18.07.2025
18:10
9579
Отандық әншілердің тойдағы гонорары қанша?

Отандық әншілердің тойдағы гонорары қанша?

Қазақстандық эстрада жұлдыздары сахнадан гөрі, тойдан көбірек табыс табады. Бір кеште миллиондап қаламақы алатын әншілердің гонорары елдегі орташа айлықтан он есе жоғары. El.kz интернет порталының тілшісі еліміздің шоу-бизнес өкілдерінің тойдағы табысына шолу жасады.

Қайрат Нұртас – гонорар көшін бастап тұр

Отандық шоу-бизнестегі ең табысты әншілердің бірі – Қайрат Нұртас. Оны тойыңызға шақырғыңыз келсе, кемінде 5 миллион теңге керек. Көпшіліктің пікірі әртүрлі болғанымен, сұраныс пен табыс жағынан оқ бойы озық тұр.

Жанболат пен Жазира – тұрақты хиттер мен тұсаукесер

Белгілі дуэттің орташа гонорары – 2,5 миллион теңге. Бұл сомаға олар жас жұбайларды ортаға алып шығып, бірнеше танымал әндерін орындайды. Сонымен қатар, тұсаукесер рәсімі үшін 2 миллион теңге алады. Бағаға жолақы мен қонақүй де кіреді.

Жұбаныш Жексен – лирикалық әндердің иесі

Оның тойдағы өнерін көру үшін кем дегенде 1,5 миллион теңге керек.

Салтанат Бақаева – театр мен тойды ұштастырған әнші

Қыз ұзату саласында сұранысқа ие әншілердің бірі. Ол 1 миллион 200 мың теңгеге ұзатылар қызды ортаға алып шығып, үш рет сахнаға шығып өнер көрсетеді.

Мәдина Сәдуақасова – қыз ұзатудың нәзік дауыс иесі

Қызды ортаға алып шығу рәсімі – 800 мың теңге, ал толық бағдарлама – 1,2 миллион теңге.

Наркенже Серікбаева – оңтүстіктен шыққан өнер иесі

Наркенже Серікбаева да қыз ұзататын әншілердің қатарында. Шымкенттен арнайы келіп, ұзату рәсімін жүргізуі – 1,5 миллион теңге тұрады.

Нұрлан Еспанов – қолжетімді әнші

Той сахнасының тағы бір белсенді өнерпазы – Нұрлан Еспанов. 1 миллион 200 мың теңгеге тойда қонақ болып, бірнеше әнін орындайды.

Әнші жұптардың тойдағы қызметі

Қайрат Нұртастың ата-анасы тойда өнер көрсетіп жүргеніне біраз уақыт болды. Әсіресе Гүлзира Айдарбекова қыз ұзату салтанатында жиі көрінеді. Оның сыңсу айтып, қалыңдықты шығарып салуы – 1,5 миллион теңге.

Тоқтар мен Бейбіт – дәстүрлі үн мен салтанат

Дуэтті шақыру құны – 2,5 миллион теңге. Егер шара басқа қалада өтсе, тапсырыс беруші жол және қонақүй шығындарын бөлек төлейді.

Тойдан түскен табыс неге сонша жоғары?

Қаржыгерлердің бағалауы бойынша, отандық әншілердің жылдық табысының 70–80% тойдан келеді.

Арнайы жазылған тойға арналған әндер – хит болуға емес, сұранысқа ие болуға бағытталған. Сондай-ақ әр әншінің жеке райдері (талаптар тізімі) бар: ұшақ билеті, VIP қонақүй, сахналық жабдық және жеке визажистке дейін қарастырылған.

Той – мәдениеттен бұрын бизнеске айналды. Қазақстанда сахналық танымалдылық пен әлеуметтік желідегі белсенділік әншіге сұраныс пен табыс әкелетін негізгі құрал болып отыр. Қымб Әнші болу – тек өнер емес, бизнес. Әннің сапасы емес, сұранысы маңызды. Тыңдарман тойда тыңдайтын әнді іздейді, ал әнші соған сай ән жазады. Бұл – бүгінгі күннің шоу-бизнес заңы. Қымбат баға – сапаның емес, сұраныстың көрсеткіші.