Отандық өнімді қолдау қалай жүріп жатыр?

5 Желтоқсан, 11:06 341

Сауда комитетінде отандық тауар өндірушілердің сауда сөрелеріне шығу мүмкіндігі онлайн режимде өткен жиында айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Онлайн жиын Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жаутікбаевтың төрағалығымен өтті. Онлайн басқосуға еліміздегі 100-ден астам тауар өндіруші, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері мен Сауда желілері Одағы, «Magnum Cash&Carry», «Small&Skif» сияқты 50-ден астам ірі сауда желісінің  өкілдері қатысты. 2 сауда желісінің өкілі сауда сөрелеріне өнімдерін қою үшін қойылатын талаптар мен ережелерді түсіндірді.

Отандық өнім өндірушілерді қолдау: сауда желілері не дейді?

Сауда желілері одағы төрағасының орынбасары Ерлан Жайлаубайдың дерегінше, елдегі бөлшек саудадағы сауда желілерінің үлесі 30% құрайды. Алматы, Шымкент, Астана сияқты мегополистерде бұл көрсеткіш 50-60 пайызға дейін жетеді. Еліміздің өңірлерінде бөлшек сауданың басым үлесі дәстүрлі сауда мен жәрмеңкелерге тиесілі. Өңірлердегі сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменттер жүргізген мониторинг нәтижесіне сай сауда желілеріндегі отандық өнімнің үлесі 50 пайыздан асады.

Бізде сауда сөрелеріне кіруге ешқандай кедергі жоқ. Отандық тауарөндірушілерге айрықша талаптар қоймаймыз. Заң аясында сертификаттау, қаптамаға қатысты талаптар ғана бар. Қазір фермерлік тауарларға арналған сөрелеріміз бар. Жалпы тауар өндіруші, жеткізуші және біздің арамызда келісім-шарт жасасу орта есеппен 2 аптаға созылады, - деді «Small Skif» сауда желісінің өкілі Светослав Латинин.

Сауда желілері өкілдерінің сөзін ҚР Сауда желілері Одағы төрағасының орынбасары Ерлан Жайлаубай түйіндеді. «Made in KZ» тауарларын сауда желілері белсенді қолдайды. Осы бағыттағы жұмысты Сауда комитетімен бірлесе атқарамыз», - деді ол.

Кәсіпкерлер қандай қиындыққа кезігеді?

Алайда жиынға қатысқан отандық тауар өндірушілер сауда желілерімен келісім-шарт жасасуда қиындыққа тап болатынын айтты.

Біз Шымкентте трикотаж өнім шығарамыз. Біздің өнімдеріміз «Small» сауда желісінде бар. Алайда «Magnum» сауда желісімен 2021 жылдан бері келісім-шарт жасай алмай келеміз. Түрлі сылтау айтып, келісім-шарт жасасудан негізсіз бас тартады, - деді кәсіпкер Нұртас Жаллаладдин.

Сауда министрлігі қандай шара қолданады?

Отандық өнім өндірушілердің талап-тілегін тыңдағы ҚР СИМ Сауда комитеті төраға орынбасары Ернұр Бөкенбайұлы Сауда заңнамасын бұзған, отандық өнім өндірушілерге басымдық бергісі келмейтін сауда желілеріне әкімшілік шара қолданатынын жеткізді.

Естеріңізге салайын, Сауда және интеграция министрлігінде отандық тауар өндірушілермен келісім-шарт жасаудан негізсіз бас тартқан сауда субъектілерін жауапкершілікке тарту құзыреті бар. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 201 бабы бойынша әкімшілік жаза қолданамыз, - деді ол.

Мысал: заңнаманы бұзғандарға қандай жаза қолданылды?

Мұндай кейстің Сауда комитетінің тәжірибесінде бар екенін айта кеткен жөн. Сауда комитетінің Маңғыстаудағы департаменті кәсіпкердің отандық өнімін сауда сөресіне қоюдан негізсіз бас тартқан сауда желісін сот арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салған болатын.

Жиын қорытындысы бойынша Астана, Алматы, Шымкент және облыстардың кәсіпкерлік басқармасына өңірлік сауда департаменттерімен бірлесіп, жергілікті отандық өнім өндірушілер мен сауда желілерінің қатысуымен Қазақстанның бөлшек сауда желілеріне отандық тауар өндірушілердің өнімдерін ілгерілету бойынша өңірлік кеңестерді ұйымдастыру, сауда желілеріне отандық өнім өндірушілердің сауда алаңдарына қолжетімділігін реттейтін заңнаманы сақтау мониторингін жүргізу тапсырылды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: