Отандық медианың ахуалына көзқарас

16 Қараша 2018, 16:49 7886

Қазақстандық медианың құрамы, тоны, сапасы және конвергенция деңгейі

Қазір Қазақстанда 2 мың 763 БАҚ жұмыс істейді, ҚР ақпарат және коммуникация министрлігінің мәліметінше, олардың басым бөлігі – баспасөз басылымдар. Маркетингтік зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, телевизия – БАҚ-тың аса танымал түрі болып қалып келеді. Отандық КТК телеарнасы аса көрілетін, рейтингі ең жоғары – 13,8% арна. Сарапшылардың бағамынша, көрермендердің арасында ерекше танымал – ресейлік телеарналар. Кей сарапшылардың пікірінше, билік бәсекеге қабілетті медиакеңістікті оппозициялық ойыншылардан мүлдем тазартып, халықтың қоғамдық пікіріне ие бола алмай қалды. Жалпы құрылымдағы БАҚ-тың 86% – баспасөз басылымдары, 11% – электронды БАҚ, 3% – ақпараттық агенттіктер. Сонымен қатар, елде бірқатар шетелдік телерадиоканал жұмыс істейді. Ресми деректерге сүйенсек, олардың жалпы саны 270: 185 – ресейлік, 24 – ағылшын, 11 – америкалық БАҚ, және т.б.

«Қазтелерадио» АҚ ақпараты бойынша, эфирлік–кабельдік телевизиямен 5-6 млн халық қамтамасыз етілген. Бұл ретте атап өтерлігі, басқа көптеген елдерге, айталық Ресейге қарағанда, қазақстандық телевизия жас көрерменін сақтап қала алған. Қазақстандық телекөрерменнің орташа жасы 36 болса, Ресейдегі бұл көрсеткіш – 49, Украинада – 54.

Қоғам қайраткері және саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, ресейлік медиа – Қазақстан медиакеңістігіндегі басты ойыншылар болып табылады. Қазақша және орыс тіліндегі контентке қатысты 50 де 50 талабы орындалғандығына, сондай–ақ қазақ тіліндегі контентке сұраныс артқанына қарамастан, ақпараттық қауіпсіздік проблемасының өзектілігі төмендемей отыр. Сарапшының ойынша, елде ақпарат таратып отырған ресейлік телеарналардың кейбірлері анық пропагандалық бағытта жұмыс істеуде.

«Ресейлік медиалардың қазақстандықтардың дүниетанымына ықпалы әлі де болса күшті. Нәтижесінде біздегі халықтың біраз бөлігі «тәнімен Қазақстанда, басымен – Ресейде» өмір сүріп жатыр. Бұл қауіпті нәрсе. Әсіресе, Украинадағы конфликттен соң, қазақстандықтардың басым көпшілігінің әлемде және тіпті Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға пікірін ресейлік пропагандистер қалыптастырып отырған шақта. Оның үстіне Ресей гибрид соғыстар өткізетін кезде өзінің медиаресурстарын белсенді түрде қолдана бастағандығы салдарынан қауіп деңгейі өсе түседі. Интернет–трольдердің, хакерлердің тұтастай әскерлері жасақталып, басқа елдердің ішкі саяси процестеріне етене араласа бастайды. Негізінде, Қазақстан да келешекте осындай шабуылдардың нысанасы айналуы ғажап емес», – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, қазірдің өзінде ресейлік БАҚ Қазақстанға қуатты ақпараттық соққы жасауды қолға алды. Масалға, мұндай шабуылдардың бірі елдің кирилл қарпінен латын қарпіне өтуі туралы шешім шыққанда жасалды. Ресейлік БАҚ мұны «қапыда жасалған қастандық» деп атады. Ақтаудағы Каспий елдерінің саммиті қарсаңында ресейлік БАҚ–та Қазақстан АҚШ–тың әскери базасын Каспий төңірегінде орналастыруына өз жерін берді деген жалған ақпарат шықты.

Сәтпаевтың ойынша, енді аздаған уақытта халық өз медиасынан гөрі ресейлік медианың тарататын ақпаратына көбірек сене бастайды.

«Оның себебі – халықтың мемлекетке деген сенімінің жоғала бастауы, мемлекеттің басыбайлы ақпарат құралдарының таратып жатқан ақпаратының сапасы. Оларға деген сенім өте төмен. Есесіне, ресейлік медиакеңістік, әлбетте, алуан түрлі, яғни зомби–жәшікті көргісі келмейтіндер басқа телеарналардың контентін тұтынады, болмаса онлайн–порталдарды, оның ішінде оппозициялық бағыттағы ресурстарды көре алады», – дейді саясаттанушы.

Мемтапсырыс құтқара ма әлде керісінде дамуға кедергі келтіре ме, бұл туралы әртүрлі пікірлер айтылады. Соңғы жылдары БАҚ–та мемтапсырыс бойынша ақпарат жариялау саясаты өткір сынға ұшырап жатыр. Қоғамдық пікірге бақылау жасай алу үшін мемлекет телеарналарда, сайттарда, газеттер мен радиода ақпарат жариялауға қаражат бөліп келеді. «Құқықтық медиаорталық» қоғамдық қорының мәліметінше, 2009-2012 жылдардағы мемтапсырыс бюджеті жылына 3,2 млрд теңге болған, ал кейінгі жылдары күрт өскен. Сөйтіп, 2013 жылы бұл мақсатта 43,3 млрд теңге бөлінсе, 2014 жылы – 48,6 млрд теңге, ал 2015 жылы бұл сома бірден 51,7 млрд теңге болған. Мемтапсырыстың ең ірі алушылары – мемлекеттік БАҚ, ал мемлекеттік емес медиаресурстардың еншісіне түсетіні мардымсыз сомалар.

BISAM Central Asia компаниясының ҚР ақпарат және коммуникация министрлігінің тапсырысымен 2016 жылы жасаған зерттеуінің қорытындысына сүйенсек, мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың базалық бағалары нарықтағы шын бағаларға мүлдем сәйкеспейді. Осы себепті мемлекеттік емес БАҚ үшін мемтапсырыстың мәні жоқ.

«Қазақстанның интернет қауымдастықтары» ЗТТҚ президенті Шавкат Сабировтың пікірінше, мемлекет қазақ тіліндегі контентті қолдауы тиіс.

Сарапшы елдегі 3 млн адам тек қана қазақша сөйлейтіндігін, және олардың қатары жылдан жылға өсіп келе жатқанын атап өтті. Сұраныс үлкен, ал контент әзірге аз. Бұрынырақта интернеттегі қазақ тілін дамыту бойынша мемлекеттік кампания жүргізілген еді. Соның аясында көп шара атқарылды, бірақ контентті одан кейін дамыту туралы ойланбады. Қазақша сөйлейтін аудиторияға шоу-бизнес тақырыбындағы ақпарат көбірек ұнайды.

«Мемлекет қазақ тіліндегі контентке барынша қолдау көрсетуі тиіс. Мемтапсырыс негізінде жарияланатын контент алуан-түрлі болуы қажет. Әдетте мемтапсырыс айналдырған он шақты сайтта ғана жарияланады. Ал олардың саны 20-25-тен кем болмауы керек. Мемлекет материалдарды қазақ тілінде жариялап қана қоймай, тағы қосымша ақпараттық алаңдарының дүниеге келуіне қолайлылық туғызуы шарт. Не болмаса елдегі орыс тіліндегі басылымдарға қазақша редакция құруына материалдық тұрғыда көмек беруі артық болмайды. Мұнда БАҚ үшін табысты бизнес-модель құру өте қиын, өйткені біз азбыз, бар-жоғы 18 миллион. Ал интернет қолданатындар тіпті 8-9 миллион ғана. Географиялық тұрғыда алмағайып елміз. Аудиторияны қызықтыру үшін аймақтық жаңалықтарды жазу қажет. Мемлекет бас кезінде медианың аяғынан тұрып кетуі үшін қатысуы керек, уақыт өте келе бизнес өз шамасымен істей береді», – деп ойлайды Сабиров.

Аудиторияның қызығушылығына қатысты ойларға құлақ түрсек. Көптеген басылымдарда істеген журналист Денис Кривошеевтің пікірінше, қазақстандық аудиторияны қызықтыратыны әлемдік жаңалықтар емес, саяси жаңалықтар.

«Әлемдік жаңалықтар барлығына бірдей қызық емес, мұхиттың арғы бетінде не болып жатқандығында халықтың жартысынан астамының шатағы жоқ, анда-санда «ананы су алыпты, мынаны жаппай қырыпты» деген сыңайдағы жаңалық болмаса. Олардың табынатыны мен қызығатыны басқа нәрселер. Басқаларының не құлқы, не уақыты жоқ мұншама жаңалықты білуге. Айталық, солтүстіктегілердің біраз бөлігі елде не болып жатқандығынан хабарсыз, өйткені олардың тұтынатыны – «Триколор» мен «НТВ Плюс» тәрелкелері арқылы көрсетілетін дүние. Ол жақтағы қызметтердің сапасы әлдеқайда жоғары, бағасы айтарлықтай төмен. Өкінішке қарай, олар тіпті премьеріміздің атын да білмейді. Назары Ресейде, сол жаққа қоныс аударуға мүдделі. Мүмкін Қазақстанда болып жатқан нәрселерден шошып, ештеңені білгісі келмегендіктен көзін жұматын шығар. Бірақ бұлай өмір сүру қиын», — дейді журналист.

Оның есептеуінше, 18 миллион халық аса ірі сайттардағы әр жаңалыққа орташа алғанда 60-70 мың қаралым жинайды, қандай тілде болсын. Екі түрлі түсінікпен жазылып, түрлі дереккөздерден алынған бір жаңалықты бас-аяғы 1,5-2 миллион адам біледі, одан артық емес, бұл дегеніміз халықтың 10%-і. Ал халықтың басым көпшілігін жалпы жаңалық атаулы, оның ішінде ішкі жаңалықтар мүлдем қызықтырмайды, деп санайды Кривошеев,

«Қазақша контент дегеніміз қазір барлық ақпараттың тең жартысы болар. Мәселе оның мазмұндылығында және сапасында. Ал оны жақсартудың бірден бір жолы – жарнама бюджеттерін немесе қаржылай қолдауды ұлғайту, алайда оның ешқайсы мүмкін емес немесе жосықсыз», – дейді Кривошеев.

Шетелдік БАҚ-тың ықпалы турасында сарапшы әр ел өз мүддесіне жұмыс істейді, ең алдымен өз көрерменінің сұранысына бейімделеді деген ой айтады. Оның пікірінше, мемлекет алдымен БАҚ не үшін керек дегенді анықтап алуы керек, сосын ғана оны дамыту мәселесімен айналысуы қажет.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев жергілікті көрермендердің ресейлік БАҚ-тың ықпалына ауып кеткендігіне билік өзі кінәлі деген пікірде.

«Қазақстанда билік медиа кеңістікті тып –типыл тазалап, бәсекеге қабілеттілігін жойды, ал қалғандарын мемлекеттік тапсырыс инесіне отырғызып тастап, үлкен проблема туындатып отыр. Бір де бір оппозициялық медиаойыншы қалмады. Қазақ баспасөзінің бәсекеге қабілеттілігі қатты төмендеді. Халық өзіне қызық дүниені жергілікті БАҚ-тан таба алмағандықтан, шетелдікінен, әсіресе ресейлік медиадан іздейді. Қазақстанда мемтапсырыспен байланысы жоқ кезекті БАҚ–ты жапқан кезде аудиторияны басқа елдердің медиасының құшағына итере түседі», – деп атап өтті Сәтпаев.

Сарапшының пікірінше, саяси элита ақпараттық қауіпсіздік деген ұғымды өздеріне ыңғайсыз сұрақтарды қойдырмау, ел ішіндегі тексерулерді болдырмау деп ұғынады. Ақыр соңында ел билігі қоғамдық пікірді қадағалай алмай қалды, ал халық билікке сенуден қалды. Сондай-ақ Сәтпаев Ноам Хомскидің «БАҚ арқылы халықты алдап-сулаудың 10 тәсілі» мақаласын келтірді. Онда қазіргі Қазақстандағы біз куә болып отырған жағымсыз үрдістер жайлы айтылған. Айталық, көптеген қазақстандық БАҚ-тың интеллектуалдық өрісі әбден тарылып, оның орнын дым сапасы жоқ, көңіл көтеретін контент басып кеткен.

Сарапшының айтуынша, билік neo-надандық аясында мәдени-ағартушылық, білім беретін және сараптамалық бағдарламаларды қысқартып, тек қана сапасыз медиалық өнімдерді тұтынуға шамасы жететін әлдебір массаны тәрбиелеп шығаруды көздейді. Бірақ бұл мәселенің екі жағы бар. Надан қоғамды басқару оңай деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Алайда бұл масса сондай-ақ кез келгеннің ықпалының жетегінде кете береді, өйткені оның сыни пайымы жоқ. Ал бұл дегеніміз сырттан келетін манипуляциялық әрекеттерді емін-еркін іске асыруға, жартылай шындық пен фейк жаңалықтарды таратуға аса қолайлы жағдай.

«Елде бәсекеге қабілетті медиа кеңістік жасау керек. Яғни ең алдымен жергілікті БАҚ үшін осындай жағдайдың дамуына кедергі келтірмеу қажет. Кімнің аман қалатынын нарық өзі анықтап береді», – дейді Сәтпаев.

Сабировтың ойынша, елде мемлекеттік тілдегі БАҚ дамуы тиіс, өйткені қазақша контенттің дамуына олардан басқа ешкім мүдделі емес, ал сұраныс артып келеді.

«Мемлекет тек жылдық мемтапсырысты таратып қарап отырмай, БАҚ–ты қолдаудың бірнеше жылға жоспарлы даму бағдарламасын жасап тастауы тиіс. Сұраныс болатындығы сөзсіз. Өйткені қазақ аудиториясы түгелімен біздікі. Аудитория өте белсенді, олар комментарий жазады, олар немқұрайлы емес екендігін статистика көрсетіп отыр», – деп түйіндейді Сабиров.     

Интернеттің қазақтілді бөлігі соңғы жылдары жоғары қарқынмен дамып келеді. Деректер бойынша, 2009 жылы қазақ тіліндегі сайттардың үлесі Қазнеттегі барлық сайттардың 3% ғана құраған, ал қазір бұл көрсеткіш 13% асты. (Сандық көрсеткіште бұл дегеніміз 6 мыңнан астам домендік атау). Қазақтілді сегменттің қарқынды дамуын бірнеше фактормен түсіндіруге болады: бұл копьютерлердің жаппай таралып, интернет қолданушылардың санының ауылдық жерлерде де артуы; қазақша ойлайтын аудитория көлемінің ұлғаюы; интернеттің бұқаралық ақпарат құралы ретіндегі маңызының артуы. Соңғы жылдардағы маңызды үрдіс деп қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси бағыттағы сайттардың санының артуын айтуға болады. Осылайша, қазіргі уақыта желіде заманға сай, түрлі жанрдағы (сараптама, публицистика, очерктер, т.б.) ақпараттық өнімдерді өндіретін мемлекеттік тілдегі сайттар жұмыс істеп тұр, және олар қазақтілді ортада айтарлықтай танымал. Интернеттің бұл бөлігінің дамуына тән бірнеше ерекшелік бар: Біріншіден, қазақ тіліндегі сайттар міндетті түрде әлдебір пікірге негізделеді және жиі жағдайда білімді қазақ жастарына бағытталады. Қазіргі таңдағы қазақша интернет-басылымдардың журналистік пулы негізінен тәуелсіздік жылдарында білім алған жастардан тұрады? Сәйкесінше, бұлар – қазақстандықтардың жаңа толқыны. Өз жұмысымен олар қазақ журналистикасына стилистикалық және жанрлық жағынан байытатын жаңа үрдістер енгізді. (Жас журналистердің арасында танымал авторлар да пайда болды). Екіншіден, қазақ тіліндегі сайттар ұлтшыл патриоттар деп аталып кеткен, «қазақшылық идеясы» аясында біріккен, мәдени және шығармашыл интеллигенция өкілдерінің сөз сөйлейтін алаңдарына айналды. Әрине, әзірге қазақ ұлтшылдары туралы өз алдына бөлек саяси ағым деп айту қиын. Дегенмен, олар қазірден интернет-сайттардан сөзін өткізіп, болашақ саяси платформасын жасауға, сол арқылы Қазақстандағы ұлтшыл/ұлтшылдық қозғалыстың негізін қалауға әлденнен кірісіп кетті. Үшіншіден, қазақша сайттар елдің дамуына қатысты оқырмандардың алуан түрлі пікірлерінің айтылуына қолайлы жағдай туғызды. Тіпті комментарийлерді үстіртін қарап шыққанның өзінде, қазақ интеллигенциялық ортасында қандай ой-пікір қалыптасқандығы туралы мол түсінік алуға болады.

Қазақстандық медиа мамандар жыл сайын бірнеше мәрте бас қосуды әдетке айналдырды. Менің есімде 2013 жылдың басында Астанада қазақ сайттары редакторларының басқосуы өткен еді. Сол кезде қазақ сайттарының дамуына кедергі келтіріп отырған проблемалардың қатарында айтылғаны:

· Қазақ интернет-журналистикасының әлсіз дамуы

· Сапалы, оригинал контенттің жетіспеушілігі

· Сайттардың көркемдік және техникалық құрамдасының әлсіздігі

· Сайт қызметінің табыс табуға лайықталмағаны, жарнама берушілердің қызығушылығының төмендігі

· Басқа елдердегі қазақ аудиториясын тарту үшін латын қарпіне көшу қажеттілігі

· Пікірталас жүргізудегі мәдениеттің төмендігі.

Сондай-ақ редакторлардың өздері де онша айта бергісі келмейтін проблема – қазақ сайттарының төмен рейтингілері. 

Дәл осы мәселелер бүгін де көкейтесті. Бүгін де өзекті. Сонда осы жылдары отандық медиа дамымағаны ма? Олай деуге әсте келмес. Себебі контент жағынан да сапалы, оқырмандары кең ақпараттық ресурстардың бірқатары пайда болды. Алайда, Қазақстанда интернет басылымдардың газет және телевизияға қарағанда маңызды артықшылығы бар. Егер телевизиялық және газет контентін жасау орталықтандырылған және бірнеше адамға тәуелді болса, интернет БАҚ ол жағынан тәуелсіз, әрі оперативті. Интернет басылымдар өзге редакциялардан ерекшелігі салынған контентін өзгерте алады. Тіпті дәстүрлі БАҚ көтермейтін тақырыптарды айту оған есі емес. Мысалы қоғамда, әлеуметтік желідегі трендтерді, «мемдерді» айту, шолу телевизия мен баспасөз басылымдары үшін ерсі болса, интернет ресурстарға жарасымды. Бұл сонымен қоса контенттің стилистикалық, жанрлық ерекшелігіне де әсер етеді. Мақалалардың жеткізілу стилі ойнақы, еркін және жеңіл. Алайда орыс тілді сайттардың аудиториясы қазақ тілді ресрустарға қарағанда әлдеқайда кеңірек. Сонымен қоса кейбір жаңа медиа құралдары, бағдарламалары, сервистер қазақ тілді шрифтіні қолдамайды. Бұл да контент форматына кері әсерін тигізеді. Ал аудитория азайған соң жарнама берушілер, маркетологтар қазақ тілді сайттардан гөрі орыс тілді сайттармен жұмыс жасағанды жөн көреді. Нәтижесінде сайт редакциясына қаржылық қолдау білдірілмейді. Қазақ тілді сайттардың жазылғандары тек тар аудиторияға арналады. Орыс тілді сайттардың қазақ тілді басылымдарға, интернет сайттарға шолу жасауы сирек. Дегенмен 2018 жылдың ортасына дейін ratel.kz ресурсы қазақ тілді сайттардағы маңызды мақалаларды аударып шолу ретінде жариялап тұрған еді. Ал орыс тілді БАҚ мазмұны қазақ тілді журналистердің назарынан тыс қалмайды. Тіпті кез келген оқиға, шараарда таратылатын баспасөз релизі әдетте орыс тілдерінде беріледі. Қазақ журналистері қазақша шыққан релизді күтіп оперативтілігі жағынан қалыс қалады немесе аудару арқылы мақала маңызы мен шұрайын жоғалтады. Себебі аударма ісі журналистикадан спецификасы ерекше. Мысалы facebook әлеуметтік желісінде Қазақ журналистері тобы бар. Бұл топта қаламы қарымды журналистер ақпараттық сайттардың журналистерін сауатсыз, қате мәтіндері үшін сынап отырады. Алайда ақпараттық сайт редакторлары брифинг, баспасөз конференцияларында орыс тілді журналистерге ыңғайлы жағдай жасалғанын, баспасөз релизі, аңдатпа орыс тілінде алдымен жіберілетінін, қазақ тілді спикерлер табудың қиындығын алға тартады. Түптеп келгенде қазақ журналистері журналистикамен емес, аудармамен айналысады деген пікір айтады. Қазақ тілді журналистердің реніштері кейде эмоциялық тұрғыда асыра кетіп, «шовинистік» сипатқа кетіні бар. Ал орыс тілді сайттар әдетте осындай тақырыптарды назардан қалт жібермейді.

Қазақ тілді журналдардың бірінде шоу-бизнес өкілдерінің бірі «мен орыстар мен еврейлерді жек көремін» деген тақырыппен берілді. Бұл әлеуметтік желілерде көп талқыланып, реакция тудырды. Бұл жерде журналистің де қателігі бар. Ішкі наразылығы оның адекватты ой қорытып, салқынқандылық танытуына кедергі жасады. Дәл сол фразаны сұхбат тақырыбына берудің еш реті жоқ еді. Осыдан соң стереотипті пікірлер қазақ тілді контент, журналистердің сапасына күмін тудырып жатады. Ал қазақ тілді аудитория, журналистер  бұл тақырыпқа назар аудара қоймас еді. Осылайша қоғамдық цензураның төмендігі мен қазақ аудиториясының бейімделуі мемлекеттік тілдегі интернет басылымдардың ерекшелігін айқындады. Бір жағынан бұл жағдайлар қазақ тілді ортаның шығармашылық ойы мен интеллектуалдық пікірін көрсетеді. Екінші жағынан шағын ақпарат вакуумында талқылайтын тақырып табылып, қазақ тілінің жағдайы мәселесіне қайта оралуға мүмкіндік береді. Қазақ тілді интернет басылымдарында ең көп талқыланатын және трафик жинайтын тақырыптар – тіл мәселесі, дін және ұлттық мораль. Ақпараттық себеп жоқ кезде ресурстарға аудитория жинайтын контент береді. Интернет БАҚ арқылы бұрын дәстүрлі БАҚты оқуға мүмкіндігі жоқ оқырман онымен танысуға, өз пікірін ортаға салуға, талқылауға қатысуға қол жеткізді. Осылайша қазақ тлді аудитория арасында танымалдыққа ие бола бастады. Екінші жағынан жалпы саяси қоғамдық тақырыптағы медиа қалған әлемнен тұйықталған жабық жүйені елестетеді. Бұл жүйеге әсер ететін сыртқы регуляторлар өте аз және бұл жүйенің дамуы өз ішкі импульстер әсерінен жүруде. Нәтижесінде қазақ тілді интернет БАҚ көрсететін реалий жалпы ақпараттық контексттен алшақтап кетті. Сондықтан да сарапшы, медиа тұлғалар арасында қазақ тілді және орыс тілді медиа екі әлемде жүргендей деген пікірлер жиі айтылады. Масс-медиа теорияларының басты постулаттарның бірі БАҚ белгілі бір ақпарат жиынтығын бере отырып, адамдардың санасында белгілі бір көріністі қалыптастырады. 

Яғни СМИ көзқарасы арқылы қалың оқырман үшін объективті болып саналатын реалий қалыптасады. Бұл адам өзі пікір қорыта алмайтын, сарапшылар пікіріне сүйенетін салаларға қатысты. Әсіресе ақпараттық қауіпсіздік ,ұлттық идеология сияқты мәселелерді бұл фактордың маңызы ерекше. Осылайша алғанда қазақ тілді интернет БҚ қазіргі уақытта қоғамдық-саяси реалийді, қоғамдық пікірді қалыптастыруда. Соңғы уақытта жаңа медиа, әлеуметтік желілердің пайда болуы, үлкен ақпарат ағыны адамды сындарлы ойлау, жеке пікір қалыптастыру мүмкіндігінен айыруда. Адам көзқарасы оның дүниетанымы арқылы емес, медиа, әлеуметтік желідегі бөгде адамдар пікірі негізінде қалыптасуда. Сондықтан қазіргі сайттардың беретін контентіне қадағалау, мазмұнына ерекше мн беру өте қажет. Бұл тек жаңа меиаға бейімделу, қазақ медиа нарығының дамуы үшін ғана емес, ұлттық идеологияның дамуы тұрғысынан құнды.   

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: