Қошанов: Бұл сессия күллі қоғам үшін күрделі де тарихи кезеңде өтті

29 Маусым 2022, 21:41 1200

Депутаттар демалысқа кетті.

Бүгін біз жетінші шақырылымдағы Мәжілістің екінші сессиясының жұмысын аяқтадық. Бұл туралы ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды EL.KZ.

Баршаңызға мәлім, бұл сессия күллі қоғам үшін күрделі де тарихи кезеңде өтті. Мемлекет басшысы саяси трансформация жасауды қолға алып, ауқымды конституциялық реформалар жариялады. Өткен сессияда Мәжілістің 42 жалпы отырысы өтіп, онда 271 мәселе қаралды. Палатаның қарауында 127 заң жобасы болды. Оның 75-і мақұлданып, Сенатқа жіберілді. Соның ішінде депутаттық корпус бастамашылық еткен 27 заң жобасымен жұмыс істеді. Бұл – Палатаның қарауына енгізілген заң жобалары санының 21 пайызы. Мақұлданған заң жобалары бірінші кезекте Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Олардың ішінде Омбудсмен туралы, Рақымшылық жасау, Өлім жазасын жою, Сайлау, Республикалық референдум, Саяси партиялар, сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы заңдар бар - деді Мәжіліс спикері.

Өткен сессияда парламенттік бақылау тетіктері де одан әрі дами түсті.

Мәжілісмендер мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалардың атына 355 депутаттық сауал жолдады. Олар қоғамды толғандыратын ең көкейкесті мәселелер көтерді. Депутаттардың Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша республикалық референдумды қолдап жүргізген өңірлердегі жұмысын ерекше атап өткім келіп отыр. Сонымен қатар азаматтардың өтініштерін жинақтап, қорыту және оларды шешу үшін Үкіметке жіберу тәжірибесі жоғары нәтиже берді. Қаңтардағы қайғылы оқиғаны тергеу барысы туралы мәселе Мәжіліс отырысында егжей-тегжейлі талқыланды. Сол отырыста құзырлы органдар тарапынан қоғамда туындаған көптеген сұрақтарға жауап берілді - деді Ерлан Қошанов.

Бірқатар өзекті мәселелерді терең зерттеу мақсатымен Палата маңызды іс-шаралар өткізді. 

Атап айтқанда, Қазақстанның су саласын дамыту мәселелері бойынша парламенттік тыңдау, түрлі тақырыпта өткен 10 Үкімет сағаты және т.б. Сессия барысында Палата құрылымы «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобымен толықты. Ал Мәжілістің Қоғамдық қабылдауы тұрғындар тарапынан туындаған өзекті мәселелерге жедел көңіл бөлуге жол ашты. Палата мен азаматтық қоғам арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ету үшін Қоғамдық палата құрдық. Осылайша, өткен сессия жұмысы қарқынды әрі нәтижелі болды деп айта аламын. Ал жетінші сайланған Парламенттің жұмысын біз ертең Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қорытындылаймыз. Алда өңірлерге сапарлар, халықпен кездесулер күтіп тұр. Кезекті сессияда депутаттық корпустың жұмысы конституциялық реформаларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Біз әділетті әрі жаңа Қазақстанды құру жолында заң шығару процесіне зор жауапкершілікпен қараймыз - деді ол.


EL.KZ
Бөлісу: