Отандық макарон қалай жасалады?

24 Ақпан 2015, 12:06

Елімізде шығарылатын макарондардың импортталған өнімдерден артықшылығы туралы айтатын боламыз.

2015 жылдың 11 ақпанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «Қазақстанда жасалған» атты акцияны жүзеге асыруды тапсырды. Осы акция аясында El.kz сайты сіздер үшін «Қазақстанда жасалған» атты арнайы парақшасын іске қосып, талдау мақалалар мен фоторепортаждар жариялауда. Бүгінгі кезекте Астана қаласында макарон шығаратын зауыт туралы мақаламызды ұсынамыз.

Қазіргі таңда дүкен сөрелерінде, бір макарон өнімінің алуан түрін кездестіруге болады. Бірақ олардың қайсысы сапа стандартына сәйкес келеді, қайсысы ағзаға зиян, қайсысы экологиялық таза, ал қайсысын мүлдем тамақта қолдануға болмайтынын біле бермейміз. Сондықтан осы мақаламызда отанда шығарылатын макарондардың импортталған өнімдерден артықшылығы туралы айтатын боламыз.

«Концерн «Цесна-Астық» АҚ-на қарасты «Цесна-Мак» компаниясының өнімдері озық технологиялы жабдықтар қолданумен шығарылады. Отандық зауытта шығарылатын өнім аймағымызда өсірілетін жоғары сапалы астықтан дайындалады. Зауыт қызметкерлерінің айтуы бойынша, отандық өнімде бояғыш заттар, химиялық және өзге де зиянды қоспалар мүлдем қолданбайды. Яғни, экологиялық таза, денсаулыққа қатері жоқ тауар болып табылады. Сонымен қатар, қатты бидайдан жасалған өнімдердің құрамында адам ағзасына қажет дәрумендер мен минералдар бар. Мұның барлығы отандық өндірушілердің тауарлары халық игілігіне жасалатынының айқын дәлелі.

Өндіріс барысын көрсетейік...

Элеваторда орналасқан екі шұңқырдың ішінде қатты сұрыпты бидай кептіріліп, өндіріске даярланады.

Әр екі сағат сайын шикізат сапа бақылауынан өтеді. Жоғары сапалы бидай кейін диірменге жіберіліп, бидайды қайта өңдеу процесі басталады. Өндірісте қолданылатын жоғары технологиялар қазақстандық бидайдың табиғи қасиеттерін сақтап қалады.

Арнайы тазалау жүйесі пішіні, көлемі мен түсі өзгерген бидайды анықтап, тазартады, өндірістен алып тастайды. Осы сатылардан өткен бидай дәндері ұн тарту бөліміне кетеді. Тартылған ұн макарон фабрикасына жіберіледі.  Арнайы бункерлерде сақталатын ұн електен(сито) өтіп, макарон дайындауға қажетті мөлшерде ұн алынады.

Қамырды араластыратын машинаның ішінде ұн мен таза су араластырылып, қамыр жасалынады. Кейін ол арнайы қалыптаманың ішінде қажет пішіндерге бөлініп, кептіріледі, салқындатылады.

Дайын болған өнім қаптарға салынып, сатуға жіберіледі.

Мінеки, елімізде өндірілетін тауарлар әлемдік стандартқа сай, жоғары сапалы әрі экологиялық таза болғандығымен қуантады. Көршілес елдерден экспортталатын өнімдерден гөрі, туған топырағымызда егіліп, піскен тағамдар ағзамызға пайдалы әрі құны жағынан да тиімді. Қазақстандық өнімді алайық!

Айгүл ШЕРНИЯЗОВА 

Бөлісу: