Елімізде былтыр мониторинг жүргізу және үйлерді күнделікті аралау барысында өз балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді атқармайтын 8 мың ата-ана анықталып, есепке қойылды. Оның ішінде 1057-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ренат Зулхаиров хабарлады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ренат Зулхаировтың айтуынша, 426 адам ата-ана құқығынан айырылған, 249 адам ата-ана құқығынан шектелген.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде қоғамда құқық бұзушылықтарға төзбеушілік қағидаты қалыптасты. Сонымен қатар кейбір полиция шаралары тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шеше алмайды. Отбасылық қақтығыстардың негізгі себебі – маскүнемдік, отбасылық қиындықтар және адамгершілік құндылықтардың төмендеуі. Осыған байланысты Үкімет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі саясатты қайта қарау жөніндегі Жол картасын іске асыруда, – деді ол.
Ренат Вазировичтің сөзінше, өңірлерде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау бойынша мобильді топтар құрылған.
Учаскелік инспекторлар 150 мың отбасына барды, мемлекеттің көмегіне мұқтаж 500-ден астам отбасы, өмірлік қиын жағдайға тап болған 1 мыңға жуық отбасы, сондай-ақ зорлық-зомбылық белгілері бар қолайсыз әлеуметтік ортадағы балалар анықталды. Оларға әлеуметтік көмек көрсету үшін мүдделі мемлекеттік органдарға ақпарат жіберілді, – деді ІІМ өкілі.
Сонымен қатар Ренат Зулхаиров тәулік бойы «111» және «150» жедел желісінің телефондары жұмыс істейтінін, онда әркім кеңес немесе қолдау ала алатынын атап өтті.