01.03.2026
17:11
306
Ортақ  үйдегі мереке

Ортақ  үйдегі мереке

Алғыс айту күні – орны бөлек мереке. Бір өлкеде тұратын сан ұлттың ортақ үйіне тәу етіп, алғысын білдіретін күн. Мерекеге орай дастарқан жайып, бір-біріне алғыс айтатындар да бар. Дейтұрғанмен осы күннің символикалық мәні тереңде жатыр.

Сан ұлтты құшағына сыйдырған ел

XX ғасырдың ауыр кезеңі көптеген халықтың өмірін түбегейлі өзгертті. Кеңес дәуіріндегі саяси шешімнің салдарынан мыңдаған отбасы туған жерінен күштеп көшіріліп, қазақ даласына келді. Корейлер – Қиыр Шығыстан, немістер –  Еділ бойынан, шешендер мен ингуштар Солтүстік Кавказдан жер аударылды.

Шетсіз-шексіз көрінген жол оларды Қазақстанмен қауыштырды. Азып-тозып жеткен өзге ұлт өкілін көрген қазақтар жатсынбады. Барын бөлісті, жерсінуге жағдай жасады. Осындай бауырмал ұлтты көрген олардың бойында сенім мен сыйластық пайда болды.

Сөйтіп, Қазақстанға келген этностар жаңа өмір бастады. Олар ауыл шаруашылығын дамытты, өндіріс орындарын салуға атсалысты, ғылым мен мәдениетті өркендетуге үлес қосты. Тағдыр тәлкегімен келген жұрт  осы елдің толыққанды азаматына айналды.

Мәдениет пен өнердің тоғысы

Кейін келе елімізде  корей театрлары, неміс мәдени орталықтары, татар және ұйғыр өнер ұжымы құрылды. Дәлірек айтқанда, корей диаспорасы ауыл шаруашылығы мен ғылым саласына үлес қосты. Неміс қауымдастығы өндіріс пен инженерияның дамуына атсалысты. Ұйғыр, татар, славян халықтары мәдениет пен білім саласын байытты.

Әр халық өз мәдениетін сақтай отырып, ортақ қоғамдық кеңістікті қалыптастырды.  Ешкім тілге, дәстүрге, дүниетанымға қатысты шектеу қойған жоқ. Сол үшін өзге этнос өкілдері өзегін сақтай отыра Қазақстанның бір бөлшегіне айналды. Осы үрдіс оларды  бөлген жоқ, қайта ортақ үйдің игілігіне жұмыс істеуге кірісті. Наурыз мерекесінде әр ұлттың қазаны қайнап, дастарқаны жайнады. Түрлі әнін арнап, биін биледі. Мұның өзі қазаққа көрсеткен құрмет-ті. Осындай мерекелер ел ішін этникалық айырмашылығына қарай бөлмей, ортақ азаматтық позицияға біріктірді.

Ортақ үйдің игілігі үшін

Бүгінде Қазақстандағы аз ұлт өкілдері барлық салада еңбек етіп келеді. Олар кәсіпкер, ғалым, дәрігер, ұстаз, өнер иесі ретінде қоғам дамуына үлес қосып жатыр. Мысалы, «әкем – кәріс, анам – татар, ал өзім қазақпын» дейтін жастар көбейді. Олар өзінің қоғамның бір бөлшегі екенін, ортақ  отанды гүлдендіре алатын күші барын біледі. Содан да болар қай салада болмасын ортақ үйдің игілігі үшін бар потенциалын көрсетеді.

Иә, Қазақстанда тек қазақтың емес, бірқатар этностың ортақ шежіресі жазылып жатыр. Оларды елім дейтін жүрек біріктіреді. Олар жыл санап ортақ құндылыққа, жаңашылдыққа, бәсекеге қабілетті ел болсақ дейтін арманға қадам басады.