Орталық Азияға ортақ Археогенетика институтын ашу керек - Ұлттық құрылтай мүшесі

22 Маусым 2023, 13:00 2921

Отандық ғылымның қазіргі жай-күйі туралы El.kz ақпараттық агенттігі Ұлттық биотехнология орталығы Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі, Жас ғылымдар альянсының және Ұлттық құрылтайдың мүшесі Мақсат Жабағинмен тілдескен еді. Ол саладағы бірнеше өзекті мәселеге тоқталып, шешу жолдарын ұсынды.

El.kz: Мақсат, генетик ретінде айтыңызшы, шежіреміз ғылыми тұрғыдан қаншалықты зерттелген?

Мақсат Жабағин: Ғалым әрі саяхатшы Шоқан Уәлихановтың қазақтың шежірелік мұрасына қатысты «Бұл дастан-шежіренің барлығы – ішіндегі айтылып отырған оқиға, мақал-мәтелі, халық әдеті қазақ халқының өткен тарихи және рухани өмірін суреттейді, қазақ тарихын жазу, оның шығу тегін анықтау үшін таптырмайтын тарихи дерек» деп айтқаны бар. Бүгін бұл сөздердің мәні мен мағынасы арта түсті. Шежіре ғылым тұрғысынан өте кешенді әрі терең ұғым. Мен генетик ғалым ретінде шежірені зерттеуді заманауи ғылым деңгейіне шығаруда тарихшы, археолог, антрополог, биоинформатик ғалым әріптестеріммен бірге он жылдай еңбектеніп келемін. Жуырда өткен Ұлттық Құрылтайда аса маңызды әрі қызықты зерттеу нәтижелерін көпшілікке жария еттім.

Генетикалық зерттеулерміз Шежіренің астарында миф жатпағанын, көп дерек тарихи шындыққа жанасатынын дәлелдеді. Қазақ руларының негізін қалаушы аталарының көпшілігі генетикалық шығу тегі жағынан Жошы ұлысы хандарының әмірлері мен бектерінен бастау алатындығы айқындалды. Бірақ генетикалық тамыр одан да терең екенін көрсетеді. Бұл аталардың арғы тегі Еуразияның әртүрлі халықтарымен туыстығын байқатты. Әрине Орта Азия – ұлы тарихи көші-қонның тоғысқан жерінде орналасқан. Соның нәтижесінде қалыптасқан генетикалық әртүрлілік бүгін Орта Азия халықтарының бойында сақтаулы. Ол біздің ортақ тегімізді айқындайды, ортақ мәдени мұрамыздың белгісі.

Сонымен қатар Шежіре жеті атамен шектелмейді. Арғы әжелеріміздің көп есімі дәстүрлі шежіреде сақталмаса да, олардың генетикасы біздің бойымызда сақтаулы әрі сол арқылы біз әлемнің әр түпкірімен генетикалық туыстығымыздың бар екенін байқаймыз. Жалпы алғанда, жетінші ұрпақ бойында 128 ата-әженің генетикасы бар. Қазақтың жақыннан қыз алыспау дәстүрін ескере отырып, 128 ата-әже әртүрлі ру-тайпалардан тұрғаны күмән жоқ. Генетикалық зерттеулер оны анық көрсетеді: солтүстікте не оңтүстікте, шығыста не батыста, болмаса орталықта тұратын қазақ қандай да ру-тайпадан шықса да геномдық тұрғыдан араларында ешқандай айырмашылығы жоқ – біртекті генофонд және оның біртұтас генетикалық қауымдастық ретінде қалыптасып бітуі Ұлы Жошы ұлысы және Қазақ хандығының құрылу кезеңімен тура келеді. Ал генетикалық тұрғыдан қазақтың қалыптаса бастауы ерте заманнан келе жатыр. Ол археологиялық қазбалардан шығатын сүйектерде сақталған көне ДНҚ зерттеулерден белгілі болды. Мысалы, шығыс скифтер қорғандағы сүйектерден алынған көне ДНҚ олардың қыпшақ тілдес халықтарымен генетикалық сабақтастығын көрсетті. Қазақстаның солтүстігінде ораналасқан энеолит дәуірінің Ботай тұрағынан табылған адам сүйегінің әке жақтан генетикасы бүгінде қазақ популяциясында кездеседі.

El.kz: Демек, бұл соңғы уақытта жүргізілген зерттеулердің қорытындысы ғой?

– Иә. Осынау тың ғылыми жаңалықтарға қол жеткізуге соңғы бес жылдықта мүмкіндік арта түсті. 2019 жылы білім және ғылым салаларына арналған Тамыз конференциясында, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында тұрып, ғылыми қауымның мұң-мұқтажын, талап-тілегін жеткізген едім. Содан бері Президенттің тікелей қолдауымен ғылымда көп мәселенің басы шешіліп келеді: қаржыландыру үш есе артты, соның ішінде іргелі ғылым ошақтарына тікелей қаржыландыру беріле бастады, жетекші ғалымдарға тұрақты жалақы бөлінді, гранттарға конкурс үш жылда бір рет емес, жыл сайын жарияланатын болды, оның ішінде жас ғалымдарға арнайы гранттар бар, шетелде үздік ғылыми орталықтарда тағылымдама өтуге жыл сайын 500 ғалымға мүмкіндік беріледі. Ұлттық ғылым академиясынаның мәртебесі жоғарылап, Президент жанынан Ұлттық ғылыми кеңес ашылды. Бірақ кейбір міндеттер әлі жүйелі түрде орындала қойған жоқ. Мемлекеттік басқарудағы бюрократия мен бітпейтін келісімдерді жинау көп игі бастамалардың тежегіші болып отыр. Бүгінгі заман талабы – мәселелердің шешім тез табу. Ол үшін барлық деңгейде өкілекттілік пен жауапкершілікті ұлғайту керек, әсіресе ғылым саласында. Қарқынды дамып келе жатқан әлемдік ғылыми ойға біздің ғалымдар уақытында ілесе отырып, серпінді зерттеу жүргізуге мүмкіндік жасау үшін ғылым саласында бүгін қажет ететін бірнеше мәселеге назар аударғым келеді.

El.kz: Ол қандай мәселелер?

Мақсат Жабағин: Бірінші, 2022 жылы Президент еліміздің барлық мемлекеттік ғылыми мекемелері мен жоғары оқу орындарын Ғылым және жоғары білім министрлігіне беру мәселесін пысықтауды тапсырған. Наукометриялық сараптама бойынша негізінен Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырындағы мекемелер Қазақстанның халықаралық ғылым рейтингісін көтеріп тұр. Жоғары деңгейдегі халықаралық жарияланымдарда шыққан ғылыми мақалалар саны басқа министірліктерге қарайтын ғылым ошақтарына қарағанда 150 есе көп, басқа ведомстволардың үлесі аз, ғылыми мекемелердің хал-ахуалы төмендеп кеткен. Еліміздің бар ғылыми әлуетін Ғылым және жоғары білім министрлігінде жинақтау уақыт күттірмейтін орынды бастамасы, оны іске асыру керек. Әр саланың ғалымдары осы шешімнің орындалуын асыға күтуде. Осы мәселе бойынша мемлекет басшысына хат та жолдаған ғалымдар бар. Бұл ғылым саласында біртұтас мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін шынымен де аса қажет деп сенемін.

Екінші, Қазақстанның ғылыми көкжиегін кеңейтуге арналған президенттік бағдарлама қабылдау қажет. Ол қазақ ғалымдарының адамзат табиғатын және әлемді танудағы халықаралық ғаламат жобаларға қатысуға және бастауға мүмкіндік береді. Ол үшін қазақ ғалымдарына зерттеу жүргізуде шетелдің ғалымдарымен тең жағдай жасау керек, тек сонда ғана біз бәсекеге түсе аламыз. Өкінішке қарай бүгін Қазақстанда ондай жағдайға жету үшін әлі бірталай уақыт пен дұрыс бағыттағы реформалар іске асуы қажет. Бірақ бүгін ғылымда жүрген жас ұрпақ өз потенциалын жоғалтып алмас үшін осы бағдарлама аясында Қазақстанға аса қажетті және ауыз толтырып айтар нәтижелері бар ғылымның басым бағыттары бойынша әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен келісімге келіп, қазақ ғалымдарынан құралған топтар сол жерде ұзақ мерзімді орналасатын қазақстандық топ немесе лабораториялар филиалдарын ашу орынды шешім болар еді. Бұл ұсынысты қазір шетелде жүрген қазақтың дарынды ғалымдарын тікелей қолдаудан бастап, төңірегіне Қазақстаннан ғалымдарды топтастыру арқылы жақын арада іске асыруға болады. Ғалымдарға бөлінетін тағылымдаманың бір түрі ретінде үш жылдық ғылыми топтарға арналған тағылымдаманы енгізген дұрыс. Екінші жақтан шетелдік жас талантты ғалымдарды Қазақстанның ғылыми орталықтарына тартуға арналған постдок бағдарламасы қажет. АҚШ, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея сияқты елдер осындай бағдарлама аясында өздеріне бүкіл әлемнен талантты жас ғалымдарды таратады. Сонымен қатар отандық ғылымның көкжиегін кеңейтуде Ұлыбритания, АҚШ және Япония үлгісі бойынша Қазақстан елшіліктерінде ғылыми атташе лауазымын құрып, ғылыми дипломатияның кеңінен дамуына жол ашу да абзал.

Үшінші, Ұлттық ғылым академиясының қайтарылған жоғарғы мәртебесімен қоса дербес заңды формасын талап етеді. Кезінде білім саласында тез арада халақаралық деңгейдегі білім ошағын ашу мақсатында Назарбаев Университетіне дербес білім беру ұйым формасы берілген. Нәтижесінде қарқынды қаражат салумен қатар бүгін біз еліміздің білім драйверіне айналып келе жатқан, түлектері бетке ұстар мекемені көріп тұрмыз. Осы тәжірбиенің ең ұтымды жақтарын ала отырып Ұлттық ғылым академиясының заңдық формасын дербес ғылым жүргізу ұйымы ретінде қабылдап, Назарбаев Университетіне бөлінген қаражат көлеміндегі соманы Академияға бағыттау, Ұлттық ғылым академиясының Қонаев қаласында заманауи ғылыми қалашығын, жаңа ғылым орталықтарын салуға және ол жерде келешек ғылыми сауатты ұрпақты, болашақ казақтан шығатын Нобель сыйлығының лауреаттарын тәрбиелеуге мүмкіндік болады деп сенемін.

Төртінші, ол мега гранттардың қажеттілігі. Бұл дүниежүзінде бар оң тәжірбие. Мұндай мега гранттар тек Қазақстанның мүддесі үшін жүргізілетін зерттеулер емес, ол адамзат баласының дауына ықпал жасайтын жаһандық зерттеулер болуға тиіс. Міндетті түрде халықаралық жетекші ғылыми топтардың қатысуымен және отандық жаңа ғылыми мектептің қалыптасуына арналған болуы керек. Мысалы, Орта Азия халықтарының Шежіресін, яғни генофондын және тарихын зерттеуді кешенді түрде тек осындай мега грант аясында ғана жүзеге асыруға болады. Өйткені ол пәнаралық бағытты дамытуды қажет етеді. Заманауи ғылым бағыттары – палеогенетика, палеопротеомика, биоинформатика және радиоизотоптық хронология дәстүрлі тарих, генеалогия, археология және антропология зерттеулерін дүние жүзінде қарқынды жаңа деңгейге шығарып жатыр. Физиология және медицина бойынша 2022 жылғы Нобель сыйлығы археологиялық зерттеулер барысында табылатын сүйектерде сақтаулы көне ДНҚ-ны зерттеудің пионері, профессор Сванте Пабоға жойылып кеткен гоминидтердің геномдары мен адам эволюциясы туралы зерттеулері үшін берілді. Қазақстан территориясында сан алуан тарихи кезеңдерге жататын археологиялық ескерткіштер бар. Бірақ олар кешенді түрде Қазақстанда заманауи ғылым бағыттарымен өзіміздің елімізде зерттеліп келе жатқан жоқ. Археологиялық зерттеулердің өзі біртұтас жүйемен жүргізілмейді. Археологиялық лицензияны алып алған кәсіпкерлер мәдени мұрамызды құртып отыр. Антропологиялық ғылыми мектептің қалыптасуы кемшін. Сондықтан бүгін елімізде заманауи генетикалық, палеогенетикалық, изотоптық, радикарбондық әдіс арқылы сүйектің жасын анықтайтын және физикалық антрополгия лабораториялардың бар болуын, кешенді биобанк инфрақұрылымын қажет етеді, археологиялық қазбалардан табылатын барлық сүйектерді бір жерде тиянақты сақтап, жан жақты сипаттап зерттеуге арналған Археологиялық Ұлттық қойманы ашуды талап етеді. Он жыл бұрын, мен және әріптесім Жақсылық Сабитов осы бағыттың маңыздылығын сол кездегі Мемлекеттік хатшыға жеткізген болатынбыз. Нәтижесінде елімізде Генетика институтында популяциялық генетика лабораторисы ашылды, шетелдік ғалымдармен тығыз селбестікте алғашқы палеогенетикалық зерттеулер жасала басталды. Сонымен қатар бүгін Қазақ Шежіресін зерттеуде Ұлттық биотехнология орталығы, Назарбаев Унивреситеті, М.Айтқожин атындағы Молекуларлық биология және биохимия институты да жұмыс атқарып келеді. Осы бағытта жинақталған ғылыми потенциалды мемлекет тарапынан жүйелі түрде біріктіріп, Орта Азияда бірден бір заманауи Археогенетика институтын ашуды мега грант және пәнаралық мета-зерттеулер аясында жоспарлау қажет.

El.kz:Сонда Қазақтың Шежіресі әлі талай ғылыми зерттеуге «азық» болады демексіз бе?

Мақсат Жабағин: Әлбетте. Шежіреден бас тарту – ұлт тарихынан, алыс-жақын көрші халықтармен қосатын тамырлас туыстығымыздан және мәдени мұрамыздан бас тарту. Шежірені білу ол өз руына, қаныңа тарта беру емес, ол қалай қазақ болғаныңды анықтау. Кешегі тарих, бойымыздағы шежіре, яғни генетика, және заманауи ғылым келешек ұрпағымызға ұлттық болмысын тануда бағдар бола алады.

 

Әзиз ӘБІШ
Бөлісу: