Отандық жұлдыздар Республика күнін қалай атап өтеді?

25 Қазан 2023, 12:00 2208

Бүгін, 25 қазан – Республика күні! Бұл атаулы күн елімізде 2009 жылға дейін ғана тойланып келіп, тек өткен жылы ұлттық мереке ретінде қайтадан бекітілген болатын. Биыл халқымыз үшін мән-маңызы зор, ұлттық мерекеміз Республика күнін мереке жаңғыртылғалы бері екінші мәрте атап өткелі отырмыз. Аталмыш мерекеге орай El.kz ақпараттық агенттігі отандық жұлдыздармен байланысқа шығып, Республика күніне құрған жоспарымен танысты.

Танымал дәстүрлі әнші Ардақ Исатаева Республика күні 2001 жылы ресми түрде бекітіліп, 2009 жылға дейін тойланып келгенін айтады.

Республика күні 2009 жылы алынып тасталды. 2022 жылы яғни, былтырдан бастап қайта бекітіліп ұлттық мереке ретінде тойлана бастады. Алғаш 2001 жылы республика күні ресми түрде бекітілген кезде мен 24 жаста едім. Содан бері елімізде қандай да бір іс-шаралар болса,  атсалысып өнерімізбен үлесімізді қосып келеміз. Биылғы республика күні қалай өтетінінен бейхабармын. Республика күніне арналған іс-шараларда, концерттерде  жоқпын, - деді әнші.

Сондай-ақ Ардақ Исатаева барша қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады.

Барлық қазақ елін Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, ел іргесі берік болсын. Еліміздің тұғыры биік болғай, - дейді өнер иесі.

Ал ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші Майра Ілиясова еліміздегі ұлттық мерекелердің саны көбейсе екен деп отыр.

Республика күні тамаша мерекелердің бірі. Осындай атаулы күндердің көп болғанын қалаймын. Өкінішке орай кейде кейбір әртүрлі ағымдағы адамдар көтеріліске шығып, елдің ішіне іріткі салады. Мен ондайды қолдамаймын. Құдай бізді сақтасын, - деді әнші.

Майра Ілиясова мереке қарсаңында Алматы қаласында өзінің жеке концертін өткізгелі жатқанын айтты.

Мен «Сағындырған әндер-ай 15 жыл» ән кешін өткіземін. Халықтың мереке кезінде демалып, көңіл көтеріп қайтуы үшін концертті 26 қазанға қойдым. Құдай бұйырса кешімде Роза Рымбаева, Дос-Мұқасан сынды 62 танымал әнші өнер көрсететін болады, - дейді ол.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі Азамат Жылтыркөзов алдымен 2001 жылы Республика күні алғаш рет мереке ретінде бекітілген кезді еске алды.

2001 жылы отбасыммен Астана қаласына көшіп келдік. Осылайша мен Қазақ ұлттық өнер университетінің мектебіне оқуға түстім. Сол кездері енді мемлекеттік мереке ретінде бекітілген Республика күнін жыл сайын жоғары дейгейде атап өтіп жүргеніміз есімде. Осы мерекеге орай «Әнұран шеруі» деген сайыс өткізіп тұратын едік. Әртүрлі елдің ерекшелігін, салт-дәстүрін, нақышын көрсетіп тұратын кафедрааралық сайыстарға қатысатынмын, - деді әнші.

Сонымен қатар Азамат Жылтыркөзов өткен жылы Республика күні мерекесін қайтадан қайтарған кездегі қуанышын айтып жеткізді.

Әр елдің өзінің республикасына арнаған күні бар. Сондықтан біздің де ұлттық мерекемізді қайтадан жаңғыртқанымыз өте дұрыс шешім болды деп есептеймін. Себебі 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады. Осылайша Республика күнінің алғашқы негізі салынды, - деді ол.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері қазақстандықтарға құттықтау сөзін арнады.

Барша Қазақстан халқын Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ең бастысы елімізге, жерімізге амандық тілеймін. Ешқашан соғыс, жаманшылық болмасын. Еліміздегі әр отбасы мүшесіне зор денсаулық, бақ-береке тілеймін, - деді опера әншісі.

Әнші, композитор, Мәдениет саласының үздігі Құрмаш Маханның айтуынша, мереке қарсаңына қарай халқымыздың патриоттық сезімі пайда болуы үшін алдымен балаларға рухани ақпарат көзін беру қажет екен.

«Отан отбасынан басталады» демекші, баланың бойындағы патриоттық сезімі жанұясында оянады. Сондықтан Республика күнін тойлау аясында жастарға еліміз, жеріміз туралы пайдалы ақпараттарды беруіміз қажет деп есептеймін, - деді әнші.

Құрмаш Махан мереке қарсаңында өзінің ауданында өтетін кештерге қатысуды жоспарлап отыр.

24 қазан күні Жамбыл облысы Жамбыл ауданының орталығы Аса қаласында, 27 қазан күні Өрнек ауылында іс-шара өтеді. Оған барша ауылдың тұрғындары жиналады. Мен де сол жерлерде өнер көрсетемін, - деді ол.

Оған қоса өнер иесі халыққа өзінің ізгі ниетін білдіре кетті.

Ата-бабамыздың найзаның ұшымен сақтап қалған, бізге қалдырып кеткен аманатының қадірін біліп, біліммен, іліммен ұрпағымызға жақсы тәлім-тәрбие беруіміз керек. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Барша жұртқа дамыған заманда өскелең ұрпағымызды бәсекелестікке қабілетті етіп тәрбиелеуді нәсіп етсін, - деді композитор. 

Ал актер Қобыланды Болат Республика күні Алматы қаласындағы бір жобаға қатысқалы жатқанын айтады.

25 қазан күні «Өнер барысы-2023» жобасына қатысуды жоспарлап отырмын. Мұнда еліміздегі түрлі танымал өнерпаздар бозкілемде қазақ күресінен бақ сынасатын болады. Бұл жобаға қатысуға Алматы қаласына барамын, - деді өнер иесі.

Сондай-ақ актер барша қазақ жұртын мереке күнімен құттықтады.

Бастысы елдің амандығын тілеймін. Қазақстанымыз өсіп, өркендеп, дами берсін. Жақсылық болсын, елімізге береке толсын, - деді Қобыланды Болат.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: