Өрт сөндірушілер 70-жылдардағы техникалармен жүр – Бибігүл Жексенбай

15 Маусым 2023, 11:52 1399

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай елімізді өрттен толық қорғауды қамтамасыз ету үшін қосымша 121 өрт сөндіру бекетін салу қажеттігін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Абай өңіріндегі жағдай жай ғана оқу-жаттығу өткізуді ғана емес, төтенше жағдайларға нақты дайын болуды көрсетіп отыр. Өртке қарсы қызметтің орман шаруашылығы және табиғатты қорғау мекемелерімен ынтымақтастығы ақсап тұрғанын көруге болады. Сондай-ақ өртті ерте анықтау жүйелерінің жылдам жұмысын да көрмедік, техникалық ақаулар болды, - деді сенатор.

Ол бүгінгі таңда Төтенше жағдайлар министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, жергілікті атқарушы органдар сияқты органдардың материалдық-техникалық жарақтандыруының орташа көрсеткіші 69 пайызды құрап отырғанын айтты.

Аталған мемлекеттік органдардың бөлімшелерінде техникамен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі жеткіліксіз. Мамандандырылған техниканың негізгі бөлігі (автомобиль паркінің 40%) 1970-1990 жылдары шығарылған, қызмет ету мерзімі біткен жабдықтар. Сонымен қатар мемлекеттік өртке қарсы қызметтің өрт сөндіру бөлімшелері жетіспейді, - деді Жексенбай.

Сенатордың айтуынша, халықтың өрттен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін республика бойынша мемлекеттік өртке қарсы қызметтің 426 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді. Өрттен толық қорғауды қамтамасыз ету үшін қосымша 121 өрт сөндіру бекетін салу қажет. Сондай-ақ ол қызметкерлердің жалақысына қатысты пікір білдірді.

Бүгінгі күні өрт сөндірушілердің жалақысы соңғы өсімді есептегенде небәрі 180 мың теңгені құрайды. Мен орман шаруашылығы мен табиғи мекеме қызметкерлерінің жалақысын айтып отырған жоқпын. Оларда одан да аз. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылы еліміздегі орташа жалақы 310 мың теңгені құрады. Өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін салада жұмыс істейтіндер осындай аз ғана жалақы алады екен, - деді ол.

Сондықтан штаттық кестеге сәйкес, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою функцияларын жүзеге асыратын қызметкерлер мен бөлімшелердің штат кестесіне сәйкес штаттық құрамның жеткіліксіздігі мәселесі туындайтынын айтты.

Миражан Махан
Бөлісу: