түлек тұрақты жұмысқа орналасқан

25 Қаңтар 2023, 12:36 929

ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ баспасөз конференциясында жоғары оқу орындарының 2022 жылға арналған білім беру бағдарламаларының рейтингі анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі кезекті жоғары оқу орындарының 2022 жылғы рейтінгісінің қорытындысын шығарды.

Зерттеуді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізді. Бұл туралы отырыста ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова айтты.

Білім беру бағдарламалары 19 критерий бойынша бағаланды. Рейтинг әдістемесі жоғары оқу орындарымен, қоғамдық қызмет сарапшыларымен ашық талқыланудың нәтижесінде қабылданды. Тиісінше, рейтинг әдіснамасы үнемі жетілдіріліп отырады. Министрлік пен Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы әдіснамаға енгізілген барлық өзгерістерге жоғары оқу орындарының басшылықтарын тарта отырып ашық талқылаулар өткізді, - деді Гүлзат Ісбасарқызы.

Рейтинг 3 негізгі блокқа біріктірілген. Олар: «Түлектердің мансаптық перспективалары», «Білім беру бағдарламаларының сапасы», «Білім алушылардың жетістіктері». Баспасөз конференциясында төраға Гүлзат Көбенова 2022 жылдың қорытындысына тоқтала кетті.

Жұмыс берушілердің қанағаттануы – 67 пайызды құрайды. Жұмыс берушілер тарапынан қанағаттанудың өсуі байқалады. Оның 3 жылдағы динамика өсімі – 15 пайызды құрады. Білім беру бағдарламаларының 82 пайызы жұмыс берушілермен келісілген және практикалық тәжірибесі бар мамандар оқу процесіне тартылды, - деді ол.

Гүлзат Көбенованың сөзінше, 2022 жылы түлектердің 67 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған. Түлектердің жұмысқа орналасуының орташа пайызы 79-ды құрады. Жұмыс іздеудің орташа ұзақтығы 97 күн болды.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: