Орта Азиядағы алғашқы мемлекеттік мюзикл театры

24 Сәуір 2020, 17:15 5002

Музыка мен шоуды бір арнаға тоғыстырған «Astana Musical» театры

Театр – көрерменге рухани азық сыйлайтын әрі тәлім-тәрбиенің қайнаған ортасы. Мұнда өнердің қыр-сырын меңгерген әртістер көпшілікке түрлі жағдайларды, өмір шындығын сахналаған қойылымдар арқылы жеткізуге тырысады. Оған қоса, ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың белгілерін ашып көрсетуді көздейді. Бұдан керегін алып, көңіл сүзгісінен саралап өткізу, керексізін кері ысыру – көрерменнің өз таңдауы. Еліміздегі осындай ізгілік нұрын насихаттайтын театрлардың ішінде «Astana Musical» театрын ерекше атап өтуге болады. Өйткені, бұл мәдениет ордасы   ән мен биді, актерлік шеберлікті біріктіріп, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй әрі қызықты шоу сыйлайды. Сонымен қоса, өнер ұжымы өзгелердей қойылымдар арқылы елорда мәдениетін жаңа сапаға шығарып, жоғары дәрежеге шарықтатуды көздейді.

Бүкіл Орта Азиядағы алғашқы мюзикл театры

Мамандандырылған «Astana Musical» мемлекеттік театры – Қазақстандағы және бүкіл Орта Азиядағы алғашқы мемлекеттік мюзикл театры. Түрлі өнер жанрларын бір арнаға тоғыстырған мюзикл театры осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2016 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақ концерт» мемлекеттік концерттік ұйымының негізінде құрылған. Ал бұған артистер еліміздің түкпір-түкпіріндегі өнер ордаларынан шақырылыпты.

– Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында «Мюзикл артистері» деген курс ашылған болатын. Мұнда негізінен ән де айта алатын, би де билей алатын, актерлік шеберліктері де бар қыз-жігіттер білім алды. Содан курсты бітірмей жатып, олар елордадағы осы театрда қызмет етуге шақырту алды. Оған қоса, республикадағы барлық өнер университеттерін тәмамдаған жас актерлар арасында кастинг жариялап, бойында дарыны мен өнері бар қыз-жігіттерді қабылдаған болатынбыз. Осылайша біздің яғни «Astana Musical» театрының труппасы сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаздардан жасақталды , - дейді «Astana Musical» мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин

Кастинг барысында таңдау тек таланты барларға ғана емес, өз-өзіне сенімді, еңбекқор, жауапкершілігі мол қыз-жігіттерге де түскен екен.


("Шаңырақ" эксперименталды-музыкалық перформанс қойылымы)

Есләм Нұртазиннің режиссерлігімен, композитор Артур Оренбурскийдің, либретто авторы Бақыт Қайырбектің «Достар серті» отандық мюзиклімен театрдың шымылдығы 2016 жылдың 12 қазанында «QAZAQSTAN» орталық концерт залында ашылған болатын.

Актерлік шеберлік, музыка, хореография, акробатика сынды үлгілерді біріктірген музыкалық-сахналық қойылымның өнерпаздары жастардан құралған. Олар – республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары. Аз уақыттың ішінде шығармашылық ұжым өз өнерлерімен Қазақстанның ғана емес, алыс-жақын мемлекеттердің көрермендерін тәнті етіп келеді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының аясында 2017 жылдың желтоқсан айында Париж, Мәскеу, Брюссель, Вена, Берлин сынды Еуропаның бес қаласын қамтыған әлемдік гастрольдік турне ұйымдастырылған. Ал 2018 жылы барша әлем театрларының өнер орталығына айналған «Авиньон» әлемдік театр фестиваліне Орта Азиядағы алғашқы театр ретінде қатысып қайтқан болатын. Театр артистері ұлттық бояуы қанық, сахналық сәні мен әні, мазмұн мәні келіскен спектакльдермен барша әлемдегі ең озық өнер орталықтарында ұлтымыздың болмысы мен мәдениетін таныстырып, өнерін паш етіп келеді. Осы ұжымның арқасында өзге елдер сахнасында ұлы даланың дүбірі ойнады, әні әуелеп, күйі күмбірлеген болатын.

«Astana Musical» театры репертуарындағы «Астана – менің махаббатым», «Ер Төстік» ертегісі, ретро-хит әндерге негізделген «Достар серті» қойылымы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Жырлайды жүрек», ақын Оңайгүл Тұржанның «Мен сағындым...» поэтикалық мюзиклдері, «Қыз Жібек» этно-фольклорлық қойылымдарын жұртшылық тамсана тамашалап келеді.


Одан бөлек, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында театр ұжымы атақты француз композиторы және сценаристі Жерар Пресгурвиктің «Ромео мен Джульетта» әлемдік шедеврін ұсынған болатын. «Astana Musical»-дың арқасында әйгілі мюзикл тұңғыш рет қазақ тілінде шырқалып, көрерменге жол тартты. Осы қойылымның қазақ тіліндегі премьерасына авторы Ж.Пресгурвик қатысып, жас театр әртістерінің қайталанбас және жарқын таланттарын жоғары бағалаған болатын.

Ал елорданың 20-жылдығына орай театр күллі әлемге әйгілі әрі аты аңызға айналған Р.Коччантенің «Notre Dame de Paris» мюзиклін қазақ тілінде орындап, премьерасын өткізді. Аталмыш спектакль «Astana Musical» театрының репертуар қоржынын байытып, Еуразия мәдени кеңістігінде мюзикл жанрын кеңінен дәріптейтін жас әртістер үшін баға жетпей тәжірибеге айналды. Мюзиклдың авторы итальяндық композитор Р.Коччанте жас өнерпаздардың өнерлеріне тәнті болып қайтқан еді.

«Қойылымдарды әртүрлі жастағы көрермендер тамашалай алады»

Бұл театрдың көркемдік жетекшісі қызметін 2019 жылдың сәуір айынан белгілі режиссер Есләм Нұртазин атқарып келеді. Ол отандық театр саласының дамуына сүбелі үлесін қосуда.


(Суретте: Есләм Нұртазин)

Е.Нұртазин Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында профессор Р.Машурованың шеберханасын «Музыкалық театр артисі» мамандығын кейін магистратураны «Драма театр режиссері» мамандығы бойынша тәмамдаған болатын. Сонымен қоса, кәсіби тұрғыдан жетілу мақсатында 2011-2013 жылдары аралығында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінде және Нью-Йорк Кино академиясында білім алған. Ол философия ғылымдарының докторы (PhD)

Есләм Серікұлы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында, Б.Римова атындағы Алматы облыстық театрында 15-ке жуық мюзикл мен спектакльді сахналаған. Сонымен қоса, көптеген отандық телехикаялар мен фильмдерде, театр сахналарында түрлі рөлдерді ойнаған.

Еліміздің Мәдениет және өнер саласындағы жеткен жетістіктері үшін 2018 жылы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры сыйлығының лауреаты атанған болатын.


Бір айта кетерлігі, «Astana Musical» театры ашылған сәттен бастап Есләм Нұртазин режиссер ретінде қызмет еткен.

– Бұл театр маған бөтен емес. Былтыр көркемдік жетекшісі болмай тұрып та, труппадағы барлық өнерпаздарының өнерінен хабардар болдым. Өйткені мен алғаш құрылған сәттен осы театрға режиссер ретінде түрлі қойылымдар қойып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеген едім. Бірақ ол кезде тек арнайы келісім-шарт бойынша қызмет еттім. Сол кездері мен «Ер Төстік», «№13» комедия сынды мюзиклдер қойып, түрлі сценарийлер жазғанмын, - дейді Есләм Нұртазин.

Бұл театрдың қойылымдары кез келген жастағы көрермендерге арналған.

– Біздің қойылымдарды әртүрлі жастағы көрермендер тамашалай алады. Атап айтсақ, кішкентай балаларға, мектеп жасындағы оқушыларға арналған спектакльдеріміз бар. Ал 12 жастан жоғары көрермендер комедия жанрындағы қойылымдарды көре алады. Әнге, биге, актерлік шеберлікке құрылған қойылымдар кез келген өнер сүйер көрерменді қызықтыратыны рас. Өйткені музыканы ұнатқандар музыканы көреді, драманы ұнатқандар драманы көреді. Тіпті хореографияны да таба алады. Жалпы бұл синтезді жанр болғандықтан әртүрлі жастағы, әр түрлі мәдениеттегі көрермендерге өте қызық...

Шығармашылық ұжым ән мен биге үндескен қойылымдар арқылы көрерменді елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілікке шақырады. Ең бастысы   көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды да ұмыт қалдырмайды.

– Театр өнерпаздары алғаш құрылған кезден бастап еліміздің көптеген өңірлеріне гастрольдік сапармен барып, өнер көрсетіп қайтты. Нақтырақ айтатын болсақ, Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Орал сынды қалаларда болды. Енді еліміздің қалған аймақтарын аралап шығу жоспарымызда бар. Ал шетелді айтатын болсақ, осы уақытқа дейін ауқымды деңгейдегі өнер фестивалдеріне, гастрольдік сапарларға, турларға барып, өз өнерімізді көрсеткен болатынбыз. 2017 жылы Мәскеуде «Қыз Жібек» қойылымын қойсақ, 2019 жылы Түркияда «Шаңырақ» эксперименталды музыкалық перформансты сахналадық. Алдағы уақытта да өзге елдерге мәдениетімізді өнеріміз арқылы көрсету бағытындағы жұмыстарымызды жалғастыра береміз.

Қазақтың «Қыз Жібек» операсы алғаш рет Мәскеуде 1936 жылы көрсетілгенін жақсы білеміз. Арада 80 жыл өткен соң, «Astana Musical» әртістері сол операны осы сахнада орындады. Ғабит Мүсіреповтың либреттосы мен Евгений Брусиловскийдің музыкасын сол кездегі театрдың көркемдік жетекшісі әрі режиссер Асхат Маемиров интерпреатациялаған. Осы опера арқылы көрермен қазақтың ұлттық болмыс-бітімін танытатын ән-жырын, мәдени мұраларын, құндылықтарын тамашалай алады.


– Ілгеріде айтқанымдай, Түркияның Стамбул қаласында салт-дәстүрлерімізге құрылған «Шаңырақ» эксперименталды-музыкалық перфоманс қойылымын қойдық. Мұндағы басты мақсатымыз ұлтымыздың мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін егжей-тегжей көрсету болды. Осы спектакльді күніне 2 реттен ойнадық. Екінші күні театрға көрермен ретінде өте көп әйелдермен олардың балалары келді. Біз яғни шығармашылық ұжым қойылым біткен соң, олардан кімдер екенін сұрастырдық... Айтуынша бұлар әкімшілікте және полиция бөлімшесінде жұмыс істейтін азаматтар екен. Келгендердің арасында генералдар мен депутаттардың жұбайлары мен бала-шағалары бар. Олар қойылымды көрген соң, бірден келесі күні қойылымды тамашалуға үй-ішін де алып келгендер екен. Спектакльді ұнатқаны соншалық бірінші күні тамашалаған көрермендер ертеңіне де ағылып келіп жатты. Сол кезде ол кісілерден «Сіз кеше көрдіңіз ғой. Не себепті екінші рет тамашалауды ұйғардыңыз» деп сұрағанымызда, «Көптеген жылдар бойы қазақтармен көрші болып тұрып жатырмыз. Бірақ та бұл ұлттың осындай бай мәдениеті барын ойламаппын. Сондықтан мен өзімнің әйеліме, бала-шағама, туған-туысқандарыма қойылымды көрсеткім келді» деген жауапты естідік. Жалпы сол жақтағы жергілікті халық осындай қызық әрі тосын пікірлер білдіріп жатты.

Есләм Нұртазиннің айтуынша, шығармашылық құрамға актерлік шеберлік, вокал, хореографияны жетік меңгерген қыз-жігіттер ғана қабылданады. Бұл ұжымда еліміздегі түрлі жанрда би билейтін алғашқы «Биле, Қазақстан» би сайысының жеңімпаздары да жұмыс істеген. Ал қазіргі уақытта олар шетелде оқуларын жалғастырып жатыр.

– Біздің әртістеріміз өте талантты. Мәселен, олар театрымызда мюзикл бағытындағы әндерді орындаса, өзге жерлерде келісім-шартпен үлкен концерттерде әнші ретінде эстрадалық әндерін шырқап, қызмет етіп жүр. Сондықтан біздің синтезді театрда талантты, талапты актерлар жұмыс істеуі тиіс. Яғни олар киноға да түсетін, әнді де айтатын, концерттерге де қатысатын, қажет болса биге құрылған қойылымдарда өнер көрсететін жан-жақты өнерпаздарды қуана-қуана қарсы аламыз.

Есләм Серікұлы «Astana Musical-дің» карантин уақытында да жұмысын тоқтатпағанын айтады. Кез келген жағдайға тез бейімделгіш театр артистері қазіргі кезде әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы күнделікті тікелей эфирге шығып, көрермендерге өз өнерлерін көрсетумен айналысады.

– Олар тікелей эфир барысында әндерін айтып, билерін билеп, мюзиклдерден үзінді орындаумен шектелмейді. Оған қоса, бірнеше инструменттерде ойнап, проза, поэзия, монологтар оқиды. Арасында қызықты әзілдерін айтып, көрермендерге күлкі мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды да ұмыт қалдырмайды. Көрермендер тарапынан қызығушылық жоғары екенін көрушілерден күн сайын байқап отырамыз. Сонымен қоса, жұртшылыққа пайдалы түрлі бағыттағы челленджерді де түсіріп тұрамыз.

Одан бөлек, әртістер қазір карантин кезінде үйде болса да, өнерлерін шындау мақсатында күнделікті биден, вокалдан, хордан, актерлік шеберліктен түрлі тапсырмалар мен жаттығулар жасап тұруды әдетке айналдырған. Бұл – ең бастысы өз формаларында болулары үшін қажет.

«...Бір орында тұрып, өлең айту қызық емес»

– Әр қойылымның дайындық процесіне әртүрлі уақыт қажет.. Мәселен, «Шаңырақ» эксперименталды-музыкалық перфонманс қойылымына шамамен үш-төрт айдай уақыт кетті. Өздеріңіз білетіндей, алдымен драматург басынан аяғына дейін қойылымды жазады. Одан соң композитор жұмысына кіріседі. Ол бүкіл әнін жазып шыққаннан кейінгі кезек режиссерге келеді. Сосын биші би қояды. Бишіден кейін хормейстер айналысады. Байқағаныңыздай, бұл өте қыруар еңбекті, төзімді қажет ететін үлкен жұмыс, - дейді «Astana Musical» мемлекеттік театрының хормейстері Алмат Абишев.


(Суретте: Алмат Абишев)

Театр хормейстерінің айтуынша кейбір спектакльдерге бір мезетте барлық әртістер қатысып, көрермен алдында өз өнерлерін паш етеді.

– Біздің кейбір спектакльдерде 15 өнерпаз  қатысатын сәттер болады. Бұл сан алдымен драматургтің жазған қойылымына және режиссерге байланысты өзгеріп тұрады. Яғни мұны нақты шешу үшін, спектакльді қою үшін тек бір адам ғана емес, бүтіндей бір топ жұмыс жасап, ақылдаса келе, ортақ шешім қабылданады.

Бір айта кетерлігі, көрерменге жол тартқан театрдың әр спектаклі міндетті түрде музыкамен сүйемелденуі қажет.

– Кез-келген жастағы көрермендерімізге арналған түрлі тақырыптағы қойылымдарды музыкамен, бимен, әртістік өнермен, жақсы көңіл-күймен жеткізіп отырамыз. Мұны тамашалаған қалың көпшілік ерекше әсер алып қайту үшін әрқашан дайындық процесіне баса назар аударамыз. Тіпті театрымыздың көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин өнерсүйер жұртшылыққа ерекше әсер қалдыратын спектаклдерді қойғанды ұнатады. Мәселен, театр әртістері ең бірінші болып, көрерменге «Шаңырақ» эксперименталды-музыкалық перфоманс спектаклін ұсынды. Оның ерекшелігі сахнада емес, киіз үйдің ішінде қойылғаны. Мұндай нәрсе елімізде бұрын-сонды болмаған.

Ал киіз үйдің ішінде қойылған спектакльді бір мезетте 70 көрермен тамашалаған екен.

– Ең бастысы қойылымды тамашалағандар өзгеше әсер алып қайтты. Өйткені осы жерде әртістермен көрерменнің бір-бірімен жақын болуы өзара түсіністікке, өнер иелерінің қандай күйде болғанын тамашалауға мүмкіндік берілген еді. Яғни әдеттегідей орындықта отырып, сахнадағы әртістердің өнерін көргеннен бұл әлдеқайда жақынырақ болады. Көрерменмен осындай қашықта ойнауы басқаша әсер беретіндіктен, актерлардың өз рөлдерін ойнауы да ерекше шығады.


Елорда сахнасында тұңғыш рет «Astana Musical» театры әртістерінің қатысуымен сиқырлы сазды хор-концерт өткен болатын. Мұнда олар келушілерге заманауи үлгідегі халық әндері, әлемдік хиттер, мюзикл ариялары, ретро композиялар, танымал әндерін орындап, театрландырылған қойылымдарды көрсеткен болатын.

– Бұл қойылымның өзгелерге ұқсамайтын ерекшеліктері бар. Хор концерттен көрермен көптеген әзілдер, театрланған сахналар, би, хор нөмірлерін тамашалай алады. Менің ойымша, қазіргі кезде тек қозғалмастан бір орында тұрып, өлең айту қызық емес. Әрі театрымыз мюзикл бағытына мамандандырылғандықтан вокал, би, актерлік шеберліктің барлығы хор-концертте қамтылды. Жалпы тек кәсіби шығармаларды орындаған сиқырлы сазды хор концертіміз жоғары деңгейде өткізілді.

Алмат Абишевтің айтуынша, шетелдік көрермендерге халқымыздың ұлттық мәдениетін кеңінен насихаттаған жөн. Әлбетте, оларды «Ромео мен Джулетта» сынды қойылымдармен таң қалдыру мүмкін емес.

– Қазақтың күмбірлеген күйімен, термесімен, биімен, жалпы ұлтымыздың өнері мен мәдениеті арқылы шетелдіктерді таң қалдыруымыз әбден мүмкін. Жиналған қалың көпшілік қойылымдағы әртістердің айтқан сөзін түсінбесе де, іс-қимыл, образдар арқылы не жайында болып жатқанын түсініп отырады. Мәселен, шетелдіктер назарына баланың дүниеге келуінен жер қойнына кіргенге дейінгі кезеңін көрсететін «Шаңырақ» қойылымы барысында көздеріне жас алды. Бұдан тілі бөлек болса да, қойылым арқылы барлығын егжей-тегжей түсініп отырды.

Театр мүшелері өз мюзиклінің бір бөлгін қазақтың ұлы ақынының шығармашылығына арнапты.

– Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай республика және халықаралық деңгейлерде ауқымды шаралар болып жатыр. Соған орай біз репертуарға Абай атамыздың «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Желсіз түнде жарық ай» деген төрт әнін репертуарға енгізіп қойдық. Осыларды концерттерде, мерекелерде, түрлі шараларда хормен орындап жүрміз.

«Әртіс үздіксіз дамып, шындалып отыруы қажет»

«Astana Musical» мемлекеттік театрының артисі Нұрпейіс Абдураев Құлшынбекұлы Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарасу ауылының тумасы. Ол 2010-2014 жылдар аралығында Қазақ ұлттық өнер университетінде  музыкалық драма әртісі мамандығы бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Ғалымжанұлы Қамиевтің курсында тәлім алған.

– Расын айтсам, бала кезімде өнерге қызығушылығым аса қатты болмаса да, домбырамен ән айтқанды ұнататынмын. Үлкен сахналарда көпшілік алдында ән шырқап, өз өнерімді көрсеткен сәтімді ойша елестетіп, іштей соған риза болып та жүрдім. Алайда сол кездері нақты кім болатынымды білмегендіктен әр салаға қызығушылық таныттым, - дейді «Astana Musical» мемлекеттік театрының артисі Нұрпейіс Абдураев.

(Суретте: Нұрпейіс Абдураев)

Тіпті кейде адам жанының арашасы ақ халатты абзал жан болуды да армандапты.

– Әсіресе хирург болғым келетін. Оған қоса, талай байрақты бәсекелерде еліміздің намысын қорғайтын спортшы ретінде де өзімді елестететінмін. Тіпті ауылымызда қандай да бір үйірме ашылса, достарымызбен барлығымыз бірден топырлап соған баратынбыз. Мейлі ол спорт жағынан болсын, өнер жағынан болсын. Таңертең домбыра үйірмесіне барсақ, кешке спортпен шұғылданатынбыз. Жалпы 9-шы сыныпты бітіргенше өз жолымды таңдай алмай жүрдім. Бірақ әкемнің менің өнерге барғанымды қалайтынын іштей сездім. Оған әкемнің жас кезінде шығармашылық адамы болуды қалауы себеп болды.Үлкендердің айтуы бойынша, әжем әкемнің өнер оқуына түсіп тұрған жерінен құжаттарын алып, ұстаздық мамандыққа тапсырып жіберген. Осылайша ол кісі өнермен қош айтысса да, үйде анама әрқашан домбырамен ән шырқап беріп жүретін. Сол себепті әкемнің көп жылғы арманын орындау мақсатында өнер жолын таңдадым.

9-сыныпты тәмамдаған соң, Нұрпейіс Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыкалық колледжіне оқуға түсіп, өнер әлеміне жол тартады. Елордадағы «Astana Musical» мемлекеттік театры ашылған уақытта артист Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында қызмет етіп жүріпті.


– Бір күні «Astana Musical» театры әртістерді қабылдауға кастинг жариялағанын естіп, бірден дайындықты бастап кеттім. Кастинг болатын күні театрға келіп, комиссия мүшелері алдында бойымдағы бүкіл өнерімді көрсетуге тырыстым. Алла шүкір, содан сүрінбей өтіп, 2017 жылдың 1 наурызынан бастап театрдың әртісі болып қабылдандым. Содан бері осы ұжымда еңбек етіп келемін.

Осы орайда айта кетерлігі, 28 жастағы Нұрпейіс кезінде өзі армандаған «Достар серті» қойылымында профессордың рөлін асқан шеберлікпен сомдап, жұртшылықтың жылы лебізіне бөленген еді.

– Домбыра, гитара, фортепиано аспаптарында жетік ойнай аламын. Бос уақытымда әлеуметтік желілер арқылы көрермендерге өнерімізді   паш етіп тұрамыз. Соңғы уақытта баян аспабын тартып отырып айтылатын термелер ұнап жүр. Алдағы уақытта сол аспапта ойнауды жоспарлап жүрмін. Оны үйренуіме тағы бір себеп бар. Кішкентай кезімде біздің Коля ағай деген көршіміз болған. Марқұм өте жақсы кісі болатын. Бір күні әкем «балам өнердің оқуына түсті» деп айтқанында сол кісі бірден қолындағы баянын маған сыйға беріпті. Көзі тірісінде ұстаған сол баяны әлі күнге дейін үйімінің төрінде тұр. Сондықтан бұл аспапты Алла қаласа жетік үйренем деп шештім.

Ол кәсіби әртіс ретінде алғаш рет Тэннеси Уильямстың «Тәнге түскен раушан гүл» (Орыс: «Татуированная роза») қойылымындағы басты рөлдегі Джек Хантер деген матростың образын сомдап шыққан. Әртістік жолындағы ең бірінші рөлі болғандықтан Нұрпейіс үшін оның орны ерекше.

– Театрда күнделікті жұмысымыз таңғы дене қыздыру жаттығуларын жасаудан басталады. Бұл әсіресе бидегі күрделі техникаларды орындау үшін және оны жасағанда жарақаттанып қалмас үшін қажет. Оған қоса, бұл жаттығулар әртістердің яғни біздің күнделікті физикалық формамызды сақтау үшін де керек. Одан кейін түрлі қойылымдардың дайындық жұмыстарына кірісеміз. Әрқайсысымызға бекітілген рөлдер бойынша образға кіру бағытында тәулік бойы жұмыс істеуді жалғастыра береміз. Жұмыстан қолымыз босай қалса, түрлі бағыттағы кітаптар оқып, әлеуметтік желілерден мамандыққа қатысты бейнесабақтар көріп, кәсіби тұрғыдан білім көкжиегімізді кеңейтіп отырамыз. Сонымен қатар, күн сайын сөз саптау, вокалдан диапазонды ұлғайту, түрлі жанрдағы билерге икемді болу үшін де бірқатар жаттығулар жасауды әдетке айналдырғанбыз. Өйткені әртіс адам бір орында тұрмай, үздіксіз дамып, шындалып отыруы қажет. Сол кезде ғана биік белестерді бағындыра алады деп ойлаймын.

Иә, расында өнер адамдары кез келген қойылымдағы кейіпкердің образын сомдау үшін сегіз қырлы бір сырлы болуы қажет. Өмірін өнерге арнаған Нұрпейіс бұл театрда көптеген рөлдерді сомдап, көрермендердің жақсы пікірлерін алып жүр.


Ол «Astana Musical» театрында барша әлемге танымал Р.Коччантенің «Notre Dame de Paris» мюзиклінде капитан Фебтің, Ж.Пресгурвиктің «Ромео-Джульетта» мюзиклінде басты кейіпкер Ромеоның, А.Оренбургскийдің «Достар серті» мюзиклінде профессордың, Р.Кунидің «№13» комедиясында Радждың, «Шаңырақ» эксперименталды-музыкалық перфоманс спектаклінде Жігердің, «Шәмші» мюзиклінде Дүлейдің рөлдерін сомдаған. Айтуынша кейбір рөлдер оның табиғатына сай болып келеді. Бірақ та әртіске көбінесе ішкі жан дүниесіне қарама-қайшы образдарды ойнаған ұнайтын көрінеді.

– Менің ойымша, мәдениет пен өнерді жұртшылық арасында кеңінен насихаттайтын әртістер мәдениетті, кішіпейіл, мейірімді болуы қажет. Өнер жолы қызық та қиын жол. Сондықтан өмірдің кейбір кезеңдерінде қолымнан келмейді деп қолды бір сілтей салмай, білуге, үйренуге талпыну қажет. Егер бір адамның қолынан келсе, онда басқа адамның да қолынан келетіні анық. Менің өнер университетіндегі мұғалімім болған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сайлау аға Қамиев сабақ барысында «Егер сахнада мұрныңнан қан кеткенше дейін жұмыс істемесең, онда еткен ісіңнен қайыр күтпе» - дейтін. Сондықтан ақыры осы жолды таңдасаңыз, бар ынта-жігеріңізбен жұмыс істеу қажет.

Адал достықты дәріптейтін – «Достар серті» қойылымы

«Достар серті» қойылымы – театр ұжымы үшін өте ерекше. Өйткені театр тарихы осы туындыдан басталып, шымылдығы ашылған. Спектакльдегі оқиғалар өткен ғасырдың 60-70 жылдар кезеңінде Алматыда өтеді. Мұнда консерваторияға оқуға келген төрт абитуриент жігіттің басынан кешкен қызықты оқиғалары, студенттік шағы, адал достығы, махаббат хикаялары баяндалады. Бастысы достыққа деген адалдығын сақтауды көрсетуді мақсат еткен. Басты рөлдерді Сұлтан Кеншілік, Ақжол Өмірзақов, Әділет Әбдіқадыров және Ақтөбеден Алматыға арман қуып келген көңілді жігіттің образын Саят Мақұлбаев ойнаған.


Әртістердің көңілді әрі қызықты ойынымен қоса, «Дос-Мұқасан», Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиевтің көпшіліктің сүйіп тыңдайтын әндері келушілерді сол бір заманның әлеміне сапарлатады. Қойылым барысында жеке орындаушылар да жанды дауыста әндер шырқайды.

– Бұл мюзиклдің авторы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бахыт Қайырбеков, композитор және дирижері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Артур Оренбургский, драматург Әннәс Бағдат, хор жетекшілері Гүлмира Құттыбадамова, Аида Беркінова, хореографтар Әсем Шарифуллина, Дәулет Мұратпекова және қоюшы-режиссері өзім болдым. Ал қойылымды «Академия солистов» мемлекеттік камералық оркестрі және Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Big Band» ансамблі музыкалық сүйемелдеген болатын, - дейді Есләм Нұртазин.

Диалог пен әнді, музыка мен шоуды бір арнаға тоғыстырған «Astana Musical» театры алдағы уақытта еліміздің брендіне айналуын тілейміз.

(Суреттер кейіпкерлердің жеке мұрағатынан және "Astana Musical" мемлекеттік театрының баспасөз бөлімінен алынды) 

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: