Өрт сөндірушілер он жеті газ баллонның жарылуына жол бермеді

13 Қаңтар 2023, 02:05 903

Өрт кезінде 6 тұрмыстық газ баллон жарылған

Маңғыстаулық өрт сөндірушілер он жеті газ баллонның жарылуының алдын алды, деп хабарлайды El.kz облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

12 қаңтарда Маңғыстау облысының ТЖД 101 пультіне сағат 18.20-да Ақтау қаласындағы техникалық қызмет көрсету станциялардың  бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Өрт кезінде 6 тұрмыстық газ баллон жарылды. Өртті сөндіру барысында өз өмірін қауіпке тігіп, өрт сөндірушілер 17 газ баллонын шығарып үлгерді, Өрт сағат 18.48-де жойылды.Өрттің ауданы – 50 шаршы метр, - делінген ведомство таратқан хабарламада.

Оқиға барысында техникалық қызмет көрсету станциясының бір қызметкері (әйел адам) қайтыс болды. Күйік алған тағы үш ер адам Маңғыстау облыстық ауруханасына жатқызылды. Тілсіз жауды ауыздықтауға 25 өрт сөндіруші-құтқарушы, 6 бірлік өрт сөндіру техникасы жұмылдырылған. Оқиға орнында ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері де қызмет көрсетті.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

EL.KZ
Бөлісу: