Қостанайда Социалистік Еңбек Ері, тракторшы Кәмшат Дөненбаеваны еске алды

19 Қыркүйек 2018, 03:09 3906

Қостанайда облыстық Достық Үйінде Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР жастарының тәлімгері, тракторшы Кәмшат Дөненбаеваның туған күні қарсаңында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Іс-шараға Кәмшат Байғазықызының туыстары, достары, әріптестері, қоғам қайраткерлері жиналып, оның өмірі мен қажырлы еңбек жолын еске алды. 

Іс-шара барысында ұлы еңбекқордың суреттерінен құрылған көрме ұйымдастырылды, Кәмшат Дөненбаеваның келіні Ақмарал Жақсыбаева құнды суреттер туралы ақпарат келтірді.

«БАҚ-да анамның көптеген суреттері жарық көрді, бірақ баспа бетттеріне түспеген суреттері де бар екен. Мысалы, мынау - анамның жас кезінде түсірілген ескі сурет. Бұл суретті бізге былтыр, анамыз қайтыс болғаннан кейін бір қарт ана табыстады. 1961 жылы бұл суретті анам  әскердегі сарбазға жіберген екен, ал оның отбасы бұл суретті сақтап қойыпты. Біз оны қалпына келтірдік. Венгрияда түсірілген сурет те бар, анам Венгрияда бір баланың кіндік анасы атанды», – деп бөлісті А. Жақсыбаева.

Ақмарал Жақсыбаева бір топ авторлармен бірлесіп Кәмшат Дөненбаева туралы кітап шығару жұмысын қолға алғандығын жеткізді.

«Анам өмірден озбас бұрын маған өзі туралы барлық материалдарды жинап, кітап шығаруды тапсырды. Анамның қалауы және өтішіні болғандықтан, біз бұл істі жүзеге асырудамыз. Бізге баспа үйі қолдау көрсетуде, анамның өмірі мәнді де өнегелі болғандықтан ол туралы кітап жазу бір адам үшін қиынға соғады. Мен анамды еске алуға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылғанына өте қуаныштымын. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақты тәрбиелеу үшін қажет», – деді Ақмарал Жақсыбавева.

Дөңгелек үстел барысында Кәмшат Дөненбаева туралы көптеген жылы лебіздер айтылды. Модератор Жанділдә Мақанов Кәмшат Байғазықызының ұлы тұлға екендігін атап өтті, себебі оның еңбек жолын екінің бірі қайталай алмайды, жеткен белесін бағындыра алмайды. Жас отбасылар қыздарының есімдерін Еліміздің батыр қызының есімімен атайды.  

Меңдіғара ауданының Соснов ауылдық округі Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Кәмшат Дөненбаеваның әріптесі Анатолий Шабанов өз естеліктерімен бөлісті.  

«Кәмшат Дөненбаева қандай еді? деген сұрақ қойылса, мен, ол - сіз бен біз сияқты қарапайым болатын, деп жауап қайтарам. Мен онымен 1972 жылы институтты бітіргеннен кейін ауылға жұмыс істеуге барғанда таныстым. Маған тракторшы әйел жұмыс жасайтындығын айтқан болатын, сондықтан мен онымен танысу үшін арнайы бардым.  Ол МТЗ тракторында жұмыс жасайтын, ол кезде жылу аппараты да, желдеткіш те болмаған. Кейін оқу курсын тәмамдап К-7 «Кировецке» отырды. Ол жақсы жұмыс істеп, елеулі көрсеткіштер көрсетті. Таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыс жасады. Жұмыскерлер жетпеген уақытта Кәмшат Дөненбаева қыздарды техникамен жұмыс жасауға шақырды. Кәмшат Байғазықызы жұмыскерлер арасында құрметке ие болған, ол үшін арнайы қолдан трактор дайындап шығарған. Сонымен қатар, оған К-700М жаңа техникасын сынақтан өткізуді сеніп тапсырған. Ол келісімін берді, алайда трактор бұзылып қалып, жұмыс барысы тоқтап қалды. Мен Ленинградқа жеделхат жөнелттім. Ал Кәмшат келіп: «Зауытқа қоңырау шалу керек, біз ұзақ кақыт күте алмаймыз», - деді.  Ол зауыттың бас конструкторы Поповқа қоңырау шалып мәселемізді жеткізді, келесі күні  ауылымызға Киров зауытының қызметкерлері келді. Олар бір күннің ішінде К-700М жөндеп шықты. Түнде Кәмшат Дөненбаева егістікке жұмысқа шықты. Кәмшат Дөненбаева шынайы даңқтың еңбекпен келетінін танытқан адам болатын», – деді А. Шабанов.

Кәмшат Байғазықызы туралы жақсы естеліктермен бөлісетін адамдар көп болды. Бәрі де оның ізбасарларының көп болуын тіледі.

Кәмшат Дөненбаева еңбекте үлгілі жұмыскер болса, өмірде  жақсы жар, аяулы ана, ардақты әже бола білді. Оның 4 баласы, 14 немересі бар және 2 шөбересіне батасын беріп кетті. 

Бөлісу: