Отандасымыздың стартап жобасы Канадада топ жарды

9 Маусым 2022, 12:41 2035

Фото: evecalls.com

Қазақстандық Әсел Беглинованың стартап жобасы Канададағы Google for Startups тарапынан үздік деп танылды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz.

«Әсел Беглинова есімді отандасымыз Канадада кәсіпкерлерге көмектесетін сервис ойлап тапты. Оның стартабы Канада мен Америка Құрама Штаттарындағы жүздеген компаниялар арасында топ жарып, үздік атанды», - деп жазды Бағдат Мусин.

Ол Google for Startups акселераторы Қазақстанда, атап айтқанда Astana_hub-та да бар екенін атап өткен. Оның құрылтайшылары Орталық Азияның барлық елдері, Моңғолия және Әзірбайжан арасында таңдау жасап, бізді өңірлік серіктес ретінде таңдаған.

«Яғни, Astana Hub және Google for Startups ұсынған Silkway акселерациялық бағдарламасына Орталық Азия, Әзербайжан және Моңғолия елдерінен Product/market fit сатысында стартап-компаниялар қатыса алады. Іріктеу нәтижелері бойынша 15 үздік жоба Нұр-Сұлтан қаласында өтетін және 3 айға созылатын акселерацияға тегін қатыса алады. Стартапыңызды жаңартқыңыз, және одан әрі дамытқыңыз келсе, 12 маусымға дейін тіркеліп үлгеруге мүмкіндігіңіз бар», - деп жазды министр.

Бөлісу: