Отандық журналистер әскери қақтығыс аймағында жұмыс істеуді үйреніп жатыр

16 Қазан, 02:33 372

Қорғаныс министрлігінің бастамасымен «Әскери дискурс» оқу-тәжірибелік семинары 10 жылдан астам уақыт өткізіліп келеді. Мұнда жыл сайын отандық жетекші телеарналардың, ақпараттық агенттіктер мен мерзімді басылым журналистері жиналады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, семинардың бірінші күні бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне журналистің қақтығыс аймағына дайындығы туралы дәріс оқылды. Қызмет бабымен бірнеше рет «шиеленіс нүктелерінде» болып қайтқан тәжірибелі нұсқаушылар тілшілерге қақтығыс аймағында жұмыс істеу үшін кетер алдында нені білу қажет, өздерімен бірге қандай құжаттар мен заттарды алып жүруге тиіс және өзге елде өзін қалай дұрыс ұстау керектігін түсіндірді.

Мен «Әскери дискурс» бағдарламасының негізін қалаушылардың бірімін. Біз бағдарламаны әзірлеген кезде ең бірінші ой журналистерді қауіпсіздік шараларына үйрету болды. Сабақ барысында алған білім болашақта біреуге көмектессе, онда біз көздеген мақсатымызға жете алдық, – деді нұсқаушылардың бірі.

Семинардың бірінші күнінде журналистер мен нұсқаушылардан бөлек Қорғаныс министрлігінің әскери медицина орталығының маманы 3-сыныпты сержант Юлия Березовская тактикалық медицина бойынша сабақ өткізді. Ол өз дәрісінде қан кету түрлерін тану және оларды тоқтату әдістерін, сынықтарды жіктеу және оларға алғашқы көмек көрсету және ес-түссіз жатқан адамға  алғашқы медициналық көмек көрсету тақырыптарын қамтыды. Мұнда журналистер тек сұрақ қойып қана қоймай, резеңке жгутты және бекіткіш таңғышты өз бетінше қолданып көрді.  

Семинар қатысушыларын алда практикалық сабақтарға толы екі күн күтіп тұр.

Перизат Саденова
Бөлісу: