Қостанайда түрік мәдениетіне арналған мереке өтті

6 Қараша 2018, 05:04 2434

«Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі және облыстық Достық үйі Түрік мәдениетіне арналған мерекені атап өтті.

Сахна төріндегі өнерпаздар мың бұрала би билеп, шарықтата ән салды. Көрермендер Түркия мемлекеті туралы сұрақтарға жауап беріп, түрік сериялдары бойынша білімдерін сынасты.

Мереке аясында түрік халқының тәтті тағамдарына арналған көрме ұйымдастырылды. Қостанайлықтар кадаиф, пахлава, симит, шекерпаре сынды тәттілерден дәм татты. Түрік арулары бұл тағамдардың құрамымен және ерекшеліктерімен бөлісті.

Түрік мәдениетіне арналған мереке  аясында «Гювеч» мейрамы және «Türk Güveç Şenliği» аспаздық байқауы өтті. Гювеч – түрік халқы тағам әзірлейтін қыш құмыра. Түрік арулары гювеч-қыш құмыраларында ұлттық тағамдар дайындады. Байқауға қатысқан алты ару қазылардың таңдауына көкөніс, ет, теңіз өнімдері, туралған еттен жасалған тағам түрлерін ұсынды!

- Түркия елінде қыш ыдыстарда даярланған тағамдар сұранысқа ие. Әрбір бикеш қыш құмырада тағам пісіре алуы қажет. Байқауға қатысушы аруларымыз алдымен тәжірибелі апаларымыздың ас әзірлеу шеберліктерімен танысып, содан соң өздері тағам дайындады, - деп жеткізді Руфина Мустафа.

Ең жас қатысушы Медина Абилова жеңімпаз атанды. 10 жасар аруымыз асшаяндар қосылған дәмді тағам әзірледі.

Бөлісу: