Орталық Азияның венчурлық нарығының болашағын қалыптастыруда Қазақстанның үлесі қандай

1 Желтоқсан, 23:08 863

Соңғы жылдары Қазақстанның Орталық Азияны технологиялық хабқа айналдыруда жетекші рөлге ие болғанын көріп отырмыз. Венчурлық инвестициялардың өсуі, жергілікті стартаптардың табысы және халықаралық инвесторлардың назары Қазақстанды инновациялардың жаһандық картасында маңызды ойыншыға айналдыруда деп сеніммен айта аламыз. Осы орайда халықаралық инвесторлардың назарын аударатын қандай дүние бар және аймақтың батыс венчурлық нарықтан айырмашылығы неде деген сауалдар туындайтыны рас. Ал оларға жауапты EA Group инвестициялық холдингінің СЕО маманы Ерік Әубәкіровтен сұрап көрдік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Иә, кейінгі уақытта Қазақстан инновациялардың серпінді орталығына айналып келеді. Біздің аймақ жаһандық инвесторлар үшін жаңа тартымдылық нүктесін қалыптастыра бастады және бұл жекелеген мамандардың пікірі ғана емес, нақты сандармен расталған факт.

2024 жылдың көктемінде RISE Research, BGlobal Ventures, сонымен қатар Crunchbase компанияларындағы, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен KPMG Caucasus and Central Asia-дағы әріптестерімізбен бірігіп ССА аймақтың (Орталық Азия және Кавказ) венчурлық нарығына ауқымды зерттеу жүргіздік. Нәтижесінде соңғы бес жылда біздің өңірде венчурлық инвестициялар көлемі 5,5 есе артып, өсу қарқыны бойынша Солтүстік Еуропа елдерін басып озғаны белгілі болды. Соның ішінде Қазақстан Орталық Азия мен Кавказ елдері арасында көшбасшы атанды: соңғы алты жылда елімізде венчурлық мәмілелер сомасы 6 еседен астам өссе, ал соңғы алты жылда мәміленің орташа мөлшері 3,8 есеге өсті.

Әлемдік венчурлық нарыққа әсер ететін табыс тарихы

Егер біз венчурлық нарықтың дамуы, халықаралық инвесторлардың назары және олардың аймаққа, одан қалды жаһандық нарыққа әсері туралы айтатын болсақ, ең алдымен жергілікті стартаптардың халықаралық технологиялық индустрияға өз үлесін қосқан немесе халықаралық аренада өздерін жариялаған кездегі табыс тарихына назар аударғанымыз жөн.

Солардың ішінде ең бірегейі деп Kaspi.kz-ті айтуға болады. Kaspi.kz-тің NASDAQ-қа 18 миллиард доллармен орналастырылуы 2024 жылы төрткүл дүниеге қазақстандық финтех және электрондық коммерция экожүйесінің әлеуетін ашты. Сонан соң компания көршілес Өзбекстандағы қызметін кеңейтіп қана қоймай, Түркияда ірі маркетплейс сатып алып, жергілікті инновациялар белгілі бір аймақтармен ғана шектелмейтінін дәлелдеді.

Алайда мұнымен де тоқтап қалған жоқпыз. Қазақстандық өзге стартаптар да өздерін халықаралық нарықта жариялап үлгерді. Мысалы, S1lkPay финтех-стартапы АҚШ-тағы төлем жүйесіне патент алса, ал Cerebra AI-дің medtech-стартапы инсультті ерте диагностикалау технологиясымен американдық нарыққа шықты. Халықаралық нарықта Parkour да жұмыс істеп жатыр (айтпақшы, бұл жобаға салынған инвестиция EA Group үшін бірінші болды). Қазір компания 17 елде жұмыс істейді, Солтүстік Америкадан бастап MENA-ға дейін қамтиған. Инвестиция салған тағы бір жобамыз – Hero’s Journey жуық арада Нью-Йоркте өз студиясын ашатынын жариялады.

Бұл көптеген мысалдардың бір парасы ғана. Орталық Азиядан, соның ішінде Қазақстаннан шыққан стартаптар бүкіл әлем бойынша табысты және сұранысқа ие жобалар жасап жатқанын мақтанышпен айтуға болады. Олардың жетістіктері туралы ақпараттар жаһандық инвесторларға бүкіл аймақтың әлеуеті туралы мағлұмат береді және жаһандық венчурлық нарыққа айтарлықтай әсер етеді.

Инвесторлар қазақстандық жобаларға неліктен инвестиция салады?

Қазақстан халықаралық инвесторлар арасында үлкен қызығушылық тудыратынын айттық. Rise Research зерттеулеріне сәйкес, халықаралық ойыншылардың қаржысына салынған инвестиция көлемі 50%-дан асады.

Бұл неге байланысты? Бұған дейін айтып өткенімдей, бірінші кезекте жергілікті стартаптардың табысты жобалары маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар халықаралық инвесторлардың назарын аударатын төрт себепті атап өткім келеді:

Білікті кадрлар: мықты техникалық білім нарықты талантты жобалаушылармен қамтамасыз етеді. Ал Батыс нарығында білікті кадрлар тым қымбат тұратындықтан, бұл стартаптардың дамуын тежейтіні анық;

Стратегиялық орналасуы: Қазақстан – Еуропа мен Азия арасын түйістіретін негізгі нүкте;

Салыстырмалы түрде лайықты бағаланбау: Орталық Азиядағы венчурлық мәмілелердің орташа мөлшері Батыстан айтарлықтай төмен. Мысалы, Қазақстанда соңғы алты жылда келісімшарттардың орташа көлемі 3,8 есеге өсті, сөйте тұра әлі де АҚШ немесе Еуропа деңгейіне жақындай алған жоқпыз. Алайда мұндай бәсекелестіктің төмендігі мәмілелерді мейлінше тиімді шарттармен жасай алатын халықаралық инвесторларға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Мемлекеттік қолдау: Батыста венчурлық экожүйелер дегеніміз – бұл ондаған жылдар бойы тәжірибе мен капиталды жинақтау арқылы қалыптасқан, әбден пісіп-жетілген құрылымдар, ал Қазақстан әлі де болса белсенді өсу сатысында тұр және инфрақұрылым да қалыптасып біткен жоқ, нормативтік-құқықтық база да жетілдіре түсуді талап етеді. Бізде қазірдің өзінде салықтық жеңілдіктер, гранттар мен бағдарламалар, технологиялық сектордың өсуіне жағдай жасайтын Astana Hub сияқты инновациялық хабтар бар.

Қазақстандық инвесторлар да жергілікті жобаларға белсенді түрде инвестиция салатынын атап өту маңызды. Егер 2023 жылы жобалардағы халықаралық және жергілікті инвесторлардың үлесін салыстыратын болсақ, онда қазақстандық ойыншылар мәмілелердің жалпы санының 80%-дан астамына қатысқанын көреміз.

Қазақстандық венчурлық нарықтың болашағы

Қазақстанның аяққа нық тұрған компаниялар мен капитал үшін жоғары бәсекелестік үстемдік ететін Батыс нарықтарынан басты айырмашылығы – еліміздің бірегей мүмкіндіктер ұсынатындығында:

Қазақстанның инвесторлар үшін тартылыс нүктесіне айналуына толыққанды мүмкіндігі бар. AI, FinTech және MedTech — бұл еліміздің әлемдік аренада елеулі қадамдар жасап жатқан бағыттары.

Таяу жылдары біз Қазақстаннан әлі де талай алыптың шығатынына куә боламыз. Алайда бұл үшін инфрақұрылымды әрі қарай дамытып, халықаралық ынтымақтастық және білім беру бағдарламалары арқылы экожүйені қолдауды жалғастыру қажет.

Перизат Саденова
Бөлісу: