Қостанай мен Қарағандыда жастар Форумы өтті

29 Қаңтар 2019, 11:22 1955

Жастар жылының басталуына орай Қостанайдың Достық үйінің ұжымы  «Бірлік қанаттары» атты мерекелік концерт ұйымдастырып, жиналған қауымды этномәдени бірлестіктердің жастар қанаттары өкілдерімен дайындалған 2019 жылға арналған күнтізбемен таныстырды.

Іс-шара барысында ұйымдастырушылар  ұлттардың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының ұқсастығын көрсетуге тырысты.

Мысалы, қазақ халқы қуанышты жария ету, бөлісу мақсатында және бұл қуаныштың өзгелерге жұғысты болуы үшін шашу шашады. Неміс халқы да шашу шашады, бірақ тәттілердің орнына күріш қолданады.

Күнтізбенің бір парақшасында неміс халқының ұлттық киімін киген Евгений Сотников пен оның жұбайы Анастасияның шашу рәсіміне дайындалу сәті бейнеленген. 

Қазақ халқының домбырасы мен орыс халқының домрасы – рухани тұтастық нышаны. Музыкалық аспаптарды шебер меңгерген шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Залина Цечоева және он саусағынан өнер тамған Әмірхамзин Наурызбай тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды.

Қазақ халқының «Тұсау кесу» рәсімі корей халқының асяндиімен ұқсас. Күнтізбеде тұсауы кесілгелі отырған сүп-сүйкімді бүлдіршіннің суреті бейнеленген.

Қазақ аруларының көркі - қолаң шаш. Қос бұрым әсемдіктің, пәктіктің белгісі болып саналады. Украиндық бикештер де шаш күтіміне ерекше мән береді. «Флеш» ұжымы «Василина» биін орындап, сұлулығымен баурап алды.

Қазақ елі қызғалдақтың Отаны болып саналады, алайда Түркия елі үшін де бұл гүлдің айрықша мәні бар. «Горцы Ахыска» кавказ би ансамблі қызғалдақтармен би билеп, көктемнің лебін сыйлады.

Ал Қарағандыда Жастар жылына арналған «Сарыарқа жастары» олыстық   Форум өтті.

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының жастарды үйлестіру Кеңесі мен өңірдің жоғары оқу орындары ұйымдастырған шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өтті және ол стартаптардың тұсаукесерін, сондай-ақ, «Даму» қорының аймақтық филиалын тарту арқылы инновациялық жобалар көрмесін қамтыды.

Бүгінде өңірдің жоғарғы оқу орындары облыстық Ассамблеямен бірлесе отырып қарағандылық жас буын өкілдерін полиэтникалық Қазақстанның дәстүрлі құндылықтарына тарту бойынша үлкен жұмыс жүргізуде, азаматтылық пен толеранттылық қағидаттарына негізделген жаңа қазақстандық қоғамды құру ісіне үлкен үлес қосуда.

Форум аясында Қарағанды Мемлекеттік медицина университеті жанынан өңірдегі алғашқы «Жарасым» студенттік клубының салтанатты ашылуы өтті.  Мұндай клубтар әзірге тек Алматы мен Павлодарда ғана бар. «Жарасым» республикалық жастар ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев қарағандылықтар мен студент жастарды құттықтап, алдағы уақытта жақсы идеяларды іске асырып, бірлесе табысқа жетуге тілектестік білдірді. Шара Қарағанды облысы Ассамблеясының алғыс хаттарын табыстаумен және концерттік бағдарламамен мәресіне жетті.

Бөлісу: