Өткен жылы 65 газ баллон жарылысы болған

11 Қаңтар 2023, 11:12 1426

Заңға сәйкес тұрмыстық газ баллондарын арнайы газ құю станцияларында толтыруға болмайды

Бұл мәселе Парламент Мәжілісінің отырысында көтерілді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мәжілісмен Жұлдыз Сүлейменова тұрмыстық газ баллондарын пайдалануда қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан адам өміріне қауіп төндіріп, кей жағдайда өлімге әкеп соғып жатқанын айтты.

«Осындай оқыс оқиғаны болдырмас үшін заң жобасында арнайы жабдықталмаған әдеттегі газ құю бекеттерінде тұрмыстық газ баллондарын толтыруға тыйым салу туралы ұсынылып отыр», – деді ол.

Бұл норма шалғайдағы аудан тұрғындарының көгілдір отынға қол жеткізуін шектемес үшін ендігі кезекте азаматтар тұрмыстық баллондарға газды қайдан толтырады деп энергетика министрлігінің өкіліне сұрақ қойды. Энергетика министрлігінің өкілі аталған сұраққа газ және газбен жабдықтау заңының 28 бабының 5 тармағына сәйкес, тұрмыстық газ баллондарын арнайы газ құю станцияларында толтыруға болмайтынын айтты.

«Оларды құю тек арнайы газ бекеттерінде ғана жүргізіледі. Біріншіден, техникалық тұрғыдан қарағанда оған арнайы тексеріс жұмыстары жүргізіледі. Екіншіден, ол рәсімделеді. Яғни ол балллонның сапасына кепілдік береді. Үшіншіден, арнайы тауар белгісі оны есепке алу үшін жүргізіледі», - деді ол.

2022 жылғы мәлімет бойынша газ баллондарының себептерінен 65 жарылысы болғаны анықталды. Сол себепті мұны реттеу үшін газ толтыру бекеттерінде жұмыс жасалып жатқаны айтылды. Қазіргі таңда заң шеңберінде автогаз құю станцияларында тұрмыстық газ баллондарына газ құюға тыйым салу мәселесі нақтылануда.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: