Қостанайда ауқымды экологиялық челлендж өтеді

3 Қыркүйек 2019, 10:47 2160

Қостанайда Қазақстан мен Ресейдің шекаралас ынтымақтастығы аясында «Tobyl - dostyq ózeni» атты бірінші халықаралық жастар лагері өтті. 

Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Қорған, Тобольск қалаларының (Ресей), Қостанай, Жітіқара, Лисаков, Рудный қалаларының өкілдері үшін «Белая юрта» («Ақ шаңырақ») демалыс аумағында жастар лагерін ұйымдастырды.

Іс-шараны Қостанай қаласына арнайы сапармен келген Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Нұрболат Наржанов ашты.


«Қазақстан халқы Ассамблеясымен ұйымдастырылған бұл маңызды іс-шараның міндеті - жас ұрпақты тарту арқылы жалпыұлттық бірлік пен халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту. Қазақстан мен Ресейдің шекаралас ынтымақтастығының аясындағы бұл лагерь шексіз достықтың тағы бір айғағы. Екі мемлекет рухани және географиялық тұрғыдан тығыз байланыста, өзара қолдау танытады, бірлескен жобаларды іске асырып, халық игілігі үшін қызмет жасайды», - деді Н. Наржанов.

Іс-шара аясында жастар қанатының белсенді мүшесі Абылайхан Кәкенов Тобыл өзенінің жағалауын тазарту бойынша экологиялық сенбілік ұйымдастыру туралы ұсынысын жеткізді. Бұл идеяны Қостанай облысының қатысушылары ғана емес, Ресей Федерациясының өкілдері де қолдады. Эко-челлендж 21 қыркүйек күні  басталмақ.

«Біздің бұл Қазақстанға алғаш рет келуіміз, барша қауым бізді жылы шыраймен қарсы алды. Біз жастар лагеріне жиі қатысамыз, ал Қостанай жеріндегі іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған»,  - дейді Тобольск қаласынан келген жастар.


А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің проректоры, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Әлімжан Бекмағамбетов жастарға дәріс оқып, Ассамблеяның қызметі туралы баяндап, толеранттылықтың маңыздылығын жеткізді, тиімді ұлтаралық қарым-қатынас құрудың негізгі ережелерін үйретті.

Қостанай облысы бойынша «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі, «Қазақтелеком» АҚ бөлім басшысы Индира Иванова мемлекеттік тілді жетік меңгергендігінің арқасында қызмет жолында қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, өз тәжірибесімен бөлісті. Жастар тілдерді дамытуға қатысты мәселелерді талқылап, тіпті тілдерді меңгертуге бағытталған педагогикалық тәжірибені жақсарту жөнінде ұсыныстарымен бөлісті.

Іс-шара соңында қатысушыларға дипломдар мен Алғыс хаттар табысталды.


Бөлісу: