Отбасындағы қыз тәрбиесі (I бөлім)

10 Қараша 2021, 16:18 52201

Бойжеткендерге пайдалы ақпараттар

 

Қазақ халқы отбасындағы қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. Сондықтан оларды бала кезінен еңбекқор, білімді, әдепті, сезімтал, саналы етіп тәрбиелеген. Кейін қыз бала бойжетіп, отау иесі болғанннан кейін өзі сүйіп қосылған жарын, ата-енесін, қайын-қайнағасын сыйлай білу қажеттігі туады. Ал жас отау иесіне үй ұстау, ас пісіру, кісі сыйлап, қонақ күту әрі бақыт әрі оңай мәселе емес. Бүгінгі материалымызда Жамал Байжанованың «Қызым, саған айтам...» еңбегін негізге ала отырып, осы тақырыптар төңірегінде айтатын боламыз.

 

Азаттық бесігінде тербеліп өскен қыздарымыз ғылым мен өнердің ең биік шыңына көтеріліп, шаруашылықтың қай саласында болса да еңбегімен ер атанып жүр. Тіпті, тұңғыш рет космосқа ұшып, бүкіл әлемді таң қалдырған да сол қыздарымыздың бірі Валентина Терешкова болды. Кешегі Ұлы Отан соғысында талай қыздарымыз қолына қару алып, ерлермен бірге жауға қарсы аттанды. Солардың ішінде қазақтың екі бірдей шолпан жұлдызы — Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова неміс фашистерімен ерлерше айқасып, бүкіл шығыста Совет Одағының батыры атағына тұңғыш ие болды. Сондай-ақ тың далада дән дариясын тасытып, миллиард пүттап алтын астық өндіруге сүбелі үлес қосты. Солардың ішінде Қәмшат Дөненбаева сияқты өрелі еңбегімен көзге түсіп, Социалистік Еңбек Ері атанған білікті механизаторымыз да бар. Әрине, бізде Кәмшат жалғыз емес, оның соңынан ілесіп, болат тұлпардың тізгінін ұстаған қыздарымыз толып жатыр.

 

Өндірісте озат еңбек иесі болумен қатар, семья тəрбиесінде де әйелдің алатын орны өзгеше. Заманымызға сай білім алып, белгілі бір мамандықтың иесі болған бойжеткен өзінің өсіп-өнген ұясынан ұшып, басқа ұяға қонады, яғни ол өзінің қалаған жігітіне қосылып, жаңа семьяға мүше болады. Өзі сүйіп қосылған жардың ата-анасы, іні, қарындасы бар. Осы жаңа ортада тіл табысып, орныға қалу, яғни сол семья мүшелерінің, әсіресе үлкен кісілердің бабын таба қою оңай жұмыс емес екені баршамызға мәлім. Мұндай қиыншылықты жеңу өнегелі тәрбие көрген, білімді де ақылды, төзімді жастың ғана қолынан келеді.Әйелдің адамгершілігі ең алдымен өз семьясын дұрыс тәрбиелеуі, үй тіршілігіне бейімділігімен бағаланады.

 

«Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» деген сөзді қыз күнінде шешесіне арқа сүйеп, үй тіршілігімен ісі болмай, өз бойын күтумен ғана сылаңдап жүрген бойжеткеннің күйеуге шыққаннан кейін сары ала етек салақ қатын болып шыға келгеніне күйінген біреу айтса керек. Сол сияқты, кейбір қыздар күйеуге шыққаннан кейін ойындағы бар мақсаты орындалғандай болып, өз басын күтуді де ұмытады. Жігітпен ең алғаш танысып, кино-театрға барып жүрген кезде әдемі киініп, таранып-сыланып шығатын қыз, келіншек болғаннан кейін сол жігітінің алдында шашы дудырап, кір-қожалақ болып жүруді ерсі көрмейді. Ол мүмкін, «бұл енді өз жолдасым ғой, қалай жүрсем де мені сынамас» деп ойлайтын шығар. Бәлкім, жігіт оны сынамас та, бірақ көріксіз көрініс, божыраған болбырлық оның алғашқы кездегі ыстық махаббатына салқынын тигізіп, көңілін суытуы, тіпті бара-бара жас семьяның шырқын бұзуы да ықтимал. Сондықтан, сүйген жарыңның алдында әдептілік сақтап, махаббат отын өшіріп алмауға тырысқан дұрыс дер едім. Ал өз басын ұқыпты ұстай білмейтін, сүйген жарының өзіне деген жарқын сезімін шаң-тозаңның астында қалдырған салдыр-салақ әйелдерден қоғамдық орындарда да берекелі жұмыс күтуге болмайды. Екінші сөзбен айтқанда: үйде берекесіз адам, түзде де берекесіз болады.

 

Әрине, бұл сияқты шаруаға бейімсіз, «сырты жылтыраған» әйелдер бізде қазір сирек кездеседі. Біздің социалистік Отанымызда туып, коммунистік тәрбие алған қыздарымыз оқуда да, еңбекте де, ғылым мен өнерде де ерлермен тең праволы азаматтар. Олар өздерінің сол правосын толық пайдаланып, Отан алдындағы борышын ойдағыдай орындаумен қатар, семьядағы көп салалы міндетін де қалтқысыз атқарып келеді. Бірақ та, әйелдің үйдегі бейнетіне немқұрайды қарап, оған көмектесуді бойына ар санау ерлер арасында әлі де жиі кездеседі десек артық болмаса керек. Үйленер алдында небір асыл сөздер айтып, «өлгенімше кұлың болайын» деп уәде берген кейбір жылмаң жігіттің үйлену тойынан кейін кеудесін керіп, өркөкірек қожа бола қалатыны да бар. Ондай жігіттер әйелді үй күйбеңі үшін жаратылған жан деп ойлайды. Әйелі үй шаруасында бір нәрсеге көмектесе қойшы десе: «Мен қатын емеспін, ол сенің жұмысың!» дейді.

 

Ал кейбір жігіттер өзімен қатар жұмыстан келген келіншегі есіктен кіре сала үй шаруасына кірісіп: от жағып, тамақ пісіріп, бір жағынан жас баласын шомылдырып, оның жаялықтарын жуып жанталасып жүргенде, шалқасынан түсіп, диванда газет оқып жатады. Тым болмаса жылап жатқан бөбегін жұбатумен де ісі болмайды.

 

Әрине, қазіргі жастар бұл сияқты масылдар мен өркөкірек өрескелдерден өнеге алмауға тиіс. Сүйіп қосылған жастар бірін-бірі қадірлеп, бір-біріне сүйеніш болған жағдайда ғана тату-тәтті семья құрып, өмірлік жолдас бола алады. Бізде жастардың шын мәнісінде бақытты семья кұрып, ынтымақпен өмір сүруіне қажетті жағдайдың бәрі де бар. Тек сол жас жұбайлар өзара сыйласып, барлық істе де ынтымақты болса, бір-бірінің мінез-құлқын түсінісе білсе болғаны.

 

Баланы әр нәрсеге еліктеп, әсіреқызыл болудан сақтандыру үшін оның ақыл-ойының осындай аумалы-төкпелі кезеңінде анасы дұрыс ақыл беріп, жақсы жолға салуға тиіс. Екінші сөзбен айтқанда, өмірден тәжірибесі мол ақылды ана қызына эстетикалық тәрбие беріп, оның талап-талғамын жетілдіруге, ақты - қараны ажырата білуіне көмектесуге тиіс. Қыз баланың бой күтімі, алдымен, тазалықтан, яғни өзінің бой-басын және киім-кешегін кірсіз де ұқыпты ұстаудан басталады. Екіншіден, шаш күтімі, бет күтімі, тіс күтімі сияқты, баланың денi таза да ажарлы болып өсуіне қажетті жағдайларды дұрыс пайдалана білген жөн. Мұның біріншісіне түсінік берудің қажеті болмас, ал екіншісіне тоқтала кетуге тура келеді.

 

Бетті күту тәсілі

 

Адамның жасына, денсаулық жағдайына, сыртқы ортаның әсеріне байланысты, беттің өні де әрқилы болады. Сондықтан бетті күту тәсілі де түрліше болып келеді. Дегенмен, беттің өңін күтудің негізінен үш түрлі тәсілі бар. Олар — беттің өңін тазарту, қорғау және қоректендіру делінеді. Ал беттің өңінің майлы-майсызына қарай, оны — қалыпты, құрғақ және майлы деп, үш түрге бөлеміз.

 

Беттің өңі қалыпты жағдайда болса, оған айрықша күтімнің қажеті жоқ. Таңертең ұйқыдан тұрғаннан кейін жуыну тек тазалық үшін ғана емес, адамның денесіне қуат беріп, бойын сергіту, жұмыс қабілетін арттыру үшін де қажет. Салқын сумен жуыну беттің өңін әлдендіріп, төзімділігін арттырады. Ал ыстық сумен жуыну беттің өңін мұқият тазартып, терінің майын кетіреді. Бірақ та, бетті үнемі ыстық сумен жуа берсе, оның қан тамырлары кеңейіп, өңі солғын тартып, терісі босаңсып қалуы мүмкін. Сондықтан бөлме температурасындағы қоңыр салқын сумен жуынған дұрыс. Бет жууға «Детское», «Лесное», «Қосметическое» сияқты жұмсақ сабындарды пайдаланған жақсы. Жуынғаннан кейін бетті мұқият сүртіп, «Снежкина», «Идеал», «Улыбка» сияқты беттің, өңің жұмсартатын крем жағып қою керек.

 

Беттің өңі майлы болған жағдайда май безінің ағыс жолдары кеңейіп, аузы бітеліп қалады да, соның салдарынан бетте қара нүктелер — комедондар пайда болады. Беттің өңі майлы болса, оны әр күні жылы сумен сабындап жуу керек. Егер беттің өңі өте майлы болса, онда күніне екі рет сабындап жуған жөн. Мұндай майлы бетті әр күні «Утро», «Рассвет», «Роза», «Сувенир», «Старт» сияқты лосьондармен сүртіп тұру қажет. Бұл лосьондар беттің майы мен кірін кетіреді және теріде болатын қышқыл реакцияның сақталуына көмектеседі. Кейде адамның беті қызарып, қабыршықтанып түлейді, беттің терісі тырысып, тартып тұрғандай сезінесің. Мұндай жағдайда бетке «Экстэл», «Волшебный», «Улыбка», «Женьшеновый» сияқты майлы кремдер жағу керек.

 

Бұл кремдердің бірнешеуінің атын атап отырғанымыз — үнемі бір кремді жаға берсе, беттің өңі оған ыңғайланып алады да, бірер айдан кейін ол кремнің бетке пайдасы болмай қалады. Сондықтан оларды ай сайын алмастырып отырған дұрыс. Беттің өңі тым нашарлап, ажары бұзыла бастаса, оны косметика кабинетіне барып, тазарттыру керек.

 

Беттің өңі құрғақ болса, ол нәзік келеді де, күннің, желдің, суықтың, сабынның, судың әсеріне төзімсіз, өте тітіркенгіш болады. Мұндай жағдайда өңін жұмсарту үшін жасы 25-ке жетпеген қыздарға сұйық крем жақса болады. Егер бетті сабынмен жуғанда өңі қызарып, түлейтін, терісі тартып тұрғандай сезінетін болса, онда сабындап жуынуды тоқтатқан дұрыс. Егер беттің өңі судан да тітіркенетін болса, онда суды жұмсарту керек (1 л суға жарты стакан сүт немесе бір шымшым нан содасын салып, бетті сонымен жуады). Кейде бетті жумай-ақ «Молочко», «Утро», (өці құрғақ бетке арналған) «Бархатный» сияқты лосьондармен сүртіп қоюға болады. Жасы 30-дан асқан әйелдер бетіне майлы кремдер жағуга болады. Майлы кремді шылқыта жағып, 20-30 минут отырғаннан кейін оны дымқыл мақтамен сүртіп тастау керек. Өңі құрғақ бетке «Алоэ», «Аленушка», «Восторг», Бальзам», «Презы» сияқты майлы кремдер жаққан дұрыс.

 

Жазғы ыстықта өңді күнге күйдірмес үшін бетті көлегейлеп тұратын жиегі жалпақ шляпа киіп немесе ақ қиықша тартып, көзге қоңыр түсті көзілдірік кию керек. Далаға шығар алдында бетке «Крем от загара», «Щит», «Луч» сияқты күн сәулесінен қорғайтын кремдер жаққан дұрыс. Қыстың қатты суық күндерінде крем, яки вазелин жағуға болмайды. Мұндай күндерде қаздың тұздалмаған майын шыжғырып, дәке арқылы сүзіп алып, салқындағаннан кейін бетке соны жағу керек.

 

Ақ тісіңді кір шалмасын. Тістің бүтін де ылғалсыз болуының денсаулыққа пайдасы зор. Егер адамның тісі жоқ болса, ол тамақты дұрыс шайнай алмайды. Ал жақсы шайналмай жұтқан тамақ адамға сіңбейді де, оның аяғы әр түрлі асқазан, ішек-қарын ауруларына әкеліп соқтырады. Тамақты екі жақтағы азумен кезек шайнауға дағдыланған жақсы. Сондай-ақ жас балаларды сухарь, нанның қабығын, сәбіз сияқты қатты тағамдарды шайнап жеуге үйреткен пайдалы.

 

Адамның күрек тістерінің бір-екеуі жоқ болса, сөзі бұзылады. Сондай-ақ, тістің жоқтығы адамның бет пішініне де әсерін тигізеді. Тісті ауру-сырқауға шалдықтырмай аман сақтау үшін оны дұрыс күте білу керек. Әдетте, тамақ iшiп болысымен ауызды жылы сумен шайқаған дұрыс. Тісті әр күні жатарда немесе таңертең тіс жуатын порошок, яки пастамен жуып тазарту қажет. Семья мүшелерінің әр қайсысының тіс жуатын щеткасы бөлек болуға тиіс. Тіс щеткасы тым қатты болмағаны жөн. Жаңа щетканы пайдаланудан бұрын оны сабындап жуып, үстінен қайнаған су күю керек. Тіс жуғанда тістердің арасын жақсы тазарту үшін оны щеткамен ұзынынан (тістің қатарын бойлай) және көлденеңінен (тістің бойымен) ысқылап жуу қажет. Тісті жуған кезде қызыл иегін қанай беретін болса, тіс дәрігеріне көрініп, тиісті ем қабылдаған жөн. Тісті жуып болғаннан кейін тіс щеткасын мұқият шайып, стаканға салып қою керек. Тістің арасындағы тамақ қалдықтарын тіс шұқығышпен алып тастаңыз. Тісті түйреуішпен тағы басқа үшкір темірмен шұқуға болмайды.

 

Жас баланың да тісін таза ұстау керек. Жас баланың сүт тісіне де үлкен кісілердің тұрақты тісіне жасалғандай күтім қажет. Екі жасқа толған баланы тамақ ішкеннен кейін аузын шайқауға үйретіп, 3-4 жастан әрі қарай тіс щеткасын пайдалануға баулыған дұрыс. Бала алғашқы кезде тісін порошоксыз, әшейін щетканың өзімен ысқылап жуып үйренеді де, кейіннен порошокпен жуатын болады.

 

Әсіресе жасанды тістің күтіміне ерекше назар аудару керек. Өйткені, жасанды тістің астына тамақтың қалдығы жиналады. Егер жасанды тіс алмалы-салмалы болса, оны алып, тіс порошогымен ысқылап тазартуға болады. Ал ауыздан алынбайтын қаптамалы тістерге тұрып қалған тамақ қалдықтарының біразы ауызды сумен шайқағанда кетеді де, кейбіреулері тістің металл қабығының астыңғы жағына жабысып қалады. Мұндай жағдайда ауызды оқтын-оқтын сутектің асқын тотығымен (1 стакан суға 1 шай қасық құясыз) шайқап тұру керек. Алмалы-салмалы тісті түнде ауыздан алып, щеткамен ысқылап жуып қойыңыз. Жасанды тістердің қай-қайсысы да қызыл иекті ауыртып немесе басқа түрлі ыңғайсыздық білдірсе, дереу дәрігерге көріну керек.

 

Шаш - әйелдің көркі

 

Әдемі шаш өсіру де оңай емес. Ол үшін баланың шашын жасынан мәпелеген дұрыс. Жаңа туған баланың қарын шашын қайшымен қырқады. Ал бала 7-8 айлық немесе бір жасқа толған кезде шашын ұстарамен алу керек. Өйткені, баланың карын шашы өте жұмсақ та сирек болады. Оны ұстарамен алғаннан кейін баланың шашы қайраттылау да жиі болып шығады. Сондықтан, үнемі болмағанмен, ара-тұра ұстарамен алғызып тұру керек.

 

Қыз бала 5-6 жасында, яғни мектепке барар алдында шаш қояды. Олардың кейбіреулері 1-2 кластарда қысқа қып қырықтырып, кейбіреулері екі бұрым етіп өріп, лента байлап күреді. Ал жасы 10-нан асқаннан кейін қыз балалардың бәрі де ұзын шаш өсіруге талпынады. Баланың мұндай талабын анасы қуаттап, оған шашты жуу, өру, тарау әдістерін, сонымен қатар шашының бітіміне қарай оны күтіп баптауды да үйретуге тиіс. Жасынан жаксы күтіп, бабымен өсірген жағдайда ғана қыз балаға Абай айтқан «білектей бұрым» бітеді.

 

Шашты жақсы өсіру үшін, ең алдымен, оны жиі жуып-тарау керек, жиі жуылған шаш тез өседі. Шашты шым-шым ыстық сумен жуған жақсы. Егер пайдаланатын суларыныз ашы болса, онда жаңбырдың суымен немесе қайнаған сумен жуу керек. Ащы суға нан содасын салып (1 л суға 0,5 шай қасық сода), тұщытып алуға да болады. Шаш құрғақ болып, үзіле берген жағдайда оны тым жиі жумай, 10 шақты күнде бір рет жууға болады. Ал егер шаш майлы болса, оны 5-7 күнде бір жуып тұрған жөн. Шаш жууға шампунь немесе «Детское», «Спермацетовое», «Косметическое» сиякты жұмсақ сабындарды пайдаланған дұрыс. Шашты кір сабынмен жууға болмайтынын естен шығармаңыздар. Шашты жуып болғаннан кейін лимон шырыны немесе сірке суы қосылған (1 л суға 1 ас қасық) суға шайқасаңыз, ол жұмсарып, жалтырап тұратын болады. Шашы сары адамдар суға «Ромашка» тұнбасын қосып шайқаса, ол шашқа әдемі алтын сары рең береді. Егер шашыңыз өте майлы яки шайырлы болса, онда мүсәтір спирті қосылған суға (1 л суға 1 шай қасық есебінен) шайқап алған жақсы.

 

Егер шашыңыз құрғақ болса, оны қаймағы алынбаған сүттен ұйытылған қатықпен немесе қымызбен жуған жақсы. Олар шашты жұмсартып, жалтыраған рең береді. Алдымен шашыңызға қатықты немесе қымызды шылқыта жағып, орамалмен байлайсыз да, 5-10 минуттей отырасыз. Содан кейін оны ыстық сумен мұқият жуасыз. Ал құрғақ шашты «Ланалиновое», «Косметическое», «Спермацетовое» сияқты жұмсақ сабындармен де жууға болады. Шашты жуып болғаннан кейін жұмсақ сүлгімен сүртіп құрғату керек, ал басты жуғаннан кейін сүлгімен байлап жүру дұрыс емес. Өйткені сулы шашты сүлгімен орап байлап тастағаннан кейін шашқа да, бастың құйқасына да ауа бармай қалады.

 

Ұзын шашты алдымен ұш жағынан бастап тараған дұрыс. Әсіресе құрғақ шашты сақтықпен тарау керек. Өйткені, шаштың ұйысқанын жазып тараған кезде шаш үзіліп, жұлынып қалады. Шаш жұлынып, үзіліп рәсуа болмауы үшін тарағыңыздың тісі сирек болсын. Шашты арнаулы щеткамен тараған да жақсы. Щетка шашты үзбейді, бөгде қыл-қыбырдан тазартады және бастың құйқасындағы қан айналысын жақсартады. Басқа адамның тарағы яки щеткасын пайдалануға әдеттенбеңіз.

 

Ауыр да тар бас киім немесе үнемі парик киіп жүру бастың құйқасына салмақ түсіреді және шашқа ауа жібермейді де, соның салдарынан шаш көп түсетін болады. Күн сәулесінін, желдің, теңіз суының, шаң-тозаңның әсерінен шаштың реңі бұзылып, қуқыл тартады, қурап, үзілгіш болады. Суық, ауа температурасының шұғыл өзгеруі де шашқа жайсыз әсер етеді. Сондықтан, шаң-тозаңды жерде жұмыс істегенде, мәселен үй ішіндегі төсеніштерді далаға шығарып, қағып-сілку кезінде орамал тартып алған жақсы. Шашты қатты тартып, бұpay немесе тым қатты тартып тығыз өру де оның үзіліп, жұлынуына себепкер болады. Қысқасы, шаш деген нәзік нәрсе, оны жас баладай аялап өсіру керек.

 

Көзіңнің нұры таймасын. «Екі көзім — шырағым, екі аяғым – пырағым» дейді халқымыз. Аскан данышпандықпен айтылған сөз. Көз – адамның шырағы, шырағың сөнсе, қараңғы түнекте қаласың. Адамнын керексіз мүшесі болмайды, 12 мүшенің бәрі де сондай қажетті. Ал солардың ішіндегі ең қажеттісі – көз. Көзсіз өмірдің қызығы да жоқ. Сондықтан көздің нұрын тайдырмауға, көзді әр түрлі ауру-сырқаудан аман сақтауға тырысу керек.

 

Көздің нұрын тайдырмаудың, оны ауру-сырқаудан аман сақтаудың басты шарты - тазалық. Көзді кірлі қолмен сүрту, кір жастықты жастану, көпшілік пайдаланған кір сүлгімен бет сүртудің нәтижесінде адам коньюнктивит, басыр, тағы басқа түрлі көз ауруларына шалдығуы мүмкін. Кейде көз ауруы адам организміндегі басқа түрлі ауруларға да байланысты болады. Мәселен, мерез, туберкулез, сусамыр, рахит, гельминтоз сияқты аурулармен, грипп, сүзек тағы басқа жұқпалы аурулармен ауырғандар, жүрек ауруы барлар, сондай-ақ организмінде витаминдер жетіспейтін, үнемі арақ ішіп, шылым шегудің салдарынан организмі уланған адамдар әр түрлі көз ауруларына шалдығуы ықтимал. Көз ауруынан сақтану үшін денедегі басқа ауруды алдын ала емдеткен дұрыс.

 

Көзі ауырған немесе көзінің нұры тая бастағанын сезінген адам көз дәрігеріне көрінуі керек. Егер дәрігер көзілдірік киініз десе, оған ешқандай қарсылық жасамай, дәрігердің берген рецептісімен көзілдірік алып кию жөн. Егер дәрігердің айтқанына көнбей, көзілдірік алып кимесеңіз, көзіңіздің сырқаты күн санап, ұлғая түседі. Ал көзілдірікті дер кезінде алып, дәрігердің нұсқауына сәйкес пайдалана білсеңіз, оның көзге пайдасы көп. Ересек адамдар көзілдірік алып кигеннен кейін көздің көру қабілеті жақсара бастайды. Ал жас балаларда ол бірден сезіле қоймайды. Сондықтан, мектеп жасына дейінгі және бастауыш кластарда оқитын балаларды дәрігердің берген көзілдірігін тастамай киіп жүруге дағдыландыру керек.

 

Көзілдіріктің көзге дұрыс келуін тексерту үшін көзілдірік киетін баланы оқтын-оқтын көз дәрігеріне көрсетіп тұру қажет. Көзілдіріктің шынысы дұрыс болғанымен, кейде оның сүйегі тура келмей баланың шекесін кысып тұруы немесе ілер жері қысқа болып, құлағын ауыртуы мүмкін. Мұндай жағдайда дереу көзілдіріктің сүйегін өзгерту керек.

 

Үйде болсын, жұмыста жүргенде болсын көзге оқыс бір нәрсе тиюден, шаң-тозаң, шөп-шалам түсуден сақтану қажет. Балалардың ойнап жүріп көздерін жарақаттап алатын кездері көп болады. Олар көбінесе жақ атып, жасанды мылтық атып, бір-біріне тас лақтырып, немесе беттеріне құм шашып ойнайды. Баланың бір көзіне тас тисе, ол оның екінші көзіне де әсерін тигізбей қоймайды. Соның салдарынан бала екі көзінен де айрылып қалуы мүмкін. Ата-аналар мұндай ойынның көзге қауіпті екенін балаға түсіндіріп қойғаны жөн.

 

Көзге түскен бөгде затты дер кезінде алып тастау қажет. Ауылдық жерлерде егін арасында, қырман басында жұмыс істеп жүрген кісілердің көзіне сабан, топан түсуі мүмкін. Мұндай жұмысқа барғанда көзге шаң-тозаң түсірмейтін жиекті көзілдірік кию керек.

 

Жақын төңіректе дәрігер болмаған жағдайда көзге түскен қоқымды таза сумен шайып шығаруға ұмтылған мақұл. Көзді бірнеше қайтара сумен шайқаса, сол сумен бірге көзге түскен қоқым да шығып кетуі мүмкін. Көзге түскен нәрсені кірлі қолмен, орамалмен алып шығам деп әрекеттенудің қажеті жоқ. Өйткені, қолдан яки орамалдан көзге микроб түсіп, ауру жұғуы ықтимал.

  

 

Егер сымбатты болғың келсе...

 

Жастардың денсаулығы мықты, бой-тұлғасы сымбатты, ыстық-суыққа төзімді, жемісті еңбек етуге бейім болып өсуі олардың бала кезінен дұрыс тәрбиеленіп, жақсы шынығуына, ал есейе келе физкультура және спортпен жүйелі түрде шұғылдануына байланысты. Жасында мезгілімен дұрыс тамақтанып, мезгілімен ұйықтап, таза ауада көп серуендеп, гимнастикамен, сондай-ақ жүгіріп, секіріп ойнайтын ойындармен көбірек шұғылданған бала ширақ та шымыр болып өседі. «Баланың таза ауаға бір күн шықпай қалуының өзі оның денсаулығына нұқсан келтіреді», - дейді атақты балалар дәрігері академик Т.Н. Сперанский. Осы бір қысқа да мағыналы айтылған сөзден жеткіншекке таза ауада серуендеудің қаншалықты пайдалы екенін толық аңғаруға болады.

 

Жас баланы, әсіресе қыз баланы рахит ауруынан аман сақтауға күш салу қажет. Рахит деген баланың организмінде Д витаминінің жетіспеуінен болатын ауыр сырқат. Бұл витамин жетіспеген жағдайда организмде тұз алмасуы өзгеріске ұшырайды, денеге соншалықты қажетті кальций мен фосфорды сіңіре алмайды, баланың сүйегіне известь жеткілікті мөлшерде жиналмайды да, соның салдарынан сүйегі жұмсарып, майысып кетеді. Рахитпен ауырған баланың аяғы, жота омыртқасы, қабырғасы, жамбас сүйегі қисая өсуі мүмкін. Жамбас сүйектің кисаюы әсіресе қыз балаға қауіпті. Өйткені, қыз баланың болашақ ана екені баршамызға мәлім. Ал жамбас сүйектің қисаюы оның қуысын тарылтады да, келешекте бала тууына қиыншылык келтіреді.

 

Әрине, рахит болған балаға дәрігер кұрамында Д витамині бар дәрі жазып береді. Бірақ та, балада ондай аурудың зардабы қалмас үшін сол дәріні ішкізіп қою жеткіліксіз. Мұндай баланы ауа ваннасын қабылдау, гимнастика және массаж жасау, денесін сулы сүлгімен ысқылап сүрту, күн сайын таза ауада серуендету сияқты шынықтырудың толық комплексін жүргізу арқылы ғана еркін сауықтырып алуға болады.

 

Бұл сияқты жасында дұрыс тәрбиеленбеудің салдарынан болған кемістікті: рахит ауруының зардабын, бой-тұлғасының кем-кетігін әлі буыны қатпаған жас жеткіншектер физкультура және спортпен шұғылдану арқылы түзетіп алуына болады. Сондай-ақ, физкультура және спортпен жүйелі түрде шұғылдану арқылы дене мүсінін түзеп сымбатын сұлулап та, денсаулықты шыңдап, бет-ажарын жақсартуға да болады.

 

Жеткіншек адам 16-17 жасқа келген кезде оған өмірдің есігі айқара ашылғандай, ойына алған арманының бәрі мүлтіксіз орындалатындай сезініп, албырт қиял шартарапқа шалқиды. Ал оның келешекте қандай адам болары дәл осы кезде, яғни мінез-құлқы, максат – мүддесі, денсаулық дәрежесі қалыптасатын шағында айкындалуға тиіс. Тереңірек ойланып қарасак, адамның тағдыры өзінің денсаулығына байланысты. Адамның өміріндегі барлық жетістігінің: оқып білім алу, жұмыс істеу, семьяда бақытты болуының негізі денсаулықта. Ал денсаулықтың жақсы болуы дұрыс тамақтануға, парасатты тұрмыс құра білуге, организмді шынықтырып, шыңдауға байланысты.

 

Жас баланың көңілдегідей өсуі ата-анасының тәрбиесіне байланысты делік. Ал сендер, кәмелетке толып, 18 жасқа келгендер, естияр адамсыңдар. Өз организмдеріңді шынықтыруға, қажетті болған жағдайда денедегі кейбір кемістіктерді түзеп алуға мүмкіндіктерін бар. Жас организмнің анау-мынау олқылығын оп-оңай жетілдіріп алуға болады, тек соған ықыласын ауып, төзімін жетуі керек. Оны түзетуге арналған, іс жүзінде сыналған, ғылыми негізделген және әркімнің де пайдалануына болатын тиімді құрал бар, оның аты – физкультура. Қорытып айтқанда, бой-тұлғаң сымбатты, денсаулығың жақсы болуы үшін таңертеңгі гимнастикадан бастап спорттың өзін қалаған түрімен шұғылданумен аяқталатын жаттығуларды жүйелі түрде орындау қажет.

 

Адамның денсаулығы жаксы, жұмыс қабілетінің жоғары болуы, денедегі қан айналысын басқарып тұратын жүрекке байланысты дейтін болсак, физкультуралық жаттығу сол жүрекке қуат береді.

 

Жалпы, адамның табиғатына ауа мен су қандай қажет болса, дене қозғалысы да сондай қажет. Организмнің бұл сияқты табиғи мұқтажын өтеу үшін мейлінше көбірек қозғалып, көбірек жаяу жүрген жақсы. Сонда өкпеге ауа көбірек келіп, қанның құрамын оттекпен байытады, организмдегі зат алмасуын жақсартып, адамның күш-қуатын молайтады, Үйде де, жұмыс орнында да таза ауаның жеткілікті болуын қарастырған жөн. Терезені жиі ашып, үйдің ауасын жаңартып тұру қажет. Түнде терезенің желдеткішін ашып койып ұйықтаған жақсы. Әр күні кемінде бір жарым-екі сағаттай далада, таза ауада жүрген дұрыс.

 

Дені сау бойжеткенге тек таңертеңгі гимнастикамен ғана шұғылдану жеткіліксіз. Жалындаған жастық шақтың қызуымен алып ұшқан өр көніл кыстың аязды күндерінде шаңғымен таудан құлдилап құйылмай, жаздың жайлы кешінде туристер отының ащы түтінін жұтпай тынар ма. Жадыраған жазда жорыққа шығу, суда жүзу, қайыкпен серуендеу кандай ғажап әсерге бөлейді десеңізші.

 

Қыз балаға спорттың қандай түрімен шұғылдану керек дегенге бірден жауап беру қиын. Оның барлық түрі де жаксы. Адамның не нәрсеге бейімі барын, оның талап-талғамын, денсаулық жағдайын білмейінше, сен спорттың мына түрімен шұғылдан деп айту қиын. Спорттың түрін талдауда әркім өзінің күнделікті істейтін жұмысының жағдайымен санаскан жөн. Мысалы, жұмыста көбінесе түрегеліп тұратын немесе жүріп аяғы шаршайтын адамға суда жүзу, қайық есу, велосипед айдау пайдалы. Өйткені, бұлар аяқтың бұлшық етін нығайтады, жүрекке қанның баруын жақсартады. Бір орында отырып жұмыс істейтін адамға спорттың жеңіл атлетика немесе спорттық ойындар сияқты көбірек қимылдап жүретін түрі жақсы. Ал нерв жүйесіне ауыртпалық түсіретін жұмыстағы адамға қайықпен жүзу, шаңғы тебу, туристік жорыққа шығу пайдалы. Кең далада таза ауамен дем алып, табиғатты тамашалау адамның көңілін жадыратып, нерв жүйесіне тиімді әсер етеді.

 

Мектеп оқушыларына, студенттерге, ой еңбегімен шұғылданатын адамдарға, сондай-ақ күні бойы кітапқа қарап, жазу жазып немесе сызу сызып отыратын адамдардың бәріне де спорттық ойындармен айналысқан пайдалы.

 

Біздің еліміздің көптеген кәсіпорындарында өндірістік гимнастика деген бар. Онымен үнемі шұғылданып жүрген мыңдаған жұмысшылар мен қызметкерлер осы гимнастиканың еңбек өнімділігін арттыруға, адамның жұмыс уақытында көп шаршамай, сергек жүруіне септігі бар екенін айтып та жүр, көріп те жүр.

 

Мұнда жаттығу комплексі жұмыс жағдайының ерекшелігіне қарай таңдалып алынады. Мәселен, күні бойы аяғынан тік тұрып жұмыс істейтіндерге отырып жасайтын жаттығулар дұрыс. Бұл жаттығуларды радиодан гимнастика сабағы берілетін уақытта жасау міндет емес. Жұмысқа кірісер алдында аздап бой жазып алып, содан кейін түс кезінде адам шаршай бастағанда жасау керек. Жаттығу комплексін сол кәсіпорынның жұмыс жағдайының ерекшелігін жақсы білетін дәрігермен ақылдаса отырып таңдаған жөн. Жұмыста көп қимылдамай отыратындар гимнастиканың әр қилы түрімен, ауыр қара жұмыс істеп шаршайтындар жеңіл түрімен ғана шұғылдануға тиіс.

 

Жұмыс уақытында үнемі түрегеліп тұратын адамға жұмыска кірісер алдында біраз жаяу жүру қажет. Мүмкін болса түскі үзіліс кезінде де 10-15 минуттей таза ауаға шығып, жүріп келген жақсы. Ал үнемі орнында қозғалмай отырып жұмыс істейтін адамға күніне бірнеше рет таза ауаға шығып серуендеп қайткан дұрыс. Сонымен қатар отырғанда аяқты анда-санда ерсілі-қарсылы қимылдатып қою керек. Содан соң орындықта отырып мынадай жаттығу жасауға болады: екі қолыңмен мықыныңды таянып, алға еңкейесің де, шынтағың мен басынды артқа шалқайтып, дем аласың, қайтадан бұрынғы қалпына келіп, дем шығарасың. Осылайша 20 рет қайталау керек.

 

Күндізгі кеңседен кайтып, ас-суын ішкеннен кейін көптеген адамдар үйде отырып кешке қарай жұмыс істейді. Әрине, жазушылар, журналистер тағы басқа творчестволық еңбек иелеріне кешкілік жұмыс істеме деп айта алмаймыз. Дегенмен, стол басында түн жарымға дейін қағазға үңіліп отыра беруге де болмайды. Стол басында қозғалыссыз ұзак отыру адамның тынысын тарылтып, жүрекке ауыртпалық түсіреді, екі аяқтың қан тамырларында қанның жүрісі бөгеліп қалады. Сондықтан мұндай адамдар үнемі отыра бермей, анда-санда орнынан тұрып, терезе алдына барып, кеңінен тыныс алдыратын бірнеше жаттығулар жасауы керек. Ал төсекке жатар алдында далаға шығып біраз серуендеп кайткан дұрыс. Бұл адамның тез және қатты ұйықтауына себепкер болады. Жатарда терезенің желдеткішін ашып қойыңыз, мидың клеткаларына таза ауадан оттек келіп тұруы қажет.

 

Енді физкультураның іргетасы және әліппесі болып есептелетін күнделікті гимнастика туралы сөз қозғалық: «уакытым жетпей калды, еріндім, сырқаттанып қалдым» деген сияқты сөздермен сылтауратпай, күн сайын және бірнеше жыл бойы үнемі жасаған таңертеңгі гимнастиканың адамға қандай пайдалы болатынын газет-журналдардан, тағы баска әдебиеттерден окып та, естіп те жүрген шығарсыздар. Күнделікті гимнастика жасау әркімге де кажет екені даусыз. Адам жұмысты неғұрлым көп істесе, соғұрлым қатты шаршайды, сондай кезде оған гимнастика жасау да соншалықты қажет болады.

 

Таңертеңгі гимнастика деген орындауға жеңіл және организмге өте пайдалы. Ол көп уақытыңызды да алмайды, небары 10-ақ минут керек. Тіпті тәжірибелі шыныққан спортшылардың өзі де таңертең ерте тұрып, гимнастика жасаудан ешуақытта бас тартпайды. Таңертең гимнастика жасап, салқын сумен сүртіну организмді шынықтырады. Сонымен қатар, жылы төсекте бұйыға түспей, әр күні бір мезгілде тұрудың өзі де адамды ұқыптылыққа, тәртіптілікке дағдыландырады.

 

Ұйықтап жатқан кезде организмнің тіршілік қызметінің бәрі: тыныс алуы, қан айналысы баяулап, нерв жүйесі тежеліп қалады. Сондықтан, адам ұйқыдан оянысымен жұмысқа бірден кірісе алмайды, тек ұйқысы ашылғаннан кейін барып жұмыс қабілеті қалпына келеді. Ал таңертеңгі гимнастика адамның ұйқысын ашып, жұмыс қабілетінің тезірек қалпына келуіне себепкер болады. Ол адамның бойын сергітіп, күш-қуатын арттырады, аз да болса денсаулығына пайдалы әсерін тигізеді.

 

Гимнастикалық жаттығуларды, оның ауыр-жеңілін кезектестіре отырып, белгілі бір дәйектілікпен жасау қажет. Егер ұйқыдан тұра салып жүгірсең немесе секірсең, ол әлі күндізгі жұмыс режиміне түсе қоймаған жүрегіңе жағдайсыз әсер етуі мүмкін. Сондықтан, төсектен тұрған соң алдымен керіліп-созылып, терең тыныс алу қажет.

 

Әйелдерге құрсақ пен кеуде бұлшықетін ширықтыруға қажетті жаттығулар жасаудың маңызы зор. Сондықтан олардың күнделікті жаттығу комплексіне еңкею, бұрылу, жатып және отырып аяқтарын көтеру сияқты құрсақ етін ширықтыратын жаттығуларды енгізу қажет. Гимнастика жасауды қан айналысы және тыныс алу органдарын тыныштандыратын қозғалыстар жасаумен аяқтаған дұрыс.

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: