Отандық өндірушілерге 200 млн теңгеге жуық өтемақы берілді

15 Қыркүйек 2022, 22:03 1202

Өңірлер бойынша ең көп өтінім Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан, Алматы, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарынан келіп түсті.

Табысты және бәсекеге қабілетті экономика құрудың маңызды факторларының бірі - өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі жүйелі жұмыстарды жүргізу, деп хабарлайды EL.KZ.

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі операторы бола отырып, өңдеуші өнеркәсіпте мемлекеттік ынталандырудың жүйелі және тікелей шараларын қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмысын жалғастыруда.

Осы бағытта жыл басынан бері кәсіпорындардан барлығы 302 өтінім келіп түсті, олардың 38-і қойылған талаптарға сәйкес қанағаттандырылды. Өтелген шығындардың жалпы сомасы 199,1 млн теңге.

Қаражат машина жасау, металлургия/металл өңдеу, аграрлық-өнеркәсіптік кешен (тамақ өнімдері мен сусындар), фармацевтикалық өнеркәсіп және құрылыс материалдарын өндіруге бағытталды.

Мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындар өндіріске прогрессивті басқарушылық және өндірістік технологияларды енгізу, қызметкерлерді жаңа құзыреттер бойынша оқыту, жабдықтарды монтаждау, инновациялық инженерлік және конструкторлық әзірлемелер жасады.

Өңірлер бойынша ең көп өтінім Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан, Алматы, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарынан келіп түсті.

Қоғамның өңдеуші өнеркәсіп экономикасы секторларының бәсекеге қабілеттілігін күшейту жөніндегі миссиясына сәйкес ақпараттық-консультациялық іс-шаралар жүргізілуде.

Осылайша, жыл басынан бері акционерлік қоғам еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындардың бір бөлігін өтеу шарттарын түсіндіру мақсатында еліміздің 78 өнеркәсіптік кәсіпорындарына барды.

«Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары» тақырыбында республиканың 7 өңірінде: Алматы, Түркістан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында және Алматы және Шымкент қалаларында өнеркәсіп кәсіпорындары үшін семинарлар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, «ESC KazakhExport» АҚ, Astana Hub-пен бірлесіп, Павлодар, Ақмола, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының өнеркәсіптік кәсіпорындары үшін 19 онлайн вебинар өткізілді.

EL.KZ
Бөлісу: