Қостанай облыстық ҚХА-сы «Яблочный спас» мейрамын атап өтті

22 Тамыз 2019, 10:10 2016

Қостанай облысының орыс қауымдастығы молшылық пен мейірім мерекесі – «Яблочный спасты» ұйымдастырып өткізді.

Қостанай облысының орыс қауымдастығының белсенді мүшелері мен облыстық орыс драма театрының әртістері  қиын өмірлік жағдайға душар болған бейімдеу орталығындағы тәрбиеленушілерге сыйлық таратып, бүлдіршіндермен бірге «Яблочный спас» мейрамын атап өтті. 


Орыс қауымдастығы бұл дәстүрлі мейрамды жыл сайын қаланың орталығында қарсы алатын, биыл іс-шара ұйымдастырушылары қайырымдылыққа бет бұрды.  

«Біз «Яблочный спас» мейрамын кең ауқымда емес, жағымды ортада ұйымдастыруды жөн санадық. Балалар біздің театрға жиі келеді, қойылымдарымызды тамашалайды, ал біз, әртістер қауымы, бұл орталыққа алғаш рет келуіміз. Бұл мейрам достығымыздың бастамасы. Біз балаларға ойын арқылы халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын, мәдениетін таныттық, тәтті сыйлықтар үлестіріп, шат-шадыман көңіл-күй сыйладық», - дейді орыс қауымдастығының төрағасы Юрий Ивлев.


Аалаларға арналған бейімдеу орталығының төрінде орыс халқының болмысын танытатын көрме ұйымдастырылып, оған ұлттық экспонаттар, 15 келі алма және пештен жаңа шыққан хош иісті бәліштер қойылды. Бүлдіршіндер үшін Мыстан кемпір мен Һас батыр қызыққа толы ойындар ұйымдастырды. Олар балаларды екі топқа бөліп, өзара жарысқа түсірді. Жас өрендер алманы себетке лақтырып баскетбол ойнады, арқан тартысты, жұмбақ шешті.

Іс-шара соңына қарай балалар мерекелік дастарқан басына жиналып, дәмі тіл үйірер алма қосылған бәліштерден дәм татып, достықтың белгісі ретінде бір-біріне алма ұсынды.

Бөлісу: