19.11.2025
12:03
535
Орташа жалақы – 429 мың теңге: Жұманғарин халықтың табысын есептеп берді

Орташа жалақы – 429 мың теңге: Жұманғарин халықтың табысын есептеп берді

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елдегі халық табысы мен жалақы өсіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Вице-премьердің айтуынша, мемлекет жеке сектордағы жалақы деңгейіне тікелей ықпал ете алмайды, алайда нақты динамика жалақының өсіп жатқанын көрсетеді.

Тоғыз айдың қорытындысы бойынша номиналды жалақы өсімі 10 пайыз болды. Ал нақты өсім – теріс. Мұның себебін өздеріңіз де білесіздер, ол ең алдымен инфляцияға байланысты. Бірақ жыл әлі аяқталған жоқ, – деді Жұманғарин.

Ол халық табысы тек айлықпен шектелмейтінін, оған сыйақылар, жыл соңындағы төлемдер мен үстемақылар да кіретінін атап өтті.

Жеке бизнес жалақыны белсенді түрде көтеріп жатыр. Қазір орташа жалақы – 429 мың теңге. Бұл – 10 пайыздық өсім, – деді вице-премьер.

Оның айтуынша, үкіметтің басты міндеті – инфляцияның табыс өсімін «жеп қоюына» жол бермеу:

Біз халықтың нақты табысы 2-3 пайызға өсуі тиіс дейміз. Бұл дегеніңіз – инфляция деңгейіне қосылған 2-3 пайыз номиналды өсім. Мәселе осыда, – деп түсіндірді Жұманғарин.