Орта ғасырдағы қала мәдениетінің сипаты (II бөлім)

28 Тамыз 2021, 23:53 25752

Көшпеліліктен отырықшылыққа дейін

 

Ақындар шығармасына арқау болған көне Тараз

 

Тараз – Самарқанд, Бұхара, Мерв, Фустат, Киев, Каффа сияқты ірі қалалармен бір қатарға қоюға болатын Еуразияның ең танымал қалаларының бірі. Бұл қаланы Хафиз, Омар Хайям, Руми секілді ортағасырлық белгілі ақындар өздерінің өшпес шығармаларында жырлаған. Қала қарлұқ, түргеш, түркі тайпаларының алғашқы мемлекеті Батыс-түрік қағанатының саяси орталығы, қараханидтер мемлекетінің астанасы болды. Дәл осы уақытта Тараз маңында сәулет өнерінің аса көрнекті туындысы Айшабибі, Қарахан, Бабаджа-хатун кесенелері пайда болды. Тараз қаласы мен жалпы бұл аймақ Қазақ хандығының қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Ежелден Тараз Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі экономикалық орталық болды. Мұнда ең көне ақша сарайларының бірі орналасқан. Сондай-ақ мұнда қолөнер, жергілікті және халықаралық ауқымдағы сауда дамыды. Тараздың отырықшы-егіншілік және көшпелі мал шаруашылық екі аймақтың ортасында болғанын атап өту маңызды, бұл Қазақстанда бірегей дала өркениетінің қалыптасуына себепші болды. Тараз мәдениет орталығы болды. Мұнда зороастризм, христиан, манихейлік, ислам, тәңіршілдік және шаманизм сияқты діндер дамыды. Таразда ең алғашқы мешіттер мен медреселер ашылды.

Тараз (Талас) туралы ортағасырлық көптеген географтар, тарихшылар мен саяхатшылар жазып кеткен. Бұл аса таңқаларлық жаңалық емес, себебі қала Ұлы Жібек жолындағы орталық орындардың бірі болған. Сондықтан да оны сипаттау кезінде авторлардың бірінші кезекте Тараздың сауда қатынастарындағы маңызын атап көрсетуі кездейсоқтық емес.

 

Археологтардың соңғы жылдардағы жұмыстары Тараз қалашығының орталық бөлігіндегі цитадель мен шахристанға жүргізілуде. Зерттеу барысында үш құрылыс қабаты анықталды: біріншісі – VIII-IX ғғ., екіншісі – XI-XII ғғ., үшіншісі – XIX ғғ. жатады. Бұл қабаттар Тараздың гүлдену кезеңіне келеді. уақытта қалада су құбыры жұмыс істеп, басты көшелерге тас төселді. Түргештер тұсында Тараз кең қолданысқа ие болған қола тиындар шығарды, Тараздың ақша сарайы қарлұқтар мен қараханидтер дәуірінде де тиындар шығаруды жалғастырды.

 

X-XII ғғ. қабатқа қазба жұмыстарын жүргізу барысында керамикалық бұйымдардың бірегей коллекциясы табылды. Көп мөлшерде арабтың өрме жазуы жазылған керамика сынықтары табылды, оның жанынан бетінде крест бейнеленген керамика ыдыстардың сынықтары қазып алынды. Көлемі жағынан аса ауқымды болмаса да, маңызы орасан зор қазба кезінде археологтар діндердің бітім шарттарының іздерін тапты. Белгілі бір діни мағынаны білдіретін табылымдар қаланың осы бөлігінде ондаған жылдар бойы, мүмкін тіпті жүздеген жылдар бойы мұсылман және христиан діни қауымдастықтарының бірге тату өмір сүргендігін білдіреді. Ал көптеген дін мен діни ағымдар Иранда, Иракта және басқа да елдерде қуғынға ұшыраған кезде, христиан, буддизм және зороастризм дінінің жолын қуушылар егер жазбаша деректерге сенетін болсақ, Жетісудан, әсіресе Тараздан өздеріне қорғаныс тапты. Бұл дерек ортағасырлық Тараз қаласының тұрғындарына тән толеранттық пен діни төзімділіктің жоғары деңгейін дәлелдейді.

Археологиялық зерттеу барысында XI-XII ғғ. жататын жылыту және су беру еден асты жүйесі өте жақсы сақталған хамам-моншаның бір бөлігі қазылды. Күйдірілген кірпіштен салынған хамам-моншаның сақталған үйінділері, сондай-ақ еден асты жылыту жүйесі осы аумақта тұрған адамдардың жоғары әлеуметтік мәртебесін, сондай-ақ қала құрылысының зерттелетін аумағының орталықта орналасқандығын білдіреді.

 

Қазба жұмыстарының бірінде ХІІ ғасырға жататын ортағасырлық медресенің қираған үйіндісінің бөлшектері табылды, бұл бүгінгі таңда Қазақстан аумағында анықталған рухани оқу орнының ең ежелгісі болып табылады. Қарлұқ кезеңіндегі Таразды фортификациялау жүйесінің бір бөлігін білдіретін б.з. VIII-IX ғғ. Ортағасырлық Тараз қамалының қабырғалары тазартылды. Қамалдың өңделмеген кесектен тұрғызылған қабырғаларының сақталуы мен оңтүстік-батыс Жетісу өңірінің тарихында бұл кезеңнің аз зерттелгендігі ерекше қызығушылық тудырады.

Ортағасырлық Тараздың магистралды көшелерінің бір бөлігі зерттелді. Магистралды көше кез келген ортағасырлық қала инфрақұрылымының негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Қазылған көше бірнеше ғасырлар бойы жұмыс істеген. Қазіргі таңда оның IX және Х-ХІ ғасырларда пайда болғандығы анықталды. Магистралды көше қоғамдық сипаттағы құрылыстар мен ауқатты қала тұрғындарының иелігіндегі үйлер басым болатын қалалық құрылыстың жүйе құрушы белгісі ретінде ерекше қызығушылық тудырады. Осыған байланысты қазбаның кеңеюі және оның ашық магистралды кешенің маңында тереңдеуі көлемі мен функционалдық ерекшеліктері жағынан айтарлықтай маңызға ие сәулет құрылыстарының табылуына алып келуінің ықтималдығы жоғары.

X-XII ғғ. қараханид кезеңінің тұтас қалалық ауданiшiлiк құрылысын зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. X-XII ғғ. хронологиялық кезеңі бойынша Ежелгі Тараздың шахристан бөлігіне (қамалдар айналасында орналасқан қабырғалармен қоршалған аумақ) жүргізілген зерттеулер негізінде қараханидтер дәуіріндегі қала құрылысын зерттеуге ғана емес, сонымен қатар музейлендірілген нысан ретінде көрсетуге де мүмкіндік туды. IX-XIII ғасырлардағы мұсылман мәдениетінің ең жоғары гүлдену кезеңі болған бұл кезеңді белгілі шығыстанушы Адам Мец «Мұсылман Ренессансы» деп атады. Мұсылман Ренессансы дәуірі зерттеулерінен бастап, нақ осы қала мәдениеті сана мен өнердің гүлденуінің негізі болып табылатынын байқауға болады және бұл құбылыс мұсылман елдерінде үнемі байқалады, әсіресе Дамаск, Бағдад және Каирден бастап Альгамбра мен Толедо, Самарқанд пен Агра, Тараз, Отырар, Сауранға дейінгі қалаларда анық байқалады.

Қазақстан аумағынан табылған VIII-IХ ғ. жататын ең ежелгі медресе, фортификациялық құрылыстар, монша-хамамдар, магистралды көшелер, қараханид кезеңінің кварталдық құрылыстары мен керуен-сарайлардың қираған үйінділері мен қаланыкөркейту жүйесінің, ортағасырлық сәулет пен көркемөнердің көптеген элементтері (көркемдік сапасы жоғары керамикалық тақта атпен аң аулау көрінісін бейнелейтін көпкұрамды панноның бір бөлігі табылды) және тағы да басқа табылған заттар зерттеудің қысқа мерзім ішінде жинақтаған бай материалын ғана емес, Қазақстан Республикасы үшін айрықша мәнге ие Көне Тараз қалашығының аумағындағы археологиялық жұмыстардың даусыз жетістігін көрсетеді. Табылған жәдігерлердің жиынтығы Тараздың көрнекті қала және сауда орталығы ретінде Испиджаб деп аталатын ауқымды округ жүйесіндегі маңызын дәлелдейді.

Орта ғасырдағы Сайрам қаласы

 

«Ақ өзендегі қала» немесе «Испиджаб» VIII ғ. басындағы қытай және араб дереккөздерінде кездеседі. ХІ ғасырда Махмұд Қашғари Испиджаб пен Сайрам – бір қаланың атауы деп көрсеткен. «Маданият ал-Байда» — Испиджаб - Сайрам қалалары шығыс пен солтүстік-шығысында Шуға дейінгі және солтүстік-батысында орта Сырдарияға дейінгі жерді алып жатқан үлкен аумақтың орталығы болды. VIII-XII ғғ. қала қазіргі Оңтүстік Қазақстан аумағы арқылы өтіп жатқан Жібек жолындағы ірі сауда орталығына айналды. Испиджаб аумағында Кедер, Сығанақ, Сауран және Янгикент сияқты Сырдария бойының қалалары, сондай-ақ Қаратаудың солтүстік беткейінде орналасқан Баладж, Берукет және Жетісудың Тараз, Құлан, Меркі, Суяб қалалары болды. Испиджаб (Сайрам) аумағы мен оған жақын қалалар халық тығыз қоныстанған аудандардың бірі болды. Археологтардың есептеуінше, қала мен қала маңында 40 мыңға жуық адам өмір сүрген. Қала халқы арасында IX-Xп, ислам діні кең таралған. Сондықтан да Ибн Хаукалдың еңбектерінде маңызды қала құрылыстарының қатарында мешіт көрсетілген. Әдет-ғұрыпқа мұсылманша жерлеу дәстүрі кірді. Араб жазуы пайда болды. Алайда исламмен қатар халық ескі діни көзқарастар мен пұтқа табынушылықты ұстанды. Бұған дейін Испиджаб христиан дінін тарату орталықтарының бірі болған, бұл жерден монахтар паналаған қала сыртындағы монастырьлар мен үңгірлердің қалдықтары табылды.

 

XIV-XVII ғғ. Сайрам қаласы өмір сүрген кезеңдерді баяндайтын жазба деректер толық емес. Алайда кейінгі ортағасырда Сайрам Орта Азиядан солтүстікке қарай Ақ Орда қалалары мен көшпелілеріне, ал шығыста – Моғолстанға дейінгі жолдардың түйіскен жерінде жатқандығы анық. Бұл осы ауданның қалалық және отырықшы өмірінің рөлін арттыра түсті. Іс жүзінде ол сауда жолдарын ғана емес, сонымен қатар оңтүстікке, ортаазиялық иеліктерге, сондай-ақ Қазақ даласына ететін негізгі жолдарды бақылайтын мықты стратегиялық орталық болды. XV-XVIII ғғ. қала Қазақ хандығының құрамында болды.

 

Оңтүстіктегі Отырар

 

Керуендерге арналған жолдың аса маңызды бөлігі Сырдария, Арыс және Бугуни секілді үш негізгі құнарлы су көздерімен қоректенетін Отырар алқабының қасиетті Фараб жері болды. Ежелгі Отырар алқабы Қазақстан Республикасы Түркістан облысының қазіргі Отырар ауданында орналасқан. Оның шекарасын сыза отырып, оның жерлері Сырдарияның орта ағысы жағалауларында орналасқандығын анықтауға болады. Сырдария бойымен Шаш, Ферғана және Соғдыға баратын ежелден жол болды, соның бойымен солтүстікте Арал теңізі арқылы Хорезмге, Еділ даласына, таулы Орал өңірі мен Солтүстік Қара теңізіне жол өтті. Бұл жолдар Ұлы Жібек жолының магистралды жолдарының бір тармағы болды. Археологтар аумағы 2500 шаршы шақырымнан асатын, аумақ шекарасында үймелеп орналасқан 150-ден астам қалалар мен қоныстарды тапты.

 

Отырар қаласы мен Отырар аумағының ескерткіштерін археологиялық зерттеу жылдарында зерттеушілер археология мен ежелгі және ортағасырлық тарихтың іргелі мәселелерінің шешімін тапты. Соңғы жылдардағы ең жарқын жаңалықтардың қатарына Темір дәуіріндегі Отырардың үлкен жұма мешітіне жүргізілген қазба жұмыстары жатады. Мешіттің жекелеген бөліктеріндегі қабырғалар мен мұнаралардың биіктігі 10 метрден асады, оңтүстік-батыс кіреберістің фортификациялық жүйесі жақсы сақталған. Отырарға тұрақты келіп тұратын, таңданған туристер енді қуанышпен «Біз үлкен бір жаңалықты күттік, міне осы – біздің Помпейіміз!» - дейтін болады.

 

Отырар – керуен жолдарының қиылысатын орталығы. Жібек жолы арқылы тасымалданатын көптеген тауарлар қалаларда тұрақтады. Отырардан табылған археологиялық жәдігерлер соның айқын дәлелі. Олардың қатарында шығыс Түркістан қалаларының тиындары (Алмалық, Пулад, Эмиль, Орда ал-Азамаз) кездесетін Отырарда жасалған күміс көмбе, Жентте жасалған тиындар, Қырымда жасалған Еуропалық тиындар, Поволжьеде жасалған өрілген білезіктер, Орта Азияда жасалған оралған білезіктер, ұйғыр жазулары бар жиынтық белдіктерден жасалған айылбастар, сондай-ақ, сақинаға оралған жолбарыстың немесе барыстың бедерлі бейнесі бар Қытайда жасалған нефритті әшекей, таңдаулы қола бұйымдар (айналар, мойынтұмарлар, сиясауыт), шыны бұйымдардың дәстүрлі орталығы болып табылатын Сирияда жасалған әсем шыны графин және т.б. болды.

 

Отырар қаласы мен Отырар аумағының тарихи-мәдени маңыздылығы төменде аталған фактілермен анықталуы мүмкін. Отырар аумағы және оған іргелес өңірлер отырықшылықтың, суармалы егіншіліктің және Қазақстанның қалалық өркениетінің ежелгі орталығы болды. Бұл мәдениеттің бастауын іздеу кейінгі қола дәуіріндегі Сырдария маңындағы тайпалар мен жыл санауымызға дейінгі бірінші мыңжылдықта сол жерлерді мекендеген отырықшы сақтардың ежелгі мәдениетіне алып келді. Сырдарияның төменгі жағында, Жаңадария мен Іңкәрдария өзендерінің атырауларында б.з.д. VIII-III ғғ. жататын сақтардың көлемді көпкамералы жерлеу құрылыстары ашылып, қазба жұмыстары жүргізілді. Шикі кірпіштен салынған, күмбезді жабыны бар Түгіскен, Баланды, Шірік-Рабат, Бәбіш-молда секілді бұл ежелгі кесенелер оңтүстік Қазақстанның ежелгі халқы шикі кірпішті дайындау техникасын біліп қана қоймай, одан күрделі ғибадатханалар сала білгендігін, құрылыс салуда техникалық тәжірибелерінің болғандығын көрсетеді. Әрине, бұл тәжірибе мен икемділік оларға тұрғын үй және шаруашылық үй-жайларды салу, қалалар мен қоныстарды сәулеттік безендіру нәтижесінде келді.

 

Археологиялық деректер жыл санауымызды бірінші мыңжылдығының бірінші жартысында ерте орныққан қоныстар Оңтүстік Қазақстанның барлық аумағы бойынша таралғанын көрсетеді. Қостөбе, Төрткүлтөбе және Қарауылтөбе, Көк-Мардан қоныстарындағы қазба жұмыстары қоныстардың топографиясын, олардың құрылысын ашты, олардың шаруашылық және мәдени даму деңгейін анықтады.

 

Енді Оңтүстік Қазақстанның ортағасырлық қалаларының дамуында б.з.д. І мыңжылдықтағы ерте қоныстардан б.з. I мыңжылдығының бірінші жартысындағы дамыған қалаға дейін генетикалық сабақтастық орнағанын нақты айтуға болады. Әрине, бұл даму жолы ортағасырлық қаланың пайда болуының жалғыз жолы болған жоқ. Бірақ жасалған қорытынды қаланың генезисін зерттеу және оның мәдениетінде дәстүрлер орнату мен жаңалықтар енгізу үшін өте маңызды.

 

Дамыған ортағасыр кезеңінде Оңтүстік Қазақстан Отырар аумағымен бірге Қазақстанның және бүкіл Орталық Азияның қалалық өркениетінің ірі орталықтарының біріне айналды. Аумақтың экономикалық және мәдени даму ауқымына 180-нен астам қоныстар мен қалалардың қираған орындары, қуатты және кең тармақталған суару жүйесінің іздері дәлел бола алады. Археологиялық деректер бойынша, Отырар қаласының хронологиялық шектері I-XVIII ғғ. кезеңін қамтиды. Отырар қалашығының екімыңжылдық тарихы бар, бұны оқиғаларға бай жазбаша дереккөздер дәлелдейді.

 

Отырар Ұлы Жібек жолындағы ірі орталық болды, Қытай, Еуропа, Шығыс мәдениеттері мен өркениеттерінің, христиан, мұсылман, зароастризм діндерінің бас қосқан орталығы болды. Фараб аумағы адамзатқа ұлы ғалым-энциклопедист Әбу Насыр әл-Фарабиді берді. Кейбір мәліметтер бойынша, Отырарда өзінің кітап қоймасы болған деген болжам бар. Отырар тек экономикалық және мәдени өмірдің орталығы ғана емес, сонымен қатар ортағасырлық Қазақстанның ғылыми санасының орталығы болды. Отырар қаласы мен Отырар аумағының мәдениеті барлық Сырдария өңірінің өміріне әсер етті.

 

Отырар қолөнершілерінің көркемөнер өнімдері Қаратаудың солтүстік және оңтүстік бөктеріндегі – Созақ, Құмкент, Сүткент және Иқан қалаларының, Сырдарияның орта ағысындағы – Яссы, Сауран, Сығанақ, Құджан, Аққорған, Өзгент қалаларының, қазіргі кезде Қараспантөбе, Жуантөбе, Шортөбе деп аталатын қалашықтың орынында орналасқан Арыс өзені алқабының нарықтарына түсті.

 

Отырардың географиялық жағынан Орта Азияның отырықшы-егіншілік аумақтары мен Дешті-Қыпшақтың көшпелі мал шаруашылығы арасында орналасуы маңызды рөл атқарады. Дәл осы ауданда, ежелден бастап еш жерде болмаған тайпалардың шоғырлануы, мәдениеттердің араласуы мен өзара бір-біріне әсер етуі болды. Егер отырықшы тұрмыс пен егіншілік мәдениеттің және орныққан қоныстардың пайда болуы жыл санауымызға дейінгі бірінші ғасырларда басталған болса, онда олардың дамуына әсіресе V-VIII ғ. бастап, яғни мунда соғдылар қоныс аударған кезеңде, түркі қағаны Истеми (560 ж.) биліктен кетіп, Абохан (587 ж.) Бұқараны басып алғаннан кейін егіншіліктің пен қала құрылысын ежелі дәстүрінен мол тәжірибесі бар қоныс аударушы соғдылар әсер етті. Нәтижесінде Оңтүстік Қазақстанда өзіндік қала өркениеті қалыптасты, онда негізгі қабаттар мен сырттан келген мәдениет элементтері айқын ажыратылды.

 

Қазақстанның оңтүстігі, Сырдарияның төменгі жағы мен орта ағысы, Отырар аумағы және Жетісудың солтүстік-батысы ертеден мал шаруашылығымен айналысқан көптеген тайпалардың қыстаулары, ал кейіннен қазақ рулары мен тайпаларының ауданы болды. Бұл дәл осы жерде Қазақстанның көптеген тайпаларын біртұтас халыққа шоғырландыру процесі басталғанын және аяқталғанын анықтады. Оңтүстік Қазақстанды қазақ халқының бесігі деп атайды.

 

Тербелмелі мұнаралы Сауран

 

Отырардан солтүстік-батысқа қарай, керуен жолында орналасқан үлкен қала орталығы Сауран болды. Археологиялық әдебиетте ежелгі қалалардың сипаттамасын «ежелгі қаланың қалдықтары... орналасқан» деген сөзбен бастау қалыптасқан. Сауран туралы олай айта алмайсың. Қала екі жүз, үш жүз жыл бұрынғы тұрған қалпында тұр, тек айналадағы күйген дала мен кеуіп қалған су арналары ғана қаланың өлі аймақ екенін білдіреді. Оқ атуға арналған орны бар, сақталған тісті бекініс қабырғалары анық көрінеді, ал көлемді дөңгелек мұнаралар сыртқа қарай шығыңқы орналасқан.

 

Қалаға екі жағынан кіруге болады: солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс. Қақпасы жиырма метрлік дәліз тәрізді қабырға бөліктерінен сыртқа қарай иіле тұрғызылған. Өту жолдарының ені 15-18 м. Бекініс қабырғасы шикі кірпіштен жасалған қаламалармен алмастырыла отырып, саз балшықтан жасалған. Қабырғаларының биіктігі 6 метрге, іргетасының қалыңдығы – 3 метрге дейін жетеді. Алаңдары, көшелері, тұйық көшелері, үйлердің қалдықтары бар қала жоспары көзге өте жақсы көрінеді. Қоқыс пен ақауы бар бұйымдардың көптеп шығуына қарап, бұл жерде қыш және мыс шеберханалары болғандығын болжауға болады, ал күйдірілген кірпіштің шоғыры ауқатты адамдардың үйлері мен әкімшілік ғимараттардың қалдықтарын көрсетеді.

 

Қала туралы құнды мәліметтер осында 1514-1515 жылдары өмір сүрген ақын және жазушы Васифидің ғұмырнамаларында қамтылған. Ол ең керемет қала құрылыстарының бірі, 2 тербелмелі мұнарасы бар медресе туралы «Оның төбесінің иығында ерекше биіктіктегі және өте қасиетті болып саналатын екі биік мұнара қойылған. Бұл мұнаралар тірек мұнараға шынжырмен бекітілген, ал әрбір мұнараның күмбездерінің астында бөрене қойылған, біреу күшпен бөренені қозғалтса, шынжыр тербеледі және қарама-қарсы мұнарада тұрған адамға мұнара құлайтындай әсер береді, ал бұл әлемнің кереметтерінің бірі» деп жазады. «Тербелмелі» мұнаралар Орта Шығыс сәулет өнеріне және ерте дәуірге тән.

 

Солтүстік-шығыс қақпадан басталатын магистралды көше қалашықтың аумағын солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа тең екі бөлікке бөледі. Оңтүстік-батыс қабырғаға 150 м жетпей, ол оңтүстік-шығыс қақпаға апаратын оған көлденең жатқан көшеге тіреледі. Қаланың топографиясында екі магистралды көшеден басқа қаланың күрделі тармақталған көше желісін құрайтын көптеген көшелер мен тұйық көшелер байқалады.

 

Археологтар көпжылдық зерттеулерден кейін таңқаларлық жаңалыққа қол жеткізді. Қалашықтың солтүстік-шығыс кіреберісінен 210 м қашықтықта, магистралды көшенің сол жағынан күйдірілген кірпіштен және қырдан жасалған ауқымды құрылыстың қалдықтары қазылды. Ол өлшемі 100х100 м болатын үшбұрыш пішінді болған. Зерленген қаптама фрагменттерінің көп табылуына қарағанда, археологтар анықтағандай сол «әлемнің кереметі», яғни Васифи сипаттаған екі тербелмелі мұнарасы бар медресе дәл осы жерде орналасқан. Қазба жұмыстары оның қабырғаларының қасбеті мен екі мұнарасынан медресе орталық алаңда болғанын анықтады. Васифи Қазақстан үшін таңқаларлық жер асты құбырлары арқылы қаланы сумен қамтамасыз ету жүйесі туралы жазады, ол арқылы жер асты сулары сыртқа шығарылады. Бүкіл әлемді құрлықта да, теңізде де айналып өтіп, осындай адамдарды көрмегенін айтады.

 

Кәріздердің көзі Саураннан фарсах қашықтықта болды, оның үстінде қамал салынды, оның ішінде тереңдігі 200 гязь болатын құдық қазылды, оның жер бетінен суға дейінгі қашықтығы 50 гязь болды, құдықта 150 су бағанасы болды. Суды шығыр арқылы көтерді. Шығырды бұқаның күші арқылы қозғады. Кәріздің бастауында су қоймасы болды. Кәріздердің бірінің суымен суарылған жердің бір бөлігіне саябақтары, жүзімдіктер және шаруашылық құрылыстары бар жеке үйлер салынды.

 

Кәріз құрылғыларының көптеген бөлшектері археологиялық зерттеулерден алынған нәтижелерді Васифидің сипаттамаларымен салыстыру кезінде анықталады. Мәселен, кәріздердің бастауында салынған бекініс Мыр (Miртөбе) қирандыларына сәйкес келеді. Оның атауында Мир-Араба аты сақталған, яғни оның атынан және қаржысына құрылыс жұмыстары жүргізілген. Міртөбеден қашықтығы 7-8 км-ге тең және кәріздердің көрсетілген 1 фарс ұзындығына да сәйкес келеді.

 

Сауран мықты бекініс және Ұлы Жібек жолындағы ірі сауда орталықтарының бірі болды. Рузбихан бұл жерде даланың, Орта Азияның, Қытайдың сауда жолдары болғандығын, оған көпестер әртүрлі тауарларды әкелгендігін айтады. Ол «Өзбек (қазақ жерлері) жағынан Әндіжанға апаратын жолдармен қытай шекарасына дейін... Йасыға тауарлар мен сирек кездесетін заттарды тасымалдайды. Мұнда олармен сауда қатынастары жүреді. Бұл көпестер үшін әртүрлі елдерге тауарды ауыстырып тиеу орны, әртүрлі елдерден келген саяхатшылардың орны» - деп жазады.

 

Мемлекеттер астанасы – Сығанақ

 

Үлкен қала орталығы ортағасырлық Сығанақ қаласы. Бұл қала Дешті Қыпшақтың (ХІ-ХІІІ ғғ.), Ақ Орданың (XIV-XV ғғ.), Қазақ хандығының (XV-XVI ғғ.) астанасы болды. Қ.А.Ақышевтің пікірінше, Сығанақ өзінің ғылыми маңыздылығы бойынша Отырардан кейінгі екінші қала болып табылады. Сығанақ – ислам дінін енгізу тарихындағы айқын заттай айғақ. Археологтар мешіттер, медресе, сопылық шіркеу және кесенелерді қазып алды. Исламның танымал уағызшысы Сунақ ата мен оның ұрпақтары болды. Сығанақтан шыққан атақтылар Шейх баба Сығанақи және Хусам ад-дин ал-Хусейн ас-Сығанақи болды. Рузбихан «Киіз үйлері ескі Түркістанға жақын болған шайбанилерден шыққан өзбек хандарының барлығының қабірлері Сығанақ пен оның аумағында орналасқан... Қайтыс болғанда Дешті хандарының әрбірінің табыты міндетті түрде Сығанаққа жеткізіліп, оның қабірінің үстіне күмбезге ұқсас ғимарат тұрғызылды» - деп жазады.

 

Сығанақта Ақ Орданың ханы Ерзен, белгілі Шайбанилер, сондай-ақ «Шибан ұлысы» немесе «көшпелі өзбек мемлекетінің» негізін қалаушы Әбілхайыр хан сияқты көптеген даңқты тарихи тұлғалар жерленген. Әбілхайыр мен оның әулетінің қызметімен өзбек және қазақ халықтарының мемлекеттілігінің қалыптасуына қатысты маңызды оқиғалар байланысты. Сондай-ақ, Шайбанилер Орталық Азиядағы Темір билігінің құлдырауында басты рөл атқарғанын және соның салдарынан қуылған Темір әулетінің бүйір тармағы болып табылатын Ұлы Моғолдардың билігіне Үндістанды біріктіру үшін алғышарттар жасағанын атап өту керек.

 

Үнемі қайнап жатқан шекарада, тынышсыз далада орналасқан Сығанақ стратегиялық маңызды мәнге ие болды. Бұл жерде тек Сығанаққа және қала айналасындағы егіншілер қоныстанған және күтілген құнарлы, жазық жерлерге иелік еткен жағдайда ғана үстем болуға болады. Сығанақ саяси және стратегиялық қана емес, сондай-ақ ірі экономикалық орталық болды. XV-XVIII ғ. Сығанақ қазақтарға тиесілі және Сырдарияның төменгі сағасындағы ең ірі қала болды.

 

Ортағасырлық Қазақстанның тарихында ежелгі түркі тайпалары оғыздар маңызды рөл атқарды. Олардың ІХ-Х ғ. соңында мемлекет құрғанын араб тіліндегі тарихи-географиялық шығармалар айғақтайды. Оғыздар мен селжұқтар мемлекетінің оғыз және түрікмен тайпалары Еуразия тарихында маңызды рөл атқарды. Бұл тайпалар Қазақстаннан Орта Азияның оңтүстігіне, Иран мен Ауғаныстанға, Кавказ елдеріне, Кіші Азияға кетіп, сол жақта түрікмен, әзірбайжан және түркі халықтарының қалыптасуына атсалысты. Оған дейін олардың Қазақстан аумағында болу кезеңі ІХ-ХІІ ғасырларға келеді. Оғыз тайпаларының едәуір топтары қазақ, өзбек, қарақалпақ, башқұрт, татар құрамына енді. Х ғ. ортаазиялық даланың батысқа Хазарияға дейін созылып жатқан үлкен кеңістіктері – мафазат-әл-ғұз, яғни оғыз даласы. Орталық Азияда оғыздардан қалған айтарлықтай іздерге қарамастан, олардың материалдық мәдениеті осы күнге дейін тарих бетіндегі ақтаңдақ болып табылады. Қазақстан даласындағы жоғалған ірі қалалардың бірі – оғыз қалаларын зерттеу бір кездегі көп және белгілі болған осы халықтың тарихының құпиясын ашуға мүмкіндік береді.

 

Қала мәдениетінің тамаша үлгісі – Жент

 

«Әлемнің басты жері және исламның ең үлкен шекаралық шеті» деп орта ғасырларда Жент қаласын атады. Жент – ерекше сақталған ортағасырлық қала мәдениетінің тамаша үлгісі. Сондай-ақ оғыз тайпаларының тарихында селжұқ кезеңі туралы, сондай-ақ моңғол шапқыншылығының бірінші кезеңі туралы баяндайтын барлық жазба деректерде кездесетін ірі қала. Түрікмен мен оғыздар тарихының аса ірі зерттеушісі С.Г. Агаджанов біріктірген «Оғыз мәселелері» деп аталған сұрақтар шеңберіне кіреді.

 

Жент қаласымен көптеген тарихи маңызды оқиғалар байланысты. Олардың ішінде X ғасырдағы оғыздар мен түрікмендердің қоныс аударуы, Жент облысы аумағы мен тікелей Жент қаласын селжұқтардың басқаруы, селжұқтардың Жанкент билеушісі Әлимен, оның ұлы Шах-Меликпен, және Жент қаласының билеушісінің өкілімен күресі, селжұқ пен хорезмшахтардың Сырдарияның төменгі жағы мен Жент қаласы үшін күресін атап айтуға болады. Бұл 1220 жылы Жошының қаланы басып алуы болатын, кейін ол қалада өзінің ордасын құрды. Қаланың атауы моңғолдарға ерлік тойтарыс берген Ходженд өміршісі Темір-Мәліктің күресімен байланысты. Осы атақты қаланың атауымен облыс аталды, Арал теңізі Жент көлі деп аталды, ал Қызылқұм шөлі Жент шөлі деп аталды. Қала, мысалы, Фахр ад-Дин Али ибн Абул-Қасым ал-Дженди секілді белгілі аттарды берді. Бұл туралы ан-Насави: «тағдыр оған көмектесті, ол билікте қалды және атақты адамдар жетпеген жетістіктерге қол жеткізді» деп жазады. Мұндай айырмашылықтарға тек әртүрлі елдерде атақты және Хорасан мен Ирактың көрнекті қайраткерлері мойындаған аздаған адамдар ғана лайық деп танылды. Хорезмшахтардың басқару кезеңінің көрнекті ақыны Гийас ад-Дин Абу-л-Маджд Мухаммад ибн ал-Хасан ибн Ибрахим ал-Дженди болды. Ибн әл-Фуватидің айтуынша, ол ең әдемі ақындардың бірі және оның өлеңдері керемет болған.

 

Женттен ақын және жазушы Якуб бин Ширине ал-Джунди және Абу Наср Ахмада бин Фазл бин Муса ал-Джанди шықты. Селжұқтердің басшысы Жентте жерленген. Сонымен қатар Шейх Баба (1273) деп аталатын белгілі Камалиддина ал-Хорезмидің зираты бар. Ақырында, Жент хорезмшахтар үшін (жарлықтарда айтылғандай) «әлемнің ең басты жері және исламның ең үлкен шекаралық шегі» болды. Жент біздің жеңіспен аяқталған мемлекетіміздің басы, хорезмшахтар Жентке Хорезмге қарағандай аса мән береді.

 

X ғасырда Ибн Хаукаль Сырдария қалалары арасынан Янгикент қаласын атайды және «ол – оғыздар мемлекетінің астанасы, онда оғыздар патшасы тұрады» деп атап өтеді. П.И. Лерх ұсынған Янгикентті оқшаулау әрекеті күмән тудырмайды. Оған Қазалы қаласынан 15 шақырым жерде орналасқан, Жанкент қалашығы сәйкес келеді. Бұл қаланы зерттеу археология тарихының қызықты беттерінің бірін құрайды. Ортағасырлық дереккөздерге сүйенсек, Янгикент жанында Джувара (Хувара, Хора) қаласы орналасқан. Зерттеушілердің пікірінше, Джувара Янгикентке (Жаңа қалаға) қарама-қарсы оғыздардың ескі астанасы болған. Кескен-Күйік қала деп аталатын оның қалдықтары Жанкент қалашығына жақын, қаланың оңтүстігіне қарай 25 шақырым жерде орналасқан.

 

Оғыз қалаларын зерттеу оғыз тайпаларының мәдениеті мен тұрмысы туралы түсінік беретін бірегей материалға қол жеткізді. Мәселен, Кескен-Күйік қалашығында археологтар оғыздар ғибадатханасын ашты, оның құрамына ауқымды төртбағаналы зал, ғұрыптық ыдыстар қоймасы, қасиетті күлді сақтауға арналған бөлме, қойдың басы түріндегі керамикалық бейнелермен әшекейленген көптеген алтарьлар кіреді. Ғибадатхананы зерттеу барысында түрлі пішіндегі бөлмеге хош иісті түтін шығаратын керамикалық аспап табылды. Кескен-Күйік қала қалашығында түркеш, таң, хорезм, бухархудат тиындары, әшекейлер, шетелде жасалған белдік жиынтықтарының ұштары мен тоғалары жинақталды, бұл қаланың халықаралық байланыстарын көрсетеді. Оғыз жабғуының астаналары – Кескен-Күйік қала мен Жанкентті зерттеген кезде алынған археологиялық материалдар оларды Орталық Қазақстаннан Хорезм мен Еділге керуен жолдары өткен Ұлы Жібек жолындағы ірі сауда орталықтары ретінде айтуға мүмкіндік береді.

 

 

Назерке Чакирбаева
Бөлісу: