«Өте сәтсіз өнер көрсетті». Министр бокс федерациясының президентіне тапсырма берді

28 Наурыз, 18:14 761

Туризм және спорт министр Ермек Маржықпаев Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліппен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен бокстан әлемдік лицензиялық турнирден кейін Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліппен кездесіп, аталған жарыстың қорытындысын, алда өтетін бәсекелерді, өңірлерде бокс спортын дамытудың жаңа бағыттарын талқыладық. Өздеріңіз білесіздер, Италиядағы турнирде бокстан ерлер құрамасы тәуір нәтиже көрсетіп, 5 салмақ дәрежесі бойынша Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Тек бір ғана салмақта лицензия бұйырмады. Ал қыздар құрамасы өте сәтсіз өнер көрсетті, - деп жазды министр.

Ермек Маржықпаев қыздарға функционалдық және физикалық дайындық жетіспегенін атап өтті.

Бұл турнирде біздің қыздарға функционалдық және физикалық дайындық жетіспейтіні анық байқалды. Тағы бір мәселе – қосалқы құрамның аздығы. Лайықты ізбасарлар жоқ. Сондықтан бокс федерациясының президенті үлкен сараптама жүргізіп, қателіктермен жұмыс істеуі қажет. Таиландтағы турнирге баратын боксшыларды іріктеу қатаң түрде өтеді. Сондай-ақ кездесу барысында Шахмұрат Мүтәліпке ұлттық құрамаға сапалы ізбасарларды жеткізу, өңірлерде бокс спортын дамытуды тапсырдым. Былтырғы Спартакиада жарысы қай облыстарда бокс спорты төмен деңгейде екенін көрсетіп берді. Нақты өңірлер бойынша жұмыс істеу керек, - деп жазды министр.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: