Орталық музейде Қазақстанға қоныс аударған 16 этнос жәдігері көрерменге ұсынылды

2 Наурыз, 04:20 807

Алматыдағы мемлекеттік орталық музейде «Бір шаңырақ астында» халықтық-қолөнер көрмесі өтті. Көрме барысында келушілер назарына түрлі этнос өкілдерінің жәдігерлері ұсынылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, музейде XVII-XVIII ғасырларда қазақ еліне қоныс аударған 16 түрлі этнос өкілдерінің жәдігері жинақталған.  

Қазақстанға әуелі Ресейден, Беларусьтен, Украинадан шаруалар қоныс аударған. Ал XIX ғасырда Қытайдан ұйғырлар мен дүнгендер қоныс аудара бастады. ХХ ғасырда социалистік революциялар, ұжымдастыру, халықтарды жаппай депортациялау мен қуғын-сүргін және екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында халық көші арта түсті.   

Көрмеге «Ватандаш» қырым татарларының мәдени орталығы, Қазақстандағы  ұйғырлар республикалық этно-мәдени орталығы, Қазақстандағы күрдтердің «Барбанг» қауымдастығы, «Ренессанс» Алматы мәдени-этникалық қоғамы, «Вензь» поляк мәдениетінің орталығы, Алматы облысының «Вайнах» шешен-ингуш бірлестігі және «Вошал» ингуш этно-мәдени орталығының өкілдері қатысты.

Шараға жиналған өзге ұлт өкілдері қиын-қыстау кезеңде ата-бабаларына пана болып, есігін айқара ашқан, бір үзім нанды бөліп жеген және бүгінгі күні әр халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дәріптеуіне мүмкіндік беріп отырған қазақ еліне шексіз алғысын білдірді.

Оқи отырыңыз: 

Перизат Саденова
Бөлісу: