Отан үшін от кешкен қария

30 Сәуір 2020, 13:09 3257

Ұлы Отан соғысының ардагері, көлік сақшысы Александр Тищенко туралы

Халқымызға төнген ең ауыр күндер Ұлы Отан соғысы жылдары еді. Сол сұрапыл соғыстың аяқталғанына биыл 75 жыл толып отыр. Бүгінде өткен күндер мен отты жылдардың қасіреті тарих қойнауына еніп, кейінгі ұрпаққа естелік ретінде айтылып келеді. Алайда сол кезеңнің зардабы ешқашан ұмытылмақ емес. Әрқашан жадымызда жаңғырып тұратын бұл соғыс талай жанның өмірін қыршынынан қиып, әйелді жесір, баланы жетім етті. Қаншама үйді тірегінен айырды. Сол жылдарда елі үшін қасық қаны қалғанша шайқасып, жастық шағын құрбан еткен қаншама азаматтарымыз майданға аттанды. Олардың бірі ұрыс алаңында ерлікпен қаза тапса, біріне жеңіс туын желбіретіп азаттықтың ақ таңын қарсы алу бұйырды. Жеңіс мерекесіне орай Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан кейінгі 25 жылын қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге арнаған 96 жастағы қария–Александр Тищенкомен әңгімелесудің сәті түскен еді.


(Суретте: Ұлы Отан соғысының ардагері, көлік полицейі Александр Тищенко)

Ашық дереккөздерден алынған мәліметтерге сүйенсек Ұлы Отан соғысына 1941-1945 жылдары 1 млн 500 мың қазақстандық қатысыпты. Оның ішінде 700 мың адам қаза тапқан. Ал 500-ге жуық Қазақстан азаматы Кеңес Одағының батыры атағын алған. Иә, соғыс ешкімді аямады. Бірақ қаһарман ерлік пен батырлық, қайсарлық пен шыдамдылық бәрін жеңіп шықты. 1941 жылдың 22 маусымында басталып, үздіксіз бес жылға созылған сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен батырларымыз бен ардагерлерімізге тағзым етеміз.

Соғыс шарпыған балалық

Александр Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ясная Поляна ауылында дүниеге келген. Отбасындағы жалғыз перзент балғын балалық шақтың қызығын көрмей ер жетеді. Мәпелеп өсірген әке-шешесінен ерте айырылып, жетімдіктің азабын тартады. Александр небәрі 2 жасқа келгенде әкесі қайтыс болады. Бірнеше жылдан кейін жасөспірім шағында анасы да дүние салады. Тағдырдың тауқыметін кешіп, он жасынан аштық, жоқшылық жайлаған қасіретті жылдарда Александр Тищенко туған-туысын жағалап жүріп өмір сүреді. Соғыс басталған жылы ол 17 жастағы бозбала еді. Еш ойланбастан Отан үшін, өз еркімен соғысқа баруға сұранып, жазылады. 1942 жылы 12 тамызда 17 жасар жас жеткіншек әскер қатарына шақырылады. Оқу жаттығуларын Владимир облысы Гороховец лагерінде пулеметші мамандығы бойынша өткізеді.


– Мен соғысқа баруға өз еркіммен Отан үшін барып жазылдым. Майдан даласында атқыш- пулеметші болғым келді. Ол кезде пулемет өте аз болатын. Бірақ сол жылдары тым жас болдым, бәрі мен ойлағандай оңай болмады. Қиналдым, талай боздақтың өмірін жалмаған соғысты көрдім. Ол сәттер мәңгілік менің жадымда сақталып қалыпты. Пулеметтің құрылымдары мен механизмдері өте ауыр еді. Мен оны иығыма салып арқалап жүрдім. Кейін жоғарыдан ұшақтан пулеметпен атуға тура келетін күндер де болды. Қан майданда ыстық оқ атылып жатқанда жаумен соғыстық, берілмедік, – деді Александр Тищенко.

   Пулеметші Тищенко

Ардагер көп қиындықтарды көріп, соғысқа аттанар шақта не себептен пулеметші болып жазылдым деп өкінген кездері де болыпты. Ол көзіне жас алып жылдар бойы қалыптасқан дәстүрден аттамай, ұмытпай құттықтап келетін жандар туралы да айтуды ұмытпады. Әңгіме барысында Александр Александрович естен кетпейтін соғыс жылдарын жанарына жас үйіріп, есіне алды.


– Менің жадымда 1944 жылдың 6 қаңтары өмір бойы сақталып қалды. Неге десеңіз сол күні майданда ауыр жарақат алдым. Бірақ Ленинград майданында қанша жау ұшақтарын атып түсіргенім есімде жоқ. Біздің сол кездегі ең маңызды міндеттеріміздің бірі ұшақтарды атып, жаудан қорғану болатын. Ұрыс алаңы, шайқас болып жатты. Менің сол жерде жараланып, құлағаным есімде. Көзімді ашсам, жанымда тірі қалған адам жоқ. Сол жерде қалып қоятын шығармын деген үрей бойымды биледі. Жағдайымның қиын екенін түсіндім. Өз-өзіме келгенше қасымдағы жаралы солдаттарды жинап алып жүрген машина мені байқамай кетіп қалды. Қалып қоятын болдым деп қатты қынжылдым. Көмектесіңдер, Көмектесіңдер! – деп айқайлап қалғаннан басқа амалым болмады, – деді А.Тищенко.

Майданда жараланып, қатты қиналып жатқан қария Александр жаратушыдан көмек сұрайды. Көзіне жас алып, жастайынан әке шешесінің мейірімін көрмеген қиындықпен, жетімдікпен өткен күндерін, елестетеді. Өзінің аман қалып, жеңіспен оралғысы келетінін тілейді. Содан бірер сәттен соң ол майдан алаңында қаза болған солдаттардың жанына өтіп бара жатқан тағы бір көлікті көреді. Олар жаралы Александрды бірден байқап, өздерімен бірге алып кетеді. Сол жылы ерлігі үшін Александр Тищенко алғаш рет «Қызыл жұлдыз»медалін алған еді.

1944 жылдың сәуірінде Ленинградты қоршаудан азат етуге қатыстым. Сол жерде мен Ленинград майданының 8-ші армиясы құрамында болдым. Ал 1944 жылдың маусымында Прибалтиканы азат етуге және Маннергейм шебі қорғанысын бұзып өтуге арналған ұрыстарға қатыстым.

Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Александрович 1944 жылдың 22 қарашасында басынан жарақат алып, екі ай бойы дала госпиталінде емдеуде болады. Жарақаты жазылып, емін алып шыққан бойда батыр қайтадан берілмей фронтқа шайқасқа кетеді. Ұрыста өзге батырларымызбен бірге Калиниградқа дейін жетеді. Сол жерде жеңіс туын қарсы алады.

Батырдың отбасы

Александр Тищенко тек 1950 жылы туған жеріне оралады. Солтүстік Қазақстан облысының Қарақоға деген елді-мекеніндегі әкесі мен анасы жерленген топыраққа аяқ басады. Содан жергілікті Желілік полиция бөліміне жұмысқа орналасады. Жан жары Лидия Григоревнамен сол жерде танысады. Лидия екеуінен үш қыз дүниеге келеді. Әйелі 30 жыл мұғалім болып мектепте балаларға білім береді. Батырдың өзі ел тыныштығы жолында полиция бөлімінде қызмет етеді. Жары Лидия 90-шы жылдары өмірден өтеді. Бүгінде ардагердің үш қызының біреуі өмірден қайтқан. Екі қызы бар. Біреуі Ресейде тұрады. Ал әкесінің жанында болып, перзенттік парызын орындап, бағып қарап отырған Лариса деген қызы екен. Ол Александр Тищенкомен үнемі бірге жүреді. Лариса да жетпіс жастың белесіне келген қария. Александрдың Ларисадан бір немересі, екі шөбересі бар.


(Суретте: Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Тищенко замандасымен бірге)

– Мен майдангер әкемді мақтан тұтамын. Ұлы Отан соғысының ардагерінің ұрпағы болғанымды зор қуанышпен айта аламын. Әкем өткен күндерін жиі еске алып, айтып отырады. Ерліктің үлгісін көрсеткен, кешегі соғыс ардагері ретінде әкеме үнемі құрмет көрсетіледі. Ол зейнетке шыққаннан кейін бау-бақша өсірумен айналысты. Қазір қартайды, үйде отырады. Оның ғұмырының ұзақ болуын тілеймін, – деді ҰОС ардагері Тищенконың қызы Лариса.

Александр ақсақал әлі де тың. Қоғаммен біте қайнасып келеді. Бұрынғыдай жүре алмаса да, ел жаңалықтарынан хабардар болып отырады. Соғыс жылдарын, замандастарын жиі есіне алады.

Желілік полиция бөліміндегі 25 жыл

Ұлы Отан соғысы ардагері 96 жастағы қария Александр Александрович Тищенко соғыстан кейінгі 25 жылын Петропавл ст.ЖПб-де қызмет еткен. Оның ішінде үш жылын жол полициясындағы қызметіне арнаған. Одан кейін жедел уәкіл болып, талай қылмыскерлерді құрықтаған. Көліктегі ПД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есболат Шаймерденов соғыс ардагері туралы былай дейді:

– Біздің көлік полицейлерінің ішінде Қазақстан бойынша Ұлы Отан соғысына қатысқан үш ардагеріміз бар. Олардың біріншісі Петропавлдағы Александр Тищенко, екіншісі Тараздағы Иван Макеев. Ал үшіншісі ШҚО Защита станциясындағы Андрей Зайцев. Біз соғысқа қатысып, одан кейінгі өмірін құқық қорғау саласына арнаған батыр ардагерлерімізді әрқашан мақтан тұтамыз. Жыл сайын жеңіс күні мерекесінде қызметтік көлікке ардагерлерімізді отырғызып алып, жеңіс салютін көрсетеміз. Әр желілік бөлімдерге арнайы ардагерлерімізді алып барып, ерлік сабақтарын өткіземіз. Біздің тәртіп сақшыларының да осы Ұлы Отан соғысының ардагерлері сияқты ержүрек әрі батыл болып, елін сүюдің ерен үлгісін өз құлақтарымен естіп, көздерімен көріп, үлгі алса дейміз. Тек жеңіс мерекесі қарсаңында ғана емес, әр кез біз оларға хабарласып, амандығын біліп қолымыздан келгенше көмегімізді аямаймыз.


(Суретте: Петропавл станциясындағы Желілік полиция бөлімі қызметкерлері соғыс ардагері Александр Тищенконың үйінде)

Жақын күндері Петропавл станциясындағы Желілік полиция бөлімі басшылығының қызметкерлері ардагер Александр Тищенконың үйіне барып, әлемді жаулаған вирустың алдын алу мақсатында үйінің кіреберісін залалсыздандырып, қажетті дәрі-дәрмектерін мұқтаж болған заттарын апарып беріп, мерекемен құттықтап қайтыпты.

– Петропавл станциясындағы Желілік полиция бөлімі басшылығының Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және ІІО ардагерлеріне деген құрметі зор. Әсіресе көпті көрген ақсақалдарымызды біздер ешқашан ұмытпаймыз. Александр Тищенко Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде жылда біз ұйымдастыратын мерекелік іс-шараларға келетін. Біздің қызметкерлерге тәрбиелік мәні бар әңгімелерін, басынан өткен қызықты оқиғаларын айтып кететін еді. Биыл қарияға өзіміз бардық. Ол кісі ширек ғасырға жуық өмірінде көпті көрді, ерлік көрсетті. Енді қартайды, денсаулығына байланысты үйінде ем алып жатыр, – деді Көліктегі ПД Петропавл ст. Желілік Полиция бөлімі кадр саясаты бойынша орынбасары, полиция полковнигі Тілеуберген Яфарұлы.

Соғыста көп жарақат алған Алексанр Александрович емделіп шыққан соң, 99-шы шекара отрядына қызметке жіберіледі. Ал 1945 жылы А.Тищенко жолдама бойынша аумақтық кіші командирлер мектебіне Солтүстік Қазақстан облысы МҚМ басқармасының жанында құрылған жедел-іздестіру қызметіне қызметке жіберіледі. Сол жерден 1954 жылы Петропавл ст Желілік милиция бөлімшесіне қызметке ауыстырылады. 1975 жылы денсаулығының сыр беруіне байланысты 51 жасында еңбек демалысына шығады. Оның «Қызыл жұлдыз», І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені және тағы да басқа 15 шақты медальдары бар. Қазіргі таңда балаларының ортасында өз үйінде тұрып жатқан көпті көрген қария жеңіс мерекесі қарсаңында елімізге амандық, бейбітшілік пен ынтымақ тіледі.

Дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы қазақ халқының өмірінде үлкен таңба қалдырды. Зұлмат жылдарда елді жаудан қорғау үшін қаншама жауынгеріміз қан майданында көз жұмды. Олардың бірі ұрыс алаңында қаза тапса, біреулері жараланып жан тапсырды. Үйлеріне оралмай іс-түзсіз жоғалғандары қаншама. Ерліктің үлгісін көрсетіп пулеметпен жау сарбаздарының көзін жойған Александр Тищенконың ерлікке толы мағыналы ғұмыры көпке үлгі болып қалары анық. Біз де өз кезеңімізде қарияға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілейміз. Қазақ елі әрқашан Александр секілді батыр ардагерлерімізбен мақтанады. Олардың жүріп өткен жолы, ғұмыры тарих қойнауында мәңгілікке сақталып қалары сөзсіз.

(Суреттер: Көліктегі ПД Петропавл ст. Желілік полиция бөлімінен алынды )

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: