Отандық үш компания су тасқынынан зардап шеккен СҚО тұрғындарына 60 млрд теңге бөлді

27 Сәуір, 11:33 991

Солтүстік Қазақстан облысына премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, «Kazakhmys Holding» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай, Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким, сондай-ақ «KAZ Minerals Management» ЖШС басқарма төрағасы Эльдар Мамедов болып, қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты, сонымен қатар жергілікті тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Су тасқыны басталғалы облыста 3898 үйді су басқан. Саяжай аумағы айтарлықтай зардап шекті - 6597 учаске. Облыс әкімдігінің мәліметінше, су басқан тұрғын үйлердің 40 пайызының одан әрі тұруға жарамсыз болуы мүмкін.

Үйсіз қалғандар уақытша жатақханаға орналастырылды. Вице-премьер оларға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау шараларын еске салды. Қазірдің өзінде 3383 отбасы 100 АЕК көлемінде бір реттік жәрдемақы алды. 1600-ден астам отбасына 600 миллион теңге қосымша төлем қарастырылған.

Сондай-ақ облыс тұрғындарына KAZ Minerals, Kazakhmys Holding және Kaspi.kz атты үш ірі компания Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендер, негізінен СҚО үшін 60 миллиард теңгеге дейін бөлетіні туралы хабарланды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мен үш ірі компанияның акционерлерімен және басшылығымен бірге сіздің өңірге келдім. Жалпы сомасы 60 млрд теңге су тасқынынан зардап шеккендерге пәтер сатып алуға және үй салуға бағытталады, - деді премьер-министрдің орынбасары халықпен кездесуінде облыс әкімдігіне екі апта ішінде тұрғын үйлерді бағалап, оны қалпына келтіруді бастауды тапсырды.

Мұндай жағдай біздің елде бірінші рет болып отыр. Бұл нағыз апат екенін өз көзіммен көрдім. Ешкім бейжай қалмауы керек. Мұнда бәрі тең. Үкіметпен бірге қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз, — деді Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким.

Солнечное-2 ауылында бір типті 100 үйдің құрылысы басталып та кетті. 10 мердігерлік ұйым жұмылдырылды. Жоба облыс әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоры арасында қол қойылған меморандум аясында басталды. Баспананы жаздың ортасына дейін аяқтауға мүмкіндік беретін қажетті инженерлік инфрақұрылым мен коммуникациялар бар.

Бұдан кейін Қанат Бозымбаев Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев пен мердігерлердің қатысуымен кеңес өткізді.

Индустрия және құрылыс министріне облысты қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуді, құрылыс материалдарының бағасын үнемі қадағалап, оның қымбаттауына жол бермеуді тапсырамын. Әр тиынға сұраныс болатынын мердігерлер мен әкімдікке тағы да еске саламын. Өңірлерді қалпына келтіру үдерісіне құқық қорғау органдары жұмылдырылып, жағдайды мұқият қадағалап отыр. Ауа райы салқындағанша зардап шеккендердің барлығын қоныстандыруымыз керек, - деп түйіндеді сөзін премьер-министрдің орынбасары.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: