Орталық Азия елдерінің төтенше ведомстволары басшыларының кеңесі өтті

16 Тамыз, 02:37 585

15 тамызда Қырғыз Республикасының Чолпон-Ата қаласында  Орталық Азия елдерінің төтенше ведомстволары басшыларының өңірлік форум - кеңесі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Форумға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан өкілдері қатысты. Баяндамашылардың арасында халықаралық ұйымдардың өңірлік өкілдері де болды.

Форумның мақсаты өңірдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі күш-жігерді талқылау және үйлестіру, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері арасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дағдарыстық жағдайларға жедел ден қою саласындағы ынтымақтастықты нығайту болды.

Іс-шара аясында қатысушылар бірқатар негізгі мәселелерді талқылады, соның ішінде:

- табиғи және техногендік апаттардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі бірлескен шаралар;

- төтенше жағдайларды басқару саласындағы тәжірибе және үздік практикалармен алмасу;

- қауіпсіздік саласындағы мамандарды оқыту және даярлау бойынша бірлескен жобалар мен бағдарламаларды әзірлеу;

- төтенше ведомстволар мен халықаралық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту.

Форум қорытындысы бойынша хаттамаға қол қойылды, онда төтенше ден қою саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту және іс-қимылдарды үйлестіру қажеттігі атап көрсетілді.

Өңірлік форум шеңберінде Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Ш.С. Әріновтың Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрімен, БҰҰ зілзалалар қауіп-қатерін азайту жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЗҚАБ), БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) және Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдары федерациясының, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының (GIZ) өкілдерімен екіжақты кездесулері өткізілді.

Кездесулер барысында зілзалалар қауіп-қатерін азайту жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыруға, гуманитарлық көмек саласындағы үйлестіруді жақсартуға және төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы бірлескен іс-қимылдарды нығайтуға бағытталған ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Перизат Саденова
Бөлісу: