Білім

«Орталық Азия» емес: Түркия неге «Түркістан» атауын қайтарғысы келеді?

28.05.2026 09:05
Ажар Лаубаева
Фото: Арман Мухатов

Қазір қазақстандық жастар шетелде білім алу үшін ең жиі таңдайтын елдердің бірі – Түркия. Бұған оқу ақысының қолжетімділігі ғана емес, ортақ мәдениет пен рухани жақындық та әсер етсе керек. Соңғы жылдары екі ел арасындағы студент алмасу бағдарламалары көбейіп, жаңа білім жобалары іске қосылып жатыр. Түркиядағы білім жүйесінің ерекшеліктері мен қазақстандық жастардың қызығушылығы туралы Түркия Елшілігінің білім жөніндегі кеңесшісі Өмер Инан айтып берді.  

– Өмер мырза, жуырда ғана Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қазақстанға ресми сапармен келді. Кездесу барысында білім мен мәдениет саласына қатысты да маңызды мәселелер көтерілді. Сіздің ойыңызша, бұл сапардың екі ел арасындағы гуманитарлық байланыс үшін маңызы қандай болды?

Фото: Арман Мухатов

– Әрине, президентіміздің Қазақстанға сапары өте маңызды болды. Астанада Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің VI отырысы өтті. Жиында білім беру, мәдениет және сауда салаларындағы маңызды мәселелер талқыланды.

Білім саласындағы басты жаңалықтардың бірі – Қазақстанда, нақтырақ айтсақ, Астана мен Алматыда «Türkiye Maarif Vakfı» білім беру мекемелерін ашу мәселесінің жаңа кезеңге өтуі болды. Қазір бұл бағытта Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігімен бірлескен жұмыстар жүріп жатыр. «Maarif» қоры – бүгінде халықаралық деңгейде танылған ірі білім беру ұйымдарының бірі.

Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің маңызы да ерекше аталды. Бұдан бөлек, соңғы сапар барысында «Абай – Акиф Ерсой» студент алмасу бағдарламасы іске қосылып, екі ел жастарына жаңа білім мүмкіндіктері ұсынылды.

Жалпы, бұл сапар тек дипломатиялық кездесу емес, ортақ рухани құндылықтар мен мәдени байланысты нығайтқан маңызды қадам болды. Анадолыдағы түрік халқы Түркістанды ата-баба мекені ретінде қабылдайды. Қазақстандықтар да Түркияға барған кезде өздерін бөтен елде жүргендей сезінбейді. Бұл – халықтарымыз арасындағы шынайы бауырластықтың көрінісі.  

– Енді Түркияның білім саласындағы халықаралық тәжірибесіне тоқталсақ. Жалпы білім беру жүйесінде көбіне қай елдердің моделіне сүйенеді? Қазақстанмен салыстырғанда қандай ерекшеліктерді байқайсыз?

– Түркияның білім саласындағы мамандары әлемдегі реформаларды тұрақты түрде зерттеп отырады. Әсіресе халықаралық ұйымдардың тәжірибесіне назар аударамыз. Бірақ ешбір елдің жүйесін сол күйінде көшірмейміз, оны өз мәдениетімізге және ұлттық құндылықтарымызға бейімдеуге тырысамыз.

Қазір Түркияда «Türkiye Yüzyılı Maarif Müfredatı» деп аталатын жаңа білім бағдарламасы енгізіліп жатыр. Ол 2024-2025 оқу жылынан бастап кезең-кезеңімен жүзеге аса бастады. Бағдарламаның маңызды ерекшелігінің бірі – ұлттық сана мен тарихи жадыға басымдық берілуі. Сол себепті біз «Орталық Азия» атауынан гөрі «Түркістан» ұғымын қолдануға көбірек мән беріп жатырмыз. Өйткені Түркістан – түркі халықтарының ортақ тарихи-өркениеттік кеңістігі.

Әлемдік тәжірибеге келсек, Финляндияның мұғалім даярлау жүйесі, Германияның дуальды білім беру моделі, Англияның бағалау тәсілі, Жапонияның мектеп мәдениеті мен Оңтүстік Кореяның цифрландыру тәжірибесі Түркияда жан-жақты зерттеледі.

– Сіз жаңа атап өткендей, Түркияда мектеп оқулықтарындағы «Орталық Азия» терминін «Түркістан» деп өзгерту бастамасы көтеріліп жатыр. Сіздің ойыңызша, бұл өзгеріс түркі халықтарының ортақ тарихи санасы мен рухани байланысына қалай әсер етеді?

– Бұл – тек «Орталық Азия» атауына қатысты мәселе емес, өз тарихымыз бен болмысымызды өз атауымыз арқылы таныту мәселесі. «Орталық Азия» – сырттан берілген ұғым. Ал бұл өңірдің тарихи атауы – Түркістан, яғни түркі халықтарының ортақ мекені. Оның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан секілді елдердің барлығы бар.

Сондықтан «Түркістан» атауы жастардың тарихи санасын қалыптастырады деп ойлаймын. «Мен Түркістаннанмын» деген сөз тек географиялық аймақты емес, тұтас өркениет пен тарихи тамырды білдіреді. Бұл ортақ мәдени сәйкестік пен рухани байланысты күшейтетін маңызды ұғым.

Өкінішке қарай, бұл өңір халықтары ұзақ уақыт түрлі қысымды бастан өткеріп, көптеген тарихи атаулар ұмытылып кетті. Соның салдарынан сырттан таңылған атаулар қалыпты нәрсе болып қабылдана бастады. Қазір біз өз жерімізді тарихи атауымен қайта атауға ұмтылып жатырмыз. Меніңше, бұл ортақ көзқарас пен рухани жақындасуға да әсер етеді.

Фото: Арман Мухатов

– Қазіргі таңда Түркияда оқушыларға түркі әлемінің ортақ тарихы мен мәдениеті қалай оқытылып жатыр? Жастардың бұған қызығушылығы байқала ма?

– Иә, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Біздің мақсатымыз – жастардың өз тарихи тамырымен және рухани болмысымен байланысын күшейту. Қазір мектептерде түркі дүниесіне қатысты тақырыптар бірнеше пәннің аясында оқытылады.

Мысалы, орта мектептердегі «Қоғамтану» пәнінде тарих пен география бірге қарастырылады. Ал лицейлерде «Ортақ түркі тарихы» және «Ортақ түркі әдебиеті» атты арнайы таңдау пәндері бар. Сонымен қатар тарих сабақтарында ғұндар, көк түріктер, ұйғырлар, Қарахан мемлекеті, селжұқтар секілді түркі мемлекеттеріне ерекше назар аударылады.

Бұдан бөлек, TİKA, YTB, TÜRKSOY секілді ұйымдардың қызметі де оқушыларға таныстырылады. Қазір Түркі мемлекеттері ұйымы аясында ортақ тарих оқулықтарын әзірлеу мен ортақ әліпби қалыптастыру бағытында да жұмыстар жүріп жатыр.

– Түркияда жоғары білімнің қолжетімді екені жиі айтылады. Көптеген елмен салыстырғанда оқу ақысының төмен болуы немен байланысты?

– Түркияда жоғары білім беру жүйесі негізінен мемлекеттік және жекеменшік университеттер болып бөлінеді. Мемлекеттік университеттерде Түркия азаматтары тегін оқиды. Бұрын аздаған оқу жарнасы болған, кейін ол да толықтай алынып тасталды. Егер студент оқуын уақытында аяқтаса, ешқандай ақы төлемейді. Тек оқу мерзімі созылған жағдайда ғана символикалық төлем жасайды.

Бұл – мемлекеттің жоғары білім саласын тікелей қаржыландырып, қолдау көрсетуінің нәтижесі. Сонымен қатар қашықтан оқу немесе кешкі бөлімдердегі төлемдер де аса қымбат емес. 

Ал жекеменшік университеттер оқу бағасын өздері белгілейді. Соған қарамастан Қазақстаннан келетін көптеген студент осы оқу орындарын таңдап жатады. Бұл Түркиядағы жоғары білімнің қазақстандық жастар үшін де салыстырмалы түрде қолжетімді екенін көрсетеді.

Әсіресе мемлекеттік университетке түсіп немесе грант жеңіп алған студенттер оқу ақысы туралы мүлде алаңдамайды.

– Қазақстан мен Түркия арасындағы студент алмасу бағдарламалары туралы айтып өтсеңіз. Қазір жастар үшін қандай мүмкіндіктер бар?

– Қазір бұл бағыт өте белсенді дамып келеді. Бізде қайтарымсыз гранттық бағдарламалар бар. Сонымен қатар «Mevlana» секілді студент алмасу жобалары жұмыс істейді. Мұндай бағдарламалар арқылы Қазақстан мен Түркия студенттері бір-бірінің университеттерінде білім алып, тәжірибе жинай алады.

Бұдан бөлек, толық гранттық «Türkiye Bursları» бағдарламасы бар. Бұл – Түркияда жоғары білім алуға мүмкіндік беретін ең ірі жобалардың бірі. Бағдарлама аясында студенттердің жол ақысы, жатақханасы, медициналық сақтандыруы және ай сайынғы шәкіртақысы толық қамтылады.

Фото: Арман Мухатов

– Соңғы жылдары «Türkiye Bursları» бағдарламасына қызығушылық айтарлықтай өсті. Қазақстаннан түсетін өтініштер бойынша қандай өзгеріс байқап отырсыз? Бәсеке күшейді ме?

– Қазақстанда ата-аналар білімге ерекше мән береді. Сондықтан Түркияға оқуға қызығушылық жыл сайын артып келеді. «Türkiye Bursları» бағдарламасының негізі 1992 жылы түркі мемлекеттеріндегі жастарды қолдау мақсатында басталған «Büyük Öğrenci Projesi» жобасынан бастау алады. Кейін бұл жүйе «Türkiye Bursları» брендіне айналып, бүкіл әлемге ашылды. Соған қарамастан Қазақстаннан келетін жастардың орны біз үшін әрқашан ерекше.

Соңғы төрт жылдың орташа көрсеткіші бойынша жыл сайын шамамен 6 мың қазақстандық жас бағдарламаға өтініш береді. Оның шамамен 300-і толық грантпен Түркияға оқуға жіберіледі. Ата-аналардың Түркияны таңдауының басты себептерінің бірі – ортақ мәдениет пен рухани жақындық. Көпшілігі балаларын бөтен елге емес, бауырлас халықтың арасына жіберіп отырғандай қабылдайды.

– Биыл аталған бағдарламаның екінші кезеңіне өткен талапкерлер саны азайғаны байқалады. Кейбір жастар мұны YTB-нің «Katip Ata» секілді бағдарламаларымен байланыстырып жатады. Сіздің ойыңызша, бұған не әсер етті?

– «Katip Ata» бағдарламасы мен «Türkiye Bursları» арасында байланыс бар деген пікір дұрыс емес. Бұл – екі бөлек бағыт. «Katip Ata» мемлекеттік қызметкерлер мен академиктерге арналған тіл бағдарламасы болса, «Türkiye Bursları» – толық жоғары білім гранты.

Бірақ бір маңызды мәселе бар. Түркия стипендиясымен барған қазақстандық студенттердің шамамен 30 пайызы бағдарламаны соңына дейін аяқтамайды. Яғни 100 студенттің 30-ы түрлі себеппен оқуын тоқтатады. Бірі басқа елге кетеді, енді бірі бейімделе алмайды. Меніңше, бұл да іріктеу мен грант бөлу кезінде ескерілетін факторлардың бірі. Себебі пайдаланылмай қалған әр грант – басқа бір қазақстандық жастың мүмкіндігі деген сөз.

– Түркияда білім алып немесе тағылымдамадан өтіп келген қазақстандықтардың еңбек нарығындағы артықшылығы байқала ма? Олардың кейінгі жетістіктерін бақылап отырасыздар ма? 

– Әрине. Бізде арнайы Түркия түлектері қауымдастығы бар. Бұл – Түркияда білім алған жастардың өз елдерінде құрған ұйымы. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі түлектер осы қауымдастық арқылы байланысып отырады.

Ерекше атап өткім келетіні – Қазақстандағы Түркия түлектері қауымдастығы әлемдегі ең белсенді ұйымдардың бірі. Мұнда 1990-жылдары Түркияда оқыған түлек пен бүгін ғана университет бітірген жас бір ортада бас қосып, тәжірибе алмаса алады.

Бұл үлкен халықаралық нетворкинг алаңына айналып отыр. Бірі жұмыс іздейді, бірі кәсіп бастайды, енді бірі шетелдік серіктестермен байланыс орнатады. Түркия түлектерінің қауымдастықтары Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан секілді елдерде ғана емес, Африка мемлекеттерінде де жұмыс істейді.

Сондықтан Түркияда білім алу – тек диплом алу емес, өмір бойы жалғасатын халықаралық ортаға қосылу деп ойлаймын.

– Қазақстандық жастар Түркияда көбіне қай мамандықтар мен қалаларды таңдайды? Соңғы жылдары сұраныс өзгерді ме?

– Иә, соңғы жылдары айтарлықтай өзгеріс байқалады. Бұрын студенттердің көбі әлеуметтік-гуманитарлық бағыттарды таңдаса, қазір STEM салаларына қызығушылық артқан. Яғни жастар көбіне медицина, стоматология, фармацевтика, инженерия, IT, экономика және құқық бағыттарын таңдайды.

Қалаларға келсек, ең алдымен Ыстамбұл, Анкара, Измир және Анталия сұранысқа ие. Бірақ Эскишехир, Сакарья, Конья, Бурса секілді студенттік қалаларды таңдайтын жастар да көп. Әрине, Ыстамбұл мен Анталияда өмір сүру қымбаттау, ал басқа университеттік қалалар студенттер үшін әлдеқайда қолжетімді.

– Ал Түркиядан Қазақстанға келетін студенттер көбіне қай университеттерді таңдайды?

– Қазақстаннан Түркияға баратын студенттер саны әлдеқайда көп. Соған қарамастан Қазақстанда оқуды таңдайтын түрік жастары да бар. Әсіресе Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қызығушылық жоғары. Сонымен қатар Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен КИМЭП университеті жоғары оқу орындарын таңдайтын жастар бар.

Көбіне түрік студенттері Қазақстанда медицина, инженерия, халықаралық қатынастар, саясаттану және әлеуметтік ғылымдарға қызығады. Жалпы, екі ел жастарының мамандық таңдауы бір-біріне ұқсас деуге болады

Фото: Арман Мухатов

– Қазір жасанды интеллект өте қарқынды дамып келеді. Түркияда бұл технология білім беру саласына қалай енгізіліп жатыр?

– Мен бұл саланың тікелей маманы емеспін. Бірақ жасанды интеллект бүгінде барлық салаға еніп үлгерді. Түркияда да орта мектептер мен лицейлерде «Жасанды интеллект қолданбалары» пәні енгізіле бастады. Сонымен қатар мұғалімдерге арналған арнайы курстар ұйымдастырылып, университеттерде «Жасанды интеллект инженериясы» мамандықтары ашылып жатыр.

Білім министрлігінің цифрлық даму жоспары аясында ЖИ арқылы тәуекелдерді талдау, ерте ескерту жүйелері, мұғалімдерді оқыту және оқушыларға арналған бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Қазір жастар жасанды интеллект арқылы тіл үйренеді, тапсырма орындайды, тіпті бизнес идеялар іздейді.

– Ал жасанды интеллекттің қауіпті тұстары бар деп ойлайсыз ба?

– Әрине, пайдалы жақтарымен қатар қауіптері де бар. Мысалы, бәрі дайын тұрған кезде адам сыни ойлауды аз қолдана бастайды. Қазір кей жастар диплом жұмысын немесе мақалаларын ЖИ арқылы жазып жүр. Бұл академиялық ізденіс пен еңбекті әлсіретуі мүмкін.

Сонымен қатар технологияға тәуелділік қалыптасады. Жасанды интеллектке тым көп сүйену адамның өздігінен ойлану және талдау қабілетін әлсіретуі мүмкін. Сондықтан ЖИ-ды дұрыс пайдалануды үйрету өте маңызды.

Менің ойымша, қандай технология дамыса да, мұғалімді білім беру жүйесінен толық алып тастауға болмайды. Адамның шығармашылығы, эмоциясы мен қарым-қатынасының орнын ештеңе толық баса алмайды.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!   

Оқи отырыңыз