Биыл жазда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің «LabNetWork» зертхана кешенінің қызметкерлері Apache 3 атты гидрографиялық дронды белсенді түрде пайдаланып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл ерекше аппарат Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Солтүстік Қазақстанның су ресурстарына жедел мониторинг жүргізу және гидротехникалық инженерлік құрылымдардың экологиялық бақылауы жүйесін құру» жобасы аясында алынған.
Apache 3 гидрографиялық бейұшағы – жерүсті басқару станциясымен және кемемен жабдықталған шағын автоматты кешен. Құрылғы су айдындарының тереңдігін зерттеу үшін бір жиілікті эхолот және су параметрлерінің датчиктерімен жабдықталған. Басқару станциясы құрылғы мен радиоканал немесе ұялы байланыс арқылы байланысады, бұл гидрографиялық түсірілімді кез келген қашықтықта жүргізуге мүмкіндік береді. Гидрографиялық бейұшақ Қостанай облысының су қоймалары түбінің рельефін және су көлемдерін бағалау үшін бұған дейінгі экспедицияларда қолданылды.
Барлық жұмыстар республикалық жобаның аясында жүргізілуде. Қазіргі уақытта ҚӨУ ғалымдары Жоғарғы Тобыл және Каратомар су қоймаларына шығып, түбін батиметриялық зерттеуді жүргізуде, сондай-ақ су, топырақ және өсімдік материалдарын жинап, зертханаға тапсыруда. Зерттеулерді ҚӨУ қызметкерлері - Алмабек Нұғманов, Вадим Чашков, Әділ Нұрпейісов, Темірлан Мұқанов және университет магистранты Артём Башев жүргізуде. Айта кету керек, бұл су дроны аймаққа үлкен пайдасын тигізуі мүмкін, өйткені көктемгі су тасқынынан кейін су айдындарының түбі едәуір өзгерген.
Аппарат су асты мен үстіндегі кеңістіктің автоматты үшөлшемді түсірілімін жүргізу үшін, сондай-ақ инженерлік-геодезиялық, инженерлік-гидрографиялық және инженерлік-гидрометеорологиялық зерттеулер жүргізу үшін тиімді. Ол су түбінің рельефін зерттеуде, құбыр өткелдерін тексеруде, көпірлер мен дамбалардың тіреуіш құрылымдарының жағдайын бағалауда қолданылады.