Қостанай облысының әкімі қиын сәтте қол созған барлық Қазақстандықтарға алғыс білдірді

10 Қыркүйек 2022, 13:35 1323

Бұл туралы Архимед Мұхамбетов өзінің желідегі парақшасында жазды

Қостанай облысының әкімі қиын сәтте қол созған барлық Қазақстандықтарға алғыс білдірді, деп хабарлайды El.kz.
Бұл туралы Архимед Мұхамбетов өзінің желідегі парақшасында жазды.

«Жақында ғана өңірімізде кенеттен орын алған алапат өрт – тұтас ел бірлігінің бекемдігіне түскен ауыр сынақ болды. Күнделікті тірлігін жасап, мамыражай өмір кешіп отырған жерлестеріміз бір-ақ сәтте әбігерге түсіп, үрейден ес жия алмай қалды. Айтып келмейтін апат – тілсіз жау Әулиекөл ауданындағы орасан зор орман алқабы күлге айналдырып, 100-ден аса үйді жермен жексен етті. Салдарынен жүздеген жерлестеріміз баспанасыз қалып, құрбан болған жағдай да тіркелді. Алайда «ақылды басшы елді апатқа алдырмас» дегендей Президентіміз – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев төтенше жағдайды алғашқы күннен бастап жеке бақылауына алды. Тіпті, өңірге арнайы жұмыс сапарымен келіп, өртті ауыздықтап, зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету бойынша Үкіметке тиісті тапсырмалар берді. Нәтижесінде өрт қаупі тез сейіліп, 7 қыркүйек күні өңірдегі жағдай толық тұрақтанды», – деп жазды Қостанай облысының әкімі.

Ол келесі кезекте – бүлінген дүниені қалпына келтіріп, тұрғындарды үйреншікті өміріне қайтару міндеті тұрғанын хабарлады. Сонымен қатар осы мәселеге байланысты мемлекет басшысы қабылдаған жедел шешімдер нәтижесінде тұрғын үй құрылысына 2,3 млрд. теңге қаражат бөлінгенін жазды. Қазіргі таңда еліміздің құрылыс компаниялары үйлердің құрылысына кірісіп кетті.
Мемлекетпен қатар, отандық ірі кәсіпорындар, банктер мен қайырымдылық қорлары да ортақ іске ат салысып, өз қаражаттарына бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысын бастады.

««Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Өрттен зардап шеккендерге қол ұшын созып, гуманитарлық көмек жіберуге ат салысқан халықтың ықыласында шек жоқ. Облысымыздың ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар тиелген жүк көліктері әлі күнге ағылып келіп жатыр. Арнайы ашылған «Қайырымдылық.KZ» қорына қазірдің өзінде 700 млн. теңгеден артық қаражат түсті. Келген көмекті іріктеп, таратуға, тасуға облыстың еріктілер қауымы ерекше үлес қосуда.Бұл әрине, көңілді толтырып, жүректі елжірететін құндылық. Бұл сынақ біздің біртұтас халқымыз үшін береке мен бірліктің маңызы қаншалықты құнды екенін көрсетті. Сондықтан осы бір орайлы сәтте, бастарын қатерге тігіп, жағдайды тұрақтандыруға, халықты құтқаруға үлес қосқан өрт сөндірушілерге, полиция қызметкерлеріне, әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарға ерекше ризашылығымды жеткізгім келеді»-деп жазды әкім.

Сонымен қатар Қостанай облысының әкімі тілсіз жаудан зардап шегіп, ауруханаға түскен жерлестеріміздің өмірі мен денсаулығы үшін күрескен ақ халатты абзал жандарға алғыс білдірді.

«Қиын сәтте Қазақстанның әр аймағынан көмек қолын созған барша отандасымызға, кәсіпкерлерге басқа да қоғамдық ұйымдарға зор ықыласымды білдіремін!Сын сағатында «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, қызу тірліктің ортасында жүрген облыстық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелеріне, облыстық жауапты мекемелердің қызметкерлеріне, білім саласының ұйымдарына, еріктілерге айтар алғысым шексіз.Осы сындарлы сәтте Президентіміз шұғыл шаралар қабылдап, мемлекет пен қоғам өкілдерін дер кезінде жұмылдырды. Бұл қиындықты еңсеруге бізге үлкен демеу болды. Мемлекет басшысының өз саяси ұстанымдарына бекем, нәтижелі әрекет жасайтын тұлға екендігіне осы төтенше жағдайда тағы бір мәрте көзіміз жетті.Әділетті мемлекетте біртұтас ұлт болып ұйысып, берекелі қоғам құруға болатынына сеніміміз нығая түсті» - деді Қостанай облысының әкімі.

Ұлтына, дініне, жасына қарамастан ел басына күн туғанда азаматтарымыздың бір кісідей жұмылып, бірлік көрсетуі – Мемлекет басшысы ұсынған «бірлігіміз - әралуандықта» қағидасының іс жүзіндегі тағы бір дәлелі болды. Әділетті мемлекетте біртұтас ұлт болып ұйысып, берекелі қоғам құруға болатынына көзіміз жетті.

««Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» деген. Лайым, осы бірлігіміз бекем болып, әрбір күніміз жақсылықтың жаршысына айналсын! Еліміздің аман, жұртымыз тыныш бола берсін!», - деп жазды Архимед Мұхамбетов.

Бөлісу: