Өскеменде ұйықтап кеткен жүргізуші көпқабатты үйге соғылды

21 Мамыр 2023, 16:22 731

 Өскемен қаласында көлік жүргізіп келе жатып ұйықтап кеткен ер адам көпқабатты үйдің есігіне соғылды, деп хабарлайды  Еl.kz ақпарат агенттігі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі жол-көлік оқиғасы 20 мамырда түнгі уақытта қаладағы Гагарин бульвары көшесінде болғанын мәлімдеді. 

Subaru Forester маркалы көлікті жүргізіп келе жатқан 35 жастағы жүргізуші кенет ұйықтап кетті. Соның салдарынан көлік жолдан шығып, №32 көпқабатты үйдің подъезіне соғылған. Абырой болғанда, жол апатынан ешкім зардап шеккен жоқ, - деп жазылған аталған ақпаратта.

Тәртіп сақшылары көлік жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырған. 

Көлік соққысынан үйдің кіреберісінің күнқағары жерге құлап, есікті жауып қалған. Далаға шыға алмаған үй тұрғындары құтқарушыларға қоңырау шалған көрінеді.

Хабар түсе салысымен ТЖД қызметкерлері оқиға орнына келіп жетті. Гидравликалық құралдың көмегімен құлаған күнқағар жолдан алынып тасталды, - деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіндегілер. 

Асқар Таудай
Бөлісу: