Өртке қарсы шараларды күшейтуді қажет ететін өңірлер айқындалды

30 Шілде, 12:34 446

Үкімет отырысы барысында Олжас Бектенов өртке қарсы шаралар уақтылы, тиімсіз жүзеге асырылатын бірқатар өңірді белгіледі, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Абай, Жетісу, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында су көздерінің түбін тереңдету жұмыстары жүргізілген жоқ. Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарында отын қорымен қамтамасыз ету мәселелері толық шешілмей отыр. Қостанай облысында өрттің алдын алу және сөндіру жөніндегі тиісті жедел штаб уақтылы құрылмаған. Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында өртке қарсы жер жырту жұмыстары баяу жүріп жатыр. Онсыз дала немесе орман өрттерін ауыздықтау қиын болады. Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылдарын қураған өсімдіктер мен қоқыстардан тазарту жұмыстары әлі аяқталған жоқ, — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов өңір әкімдеріне осы мәселеге ерекше назар аударуды және өрттің алдын алуға бағытталған жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Олжас Бектенов трансшекаралық аумақтардағы өрттерді бақылау үшін күштер мен құралдардың тұрақты дайындығы қажеттігін атап өтті.

Бүгінгі таңда Ресеймен шекаралас аймақтарда өрт ошақтары тіркелген жоқ. Дегенмен, Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекараның ұзындығын ескере отырып, өрт қаупін жоққа шығаруға болмайды.

Сондықтан жедел әрекет ету және шектес аумақтардан өрттің өтіп кетуіне жол бермеу үшін күштер мен құралдардың үнемі әзірлігін қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ Ресей Федерациясының тиісті қызметтерімен уақтылы хабардар ету бойынша өзара іс-қимылды күшейту қажет, — деді Олжас Бектенов.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: