Отбасы – қазақ қоғамындағы ең қастерлі құндылықтардың бірі. Дәстүр мен заманауи ағымның тоғысында бұл ұғымның мән-мағынасы өзгермей сақталуы – бүгінгі күннің маңызды мәселесі. Отбасы күні қарсаңында біз Америкада білімін жалғастырып жүрген коммуникация саласының ғалымы Назира Байырбекпен әңгімелесіп, отбасы институтының қазіргі жай-күйі, дәстүрлі құндылықтарды сақтау жолдары және батыстық мәдениеттің ықпалы туралы ой өрбіттік.
El.kz: Назира ханым, сізді көпшілік ізденімпаз журналист әрі білім қуып Америкаға кеткен жан ретінде біледі. Осы орайда өзіңіз туралы, отбасыңыз бен балаларыңыз жайлы толығырақ айтып өтсеңіз.
Назира Байырбек: 2019 жылы Америкаға оқуға кеткенімде, бұрынғы әріптестерім мен журналистер «бес баласымен бірге оқуға аттанды» деп сүйіншілеп жазды. Тіпті «Болашақта оқып жүр, бес баланың анасы» деген үлкен мақала жазып, талантты қаламгер, ғалым Бекжігіт Сердәлі ағамыз маған қолдау көрсетті.
Кейін рахметімді білдіру мақсатында мен де өзім секілді бірнеше баласы бар аналарға мотивация болсын деген оймен әлеуметтік желіде арнайы контент жүргіздім. Негізгі мақсатым – аналардың қабілеті мен үлкен армандарын тек қана үй жинау, ас пісіру, кір жуу, қонақ күту сияқты күнделікті тұрмыстық талаптарға құрбан етпей, биікке ұмтылуына жігер беру еді.
Алайда бір шындықты айтуым керек: бес баланы өмірге әкелгеннен кейін «салпы етек әйел» болып қалып қоймай, Америкаға оқуға баруыма тікелей себепкер болған – жазушы әрі киносценарист жұбайым Мұрат Алмасбекұлы. «Шетелге шығып, оқып келейік, ел-жер көрейік» деп бірнеше жыл бойы маған қолдау білдіріп, ынталандырған азаматым еді. Аллаға шүкір, қазір мені оқытып, жолға салған соң, өзі де Америкада білімін жалғастырып жатыр.
Айтпақшы, мен туралы «бес баласымен бірге оқып жүр» деп мақтап жазып жүргенде, кейіннен төрт-бес баласымен шетелге білім алуға барған бірнеше қазақ қызын да көрдім. Нью-Йорк пен Лос-Анджелес сияқты ірі бизнес қалаларда мұндай жағдай таңсықтау көрінгенімен, Американың орталық штаттарында бұл үйреншікті нәрсе екен. Тіпті Юта штатындағы топтасымда алты баласы бар екі америкалық әйел магистратура мен докторантурада оқып жүрді. Сондықтан мұнда таңғалатын ештеңе жоқ екенін түсіндім.
El.kz: Қазақ қоғамында отбасы әрқашан қасиетті саналған. Бүгінде осы құндылықты сақтап қалу үшін қандай кедергілерді еңсеру керек деп ойлайсыз?
Назира Байырбек: Қазіргі кезде тек отбасы құндылықтарына ғана емес, жалпы адамзаттық құндылықтарға да нұқсан келтіретін қозғалыстар белең алып отыр. Оны көбінесе «адам құқығы», «демократия» деп ақтап алады. Бірақ шектен шыққан еркіндік қауіпті екені Батыстың өзінде де жиі айтылады.
Біз көп жағдайда мұндай ағымдарды Батыстан келген деп қабылдаймыз. Иә, батыс мәдениетінің ықпалы бар, бірақ ол жақтың өзінде де дәстүрлі жолды ұстанғысы келетін адамдар аз емес. Мәселен, ер адам – ер болып, әйел – әйел болып қалуы керек деген көзқарас, әйел нәзіктігін сақтап, ер азамат үлкен жауапкершілікті мойнына алуы қажет деген ұстаным бар. Бала тәрбиесінде де «баланың құқығы» дегенді сылтау қылып, шектен тыс еркіндікке жібермей, керісінше тәртіп пен талапқа үйрету керек деген ойды жақтайтын америкалықтар да жетерлік.
Алайда біз көбіне батыс елдері туралы бұқаралық мәдениет қалыптастырған бейнені ғана көреміз. Яғни поп-мәдениет, кино, жарнама арқылы адамгершілікке қайшы құндылықтарды таратып жатқандай әсер аламыз. Шын мәнінде, Батыстың өз ішінде, әсіресе орталық штаттарда, отбасы құндылығын дәстүрлі жолмен сақтап қалуға тырысатын, соны талап ететін адамдар бар.
Бірақ жаңа айтқанымдай, Батыстың өзінде отбасы құндылықтарын дәстүрлі жолмен сақтағысы келетін, соған ұмтылатын отбасылар аз емес. Әсіресе Нью-Йорк, Лос-Анджелес секілді ірі бизнес қалаларында демократтардың ықпалы күшті, сондықтан кейбір шектен шыққан іс-әрекеттер мен мінез-құлықтар ашық түрде, тіпті әдейі жарнамаланып жатады. Мысалы, біз тұрған Вашингтон қаласының жанындағы Мэриленд штатында мектептерде дәретханаларды ұл мен қызға бөлмей, ортақ пайдалану туралы заң жобасы қабылдана бастаған еді. Алайда кейін Дональд Трамп билікке келіп, бұл заңға тоқтау қойды. Сол сияқты, отбасы құндылықтарын жоғары қоятын қауымдастықтар мен штаттар да көп. Сондықтан Батысты тек медиа қалыптастырған бейнемен ғана бағалауға болмайды.
Жалпы, отбасы құндылықтарына ең үлкен соққы беріп отырған – медиа ықпалы. Әсіресе әлеуметтік желі пайда болғаннан бері бұл мәселе айқын байқалып отыр. Әлеуметтік желі әр отбасына, соның ішінде балалы отбасыларға ғана емес, тіпті баласыз отбасылардың да ішкі тыныштығына нұқсан келтіріп, көптеген жан күйзелісі мен психологиялық қиындықтарды алып келуде. Әлеуметтік ғылымдар зерттеулері көрсеткендей, әлеуметтік желінің ең үлкен зияндарының бірі – ондағы «фильтрленген» өмір. Яғни жарқыраған суреттер, зәулім үйлер, қымбат көліктер, бағалы сыйлықтар секілді материалдық құндылықтар дәріптелген контентті көрген адамдар өз өмірін салыстырып, еңсесін түсіріп алады. Содан психологиялық күйзелістерге ұшырайды.
Мысалы, әлеуметтік желіде көркемделіп, өңделген бет-бейнелерді көрген жасөспірімдер өзін сонымен салыстырып, тамақ ішпей қоюы, өзіне көңілі толмай, «неге мен сондай емеспін?» деп өзін жек көруі жиі кездеседі. Бұл олардың арасында күйзеліс пен комплекстердің көбеюіне әкеледі. Сондықтан әлеуметтік желінің ықпалынан көбірек қорғау керек, әсіресе балалар өсіп жатқан отбасыларды барынша сақтандыру аса маңызды.
Бүгінде поп-мәдениет пен бұқаралық мәдениет арқылы материалдық құндылықтар қатты дәріптеліп отыр. Бұл да отбасы құндылықтарына айтарлықтай нұқсан келтіреді. Өйткені адамда қанағаттанбаушылық пайда болып, жастар бәрін бірден алғысы келеді, оңай жетуді қалайды. Ал шын мәнінде жас отбасылардың жағдай жасап, дамуы үшін уақыт керек. Бірден бәрін талап ету – отбасының ынтымағы мен берекесін шайқалтып, құндылықтарына теріс ықпал етеді.
Тұңғыш балам дүниеге келгеннен бастап мені толғандырған ой – «ана қандай болуы керек, баланы қалай тәрбиелеу қажет» деген мәселе болды. Көптеген ата-ана мақтаулы, үлгілі бала өсіргісі келеді. «Мынаның баласы жақсы тәрбиеленген екен» деп өзгелердің таңдай қаққанын көріп, соған қуанып, мақтанғысы келеді. Менде де осындай көзқарас болған. Бірақ кейін түсіндім: ата-ананың мұндай мақтанға ұмтылысы балалардың «меніне», олардың өз армандарын таңдауына кедергі келтіруі мүмкін. Бұл жерде біз ойланып, шынайы құндылықтарды ажырата білуіміз қажет.
Мәселен, мен үшін балаларымның ел алдында жарқырап көрініп, мақтауға ие болғанынан гөрі олардың бақытты болғаны әлдеқайда маңызды. Балам тыныш өмір сүріп, отбасын құрып, өз ісін жасап, сол арқылы бақыт тапқысы келуі мүмкін. Ал әлеуметтік желіден, көпшіліктің назарынан алыс болғысы келсе, онымен де есептесу керек. Сондықтан ата-ана ретінде өз арман-тілегімізді балаларымыздың таңдауларымен шатастырмай, екі араны ажыратып алуымыз қажет деп ойлаймын.
Жалпы, балалар – пластилин емес. Ата-ана баланы дүниеге әкелген соң, оны өз қалауынша мүсіндеп, қалаған жолға салып, өз қалауына сай өзгертіп ала алмайды. Әр баланың бойында ген арқылы берілетін ерекшеліктер, тәрбие арқылы қалыптасатын қасиеттер, қоғамнан алатын ықпал бар. Бұдан бөлек, Алла тағала әр адамға жеке дара қабілет, қасиет, мінез береді. Сондықтан ата-ана осыны түсініп, әр баланы жеке тұлға ретінде қабылдай білуі керек.
Бір үйде бір бала болса да, бес бала болса да, олардың әрқайсысы – бөлек әлем. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, таланты, қабілеті бар. Сол ерекшелікті көріп, дамыта білу – ата-ананың ең басты миссиясы. Ал балаларды бір-бірімен немесе өзгенің баласымен салыстыру, біреуге ұқсауын талап ету – үлкен қиянат. Әр баланың өз жолы бар. Егер біз осыны дұрыс түсініп, қолдап, бағыттай білсек, ата-ана ретіндегі ең үлкен міндетімізді орындағанымыз.
El.kz: Көпбалалы ана әрі журналист ретінде сіздің ойыңызша, отбасының беріктігіне қандай рухани немесе адами негіздер қажет? Балаларыңызға бергіңіз келетін ең басты өмірлік сабақ қандай?
Назира Байырбек: Менің балаларыма бергім келетін ең басты сабақ – өмірде шынайы бақытқа жету үшін қажет ең негізгі ингредиенттің бірі – қанағат сезімі. Иә, адам баласының тойымсыздығы, өз-өзіне көңілі толмауы, бүгінгі күніне қанағаттанбауы, қол жеткізген деңгейі мен жетістігін жеткіліксіз санауы – табиғи қасиет. Бұл қасиет адамды үздіксіз ізденуге, дамуға, жаңа мақсаттарға ұмтылуға итермелейді. Мұндай ұмтылыс – өсіп-өркендеуге, биіктерді бағындыруға берілген үлкен күш. Бірақ соның өзінде қанағат сезімі жоғалмауы қажет.
Өмірде баланс сақтай білу өте маңызды. Егер адам үнемі жетпей тұрғанына ғана көңіл бөлсе, барына шүкір етпесе, онда ол өмірдің дәмін сезбей, шынайы бақытты түсінбей өтуі мүмкін. Сол себепті мен балаларыма ең әуелі қанағат сезімін үйреткім келеді. Қанағатшыл адам кез келген жағдайда өзін сенімді ұстай алады, барымен бақытты болуды үйренеді. Бұл – өмірдегі ең маңызды сабақтардың бірі деп санаймын.
Менің ана ретіндегі ең үлкен тілегім – балаларыма бақыт тек табыстан ғана емес, жақсылық жасаудан бұйырса екен. Бірақ ол жақсылық мақтан үшін, ішкі эгосын қанағаттандыру үшін емес, Алланың разылығы үшін жасалуы керек. Нағыз бақыт – ізгіліктен, адал қызметтен, басқаларға пайда тигізуден табылады. Балаларым да бақытын жақсылықтан тауып, сол жолда еңбек етсе, бұл мен үшін аналық арманымның орындалғаны болар еді.
El.kz: Шетелде жүрген кезде қазақы отбасылық дәстүрлерді сақтап қалу қаншалықты маңызды болды? Бұл жолда қандай тәжірибе жинадыңыз?
Назира Байырбек: Иә, біз 2019 жылдың желтоқсан айында Америкаға оқуға аттандық. Содан бері талай тәжірибеден өттік. Алғаш барған кезде балаларымыз ағылшын тілін тез меңгеріп кетсе екен деп тіледік. Бірақ уақыт өте келе, 1–2 жылдан соң қазақ тілін мүлде білмей кеткен балаларды көргенде жүрегіміз ауыратын. Сол сәттен бастап біз үшін ең үлкен мәселе – балаларымыздың қазақ тілін білуі мен оны сақтап қалуы болды.
Өйткені Қазақстанда жүргенде біз журналистика саласында қызмет атқардық. Өз басым балаларым қазақ тілін білмесе, ол мен үшін өліммен тең болды. Бұл – үлкен ұят, азаматтығыма сын, сан жылдар бойы жинап келген құндылықтарды шетелге барып, «білім аламыз» деген сылтаумен бір сәтте жойып, ұрпағыма жеткізе алмау деп қабылдадым. Сондықтан біз бұл мәселеге аса мән бердік.
Балалардың әкесі үйде барынша қазақ тілін сақтауға күш салды: оларға қазақша мультфильмдер көрсетіп, қазақ әндерін тыңдатты, домбыра тартқызды. Ең бастысы – үй ішінде тек қазақ тілінде сөйлесуді талап еттік. Соның арқасында, 6 жыл шетелде тұрғанымызға қарамастан, балаларымыздың қазақша сөйлей білуі жақсы сақталды.
Дегенмен, кішкентай екі баламыз Қазақстанда мектепке бармағандықтан, қазақша жазуды және оқуды толық меңгере алмады. Уақыт өте келе олардың күнделікті сөздерінің арасына ағылшын тілі араласа бастағанын байқадық. Бұл жағдай бізді ойландырып, «есімізді жиып», елге қайтуға итермеледі. Балаларымыздың менталитеті өзгеріп бара жатқанын сездік те, Қазақстанға оралуды жөн көрдік.
Елдің ортасында болайық, балаларымыз қазақ болып өссін, өз елінде, өз мәдениетінде қалыптассын деген шешім қабылдадық. Сол себепті, докторантурадағы оқуымды әлі толық аяқтамасам да, оны онлайн форматқа ауыстырып, елге қайттық.
El.kz: Әйел адамның қоғамдағы рөлі мен аналық миссиясы арасында қайшылықтар бар ма? Сіз оны қалай үйлестіресіз? Ал қоғамда көбінесе әкелердің жауапкершілігіне қатысты түрлі пікірлер айтылады. Сіздің ойыңызша, әкенің тәрбиедегі негізгі міндеті неде?
Назира Байырбек: Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде ең көп талқыланып, қызу пікірталас туындататын тақырыптардың бірі – әйелдер мәселесі. Бұл жайында детальмен айтсақ, тоқтамай әңгімелей беруге болады. Өз тәжірибеме сүйенсем, Нью-Йорк пен Пенсильвания штаттарында білім алған кезде тобымда әртүрлі елдерден келген азаматтар болды. Солардың бәріне қарап отырып, мен Қазақстан әйел құқығы, дамыған қоғам тұрғысында, әйелдердің өз арманына жетуі мәселесінде дұрыс бағытта келе жатыр деп ойладым.
Өйткені біздің ер азаматтарымыз бұрынғыдай немесе Африканың кейбір елдеріндегі секілді феодалдық, патриархаттық көзқарасты ұстанбайды. Керісінше, олардың талаптары да, көзқарастары да заманауи. Қазір елімізде әйелдер еркін білім алып жатыр, оларға ешкім кедергі келтірмейді. Бизнес ашып жүргендері де, түрлі салада еңбек етіп жүргендері де аз емес. Сондықтан әйелдерге қатысты қысым немесе теңсіздік мәселесі уақыт өте өз шешімін табуда. Бұрынғыдай емес, қазіргі қазақ қоғамындағы әйелдер өте еркін.
Ал әйелдің қызмет пен отбасын қатар алып жүруі – әр адамның өз таңдауы. Біреулер блогер ретінде мүлде ас үйге бармайтынын ашық айтады. Ал кейбіреулер бәріне үлгереді. Тағы бір бөлігі сыртта жұмыс істеп, түрлі күйзелістерге тап болғанда, үй шаруасына көбірек көңіл бөледі. Бұл – табиғи құбылыс. Ең бастысы, әлеуметтік келісім теориясы бойынша, отбасын құрғанда ерлі-зайыптылардың барлығын алдын ала келісіп алуы маңызды. Әркім өзінің орнын, жауапкершілігін нақты анықтап, ортақ келісімге келуі тиіс.
Коммуникация саласына қатысты зерттеулерге жүгінсек, қоғамдағы немесе отбасындағы әрбір өзгеріс – жаңа шешімдерді талап етеді. Мысалы, отбасындағы дамудың жаңа деңгейге көтерілуі, балалардың дүниеге келуі, тұрмыс жағдайының өзгеруі – мұның бәрі ерлі-зайыптылардан бейімделуді қажет етеді. Мұндай жағдайда олардың бір-біріне қоятын талаптары, жасайтын жағдайлары өзгеруі мүмкін. Бірақ мұның бәрі өзара ақылдасып, келісім арқылы шешіледі. Осы тұрғыдан біз дұрыс бағытта келе жатырмыз деп ойлаймын. Қазақ қоғамында әйел өсемін, дамимын десе ешқандай қиындық жоқ. Қоғамдық қолдау бар және әйелдің әлеуеті отбасы мен қоғамды дамыту үшін аса қажет екенін жұртшылық түсініп келеді.
Әрине, бір кезеңдері біз ер азаматтарды тым еркелетіп, бүкіл жауапкершілікті әйелдің мойнына артып қойған кездер болды. Зиялы қауымның арасында да қызметте жүріп, бала тәрбиесіне уақыт таппай, кейін соған өкінген тұлғалар көп. Өзім журналистикада жүргенде жүздеген сұхбат жүргіздім. Танымал адамдардан, өмірлік тәжірибесі мол тұлғалардан сұхбат ала жүріп, «баланы тәрбиелеу – әйелдің шаруасы болды, мен араласпадым» деп айтқан азаматтарды да көп кездестірдім. Бірақ олардың арасында сол үшін өкініште қалғандары да болды.
Сондықтан менің ойымша, бала тәрбиесі – тек әйелдің емес, әке мен шешенің ортақ міндеті. Ер азамат әйелмен қатар бала тәрбиесіне тікелей атсалысуы қажет. Бұл – отбасының берекесін сақтайтын ең басты факторлардың бірі.
El.kz: Отбасы күні біз тек жылылық пен махаббатты ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді де ойға аламыз. Қазақстандағы отбасы институтын нығайту үшін мемлекет қандай қадамдар жасауы тиіс деп ойлайсыз?
Назира Байырбек: Менің ойымша, қоғамдағы отбасы институтын нығайту үшін қазіргі таңда Отбасы күні жарияланғаны, республикалық «Мерейлі отбасы» сынды байқаулардың ұйымдастырылып жатқаны – өте құптарлық бастамалар. Мұның бәрі отбасының рөлін дәріптеп, қоғамдағы құндылығын арттыруға септігін тигізеді. Бірақ мұнымен шектеліп қалмай, ең бастысы – мемлекет тарапынан отбасыларға, әсіресе көпбалалы жанұяларға қолдау үзілмеуі тиіс.
Мысалы, жақында «Астанада есіктің алдына балалардың бесік арбасын қойғандарға айыппұл салынады» деген ақпаратты көріп қалдым. Сол сияқты көпбалалы отбасылар бұрынғыдай жәрдемақыны толық көлемде ала алмайды деген де әңгімелер тарап жүр. Мұндай қадамдардың антидемографиялық ықпалы бар деп ойлаймын. Біз, керісінше, мұндайдан аулақ болғанымыз жөн. Өйткені халқымыздың саны онсыз да аз, екіншіден, балалы отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау ауадай қажет.
Мысал ретінде Америкаға көз жүгіртсек, онда бала өсіру өте қымбат. Сол себепті көптеген отбасылар көп бала сүюден қорқады, тіпті әдейі тумауға тырысады. Бір ер адамның табысына қарап қалудан үрейленеді. Ол жақта бала туғаннан кейін екі аптадан соң жұмысқа шығу қалыпты жағдай саналады. Біздегідей бір жыл бойы жәрдемақы алу деген мүлде жоқ. Ал біз үшін мұндай әлеуметтік қолдаулар аса маңызды. Сондықтан мемлекет тарапынан беріліп отырған көмектерді сақтап қалу қажет. Әсіресе жаңа отбасы құрған, балалы болған жанұяларға баспана, әлеуметтік жағдай тұрғысынан мүмкіндігінше қолдау жасай беру керек. Сондай-ақ көпбалалы отбасылардың білім алуына жағдай жасалса екен деп ойлаймын.
Әрине, біз бәрін бастапқы қалпындағыдай сақтап қаламыз десек, ол да мүмкін. Бірақ ол үшін елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті өте мықты болуы керек. Дегенмен қазіргі жағдайда ғаламдану, мәдениеттердің жақындасуы, өркениеттік үдерістер өте жылдам қарқынмен дамып келеді. Мұндай қоғамда балаларды тек дәстүрлі көзқараспен, қатаң тыйымдармен, ескі наным-сенімдермен тәрбиелесек, олардың болашақта қоғамдағы өз орнын табуы қиынға соғуы мүмкін.
Сондықтан қоғам талабымен дәстүрді баланста ұстай білуіміз қажет. Оның үстіне қазақ дәстүрінің ішінде қазіргі заманға сай келмейтін, уақыт талабына сәйкес келмей қалған тұстар да бар. Сол себепті дәстүрді де жаңғыртып, модернизациядан өткізу қажет деп ойлаймын. Бізге бүгінгі күнге бейімделген, бірақ түпкі рухын сақтай алған жаңа дәстүр қалыптастыру керек. Тек осылай болғанда ғана отбасы құндылықтарын сақтап, оны заманауи қоғамда дұрыс деңгейге көтере аламыз.
El.kz: Бақытты отбасының өз формуласы бар ма? Егер бар десеңіз, ол қандай қарапайым қағидалардан тұрады?
Назира Байырбек: Бақытты отбасының негізгі тірегі - сүйіспеншілік, сенім, құрмет және сапалы уақыт деп ойлаймын. Сүйіспеншілікпен бас құраған ерлі зайыптылардың отбасында үй, мейлі ол үлкен сарай болсын, мейлі ол жатақхана болсын - жылы ұяға, бақыт ұясына айнала алады. Отбасы бақытты болуы үшін оны құраған әр адамның өз өзінің бағасын білуі және эгосы өз деңгейінде болуы маңызды. Ерлі зайыптылардың бірі төмен сезініп тұратын болса немесе керісінше өзін жоғары сезініп, сыңарын төмен көретін болса, олардың арасында гармония болмайды, сенім де болмайды. Негатив ойлар, негатив әңгіме, негатив көңіл күй жиі орын алады. Сондықтан ерлі зайыптылар өзінің және өз сыңарының да өз өзін бағалауына көңіл бөлгені абзал. Тағы бір маңызды нәрсе, бір-біріне құрметпен қарай алатын ерлі зайыптылар бір бірінің қалауына, таңдауына, эмоциялық күйіне, бір-бірінің жеке арман мен мақсаттарына да, тіпті бір бірінің уақытына құрметпен қарайды. Менің жұмысым маңызды, сен маған ғана жағдай жаса деп, сыңарынікін құнсыздандырмайды. Бірақ отбасының ортақ бақыты, отбасының экономикасы, әл ауқаты үшін қай іс, қай жұмыс маңызды, отбасының бүгінгі мәселедері үшін не маңызды, болашақтағы жақсы өмірі үшін не маңызды - осындай үлкен стратегиялық шешімдерді ерлі зайыптылар ақылдасып, келісіп отырып шешеуі керек. Отау құрғаннан бастап жастар өз отбасының алдында бүгін шешетін қандай мәселе бар, отьасының бақыты, берекесі үшін не істелуі керек, отбасының алдағы уақыттағы әл ауқаты, бақыты үшін қандай бағытта жұмыс жасауы керек, отбасы, оның мүшелері жақсы өмір сүру үшін кім қандай міндетті арқалап, қалай үлес қосуы керек - бүгінмен ғана өмір сүрмей, осылай терең әңгімелесіп, отбасының ортақ мақсаты мен мүддесін талқылап отыратын болса, басынан бастап олар өмірге жақсы бағдарлама жасай алғаны. Ондай кезде отбасында ерлі зайыптылар бір-бірінен жалықпайды. Тек әр адам өзінің жеке арманынан бөлек отбасының ортақ арманы мен мақсаты туралы да әңгімелесіп, соны құндылыққа айналдыра білуі керек. Демек, отбасында жеке шекара, жеке арман, “мен, мен” деген сөздерден гөрі “біз” деген нәрсе көбірек айтылуы қажет. Отбасын құрайтын да, оны ұстап тұратын да осы - “біз”.
El.kz: «Балаларымыздың болашағы үшін елге келдік» деген жазбаңызды оқыдым. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысына қалай қоныстанып жатырсыздар? Елге түбегейлі көшуіңізге қандай себептер әсер етті?
Назира Байырбек: Біздің түсінгеніміз, балалар алты жылда Америкадан аларын толық алып болды, үйренетінін толық үйреніп болды. Балалар бес-алты жыл шетелде тұрғанда олар қазақи тәрбиеден алыстап бара жатты. Күні бойы мектепте болады, мектептен алатын ақпараты, қоғамнан алатын ақпараты, мемекеттік орындарда алатын ақпараты, достарының ортасында алатыны “Америка қоғамының азаматын қалыптастыратын ақпараттар еді. Ал үйде кешкі шәйға ғана жиналамыз. Жалпы бала туғанда оның негізгі ақпарат көзі отбасы болса, ол өскен сайын негізгі ақпараты “сырттан” келеді де, отбасыдан алар ақпараты, балаға отбасының ықпалы азая береді ғой. Оның үстіне балалар сыртта, туған-тустан, елден алыс өсіп жатты. Уақыт өткен сайын менталитеттері өзгеріп бара жатты. Біз, әкесі екеуміздің ықпалымыз әлсірей бастады. Әрі қарай балаларды Америка қоғамының ықпалынан қорғау мүмкін болмай бара жатқанын түсіндік. Енді біраз жыл өтсе олар бізден рухани тұрғыда алыстай бастайтын еді. Баласы әкесінің тілін, ойын мүлде түсінбейтін отбасылар баршылық еді арамызда. Осындай нәрселер соңғы екі жылда алаңдата бастады. Ақыры кеш болмай тұрғанда елге оралайық деп шештік. Оқуды онлайн жалғастыруға болатынына қуандық.
El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!