Өрт сөндіруші де елдің  алғысын арқалаған маман

Бүгiн, 13:06 108

Мамандықты дұрыс таңдау – ертеңгі қамсыз өмір сүруіңнің кепілі. Ақшасы аз болса да, әрқашан халықтың алғысына бөленіп жүретін абыройлы маман иелері көп. Олардың ең басты парызы – адамның өмірін сақтап қалу. Он жылға жуық өрт сөндіру саласында еңбек етіп келе жатқан Байбарақ Саясатовтың бұл мамандықты таңдауына не себеп? Ол El.kz тілшісіне берген сұхбатын сауапты істің өзі адамның өмір сүруін жеңілдете түседі дегеннен бастады.

El.kz: Байбарақ, өрт сөндіру мамандығын таңдауға не себеп?

Байбарақ Саясатов: 1992 жылы 7 наурызда Атырау қаласында өмірге келдім. Бұл мамандыққа қызығушылым қалай оянды десеңіз, әу бастан жүрек түбінде адамды құтқаруға деген ниетім болды. Табиғатымнан адам баласына көмек беруді жақсы көремін. Бала кезімнен дәл осындай ниеттегі мамандардың өмірі мен тіршілігі жайында түсірілген фильмдерді де жиі тамашалап, соларға ұқсап баққым келетін. Болашақта да жан-жағымдағы адамдарға жақсылық жасауды, қажет болса көмек қолын созуды өмірлік кредома айналдырсам деген мақсат ойдан шыққан емес.

2010-2011 жылдары әскер қатарына алынып, азаматтық борышымды өтеп келгеннен кейін өрт сөндіру бөлімшесінде жұмыс істейтін таныстарымнан сұрастырып көрдім. Не болса да, барып көрейін деп шешіп, өрт сөндіру бөліміне келдім. Бірақ ол кезде жұмысқа алмады. Содан  аралықта басқа тіршілік істеп, 2015 жылы құжатымды жинақтап, Атырау облысы ТЖД «Өрт сөндіру және АҚЖҚ» ММ №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне қайтадан тапсырып көрдім. Нәтижесінде сол жылы жұмысқа қабылдандым. Жалпы, өзіме лапылдап жанып жатқан алапат өрттің ортасына кіріп, сөндіріп, адамдарды құтқару жұмысы ұнағандықтан табанды түрде кіргім келді. Алайда, маған «Сенде көлік жүргізетін куәлік бар екен. Бізге өрт сөндіру көлігін жүргізетін маман жетіспейді» деді. Содан бері өрт сөндіру көлігін жүргізуші болып жұмыс істеп келемін. Автосаты жүргізушісі болдым. Өрт ортасында қалып қойған адамды құтқару үшін автосатыны орнатып, төменге түсіріп аламыз. Телефонға дамыл болмайды. Күнде неше түрлі оқиға тіркеледі. Біреудің жер үйінен өрт шығады, дүкені жанады. Біздің міндет – оқиға орнына жылдам жетіп, адам өмірін арашалау.

El.kz: Жалпы, өрт сөндіруші, өрт сөндіру көлігін жүргізуші ретінде арнайы білім керек пе?

Байбарақ Саясатов: Өзім колледж, сосын Атырау қаласындағы инженерлік-гуманитарлық институтын бітірдім. Өрт сөндіру бөліміне келгеннен кейін 2023 жылы Көкшетаудағы өрт сөндіру мамандығын тәмамдадым. Әрине, әр азамат жұмыс істеп жүрген саласының қыр-сырын меңгергені дұрыс қой. Әу баста біраз дүниені сырттай ғана пайымдап келсем, орта кәсіптік және жоғары білім алған соң бәрін бүге-шігесіне дейін білетін болдым.   

El.kz: Сонда өрт сөндіру саласындағы алғашқы тәжірибені де осы жерден бастадыңыз ба?

 Байбарақ Саясатов: Иә, алғашқы еңбек жолымды 2015 жылы Атырау қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде бастадым. Бастапқы кезде бәрі таңсық болған соң қиындау болды. Уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, білімімді жетілдірдім. Содан биылға дейін табан аудармай жұмыс істедім. 2024 жылдың тамыз айында отбасыммен Ақтау қаласына қоныс аударуыма байланысты сондағы №13 өрт сөндіру бөліміне ауыстым.

El.kz: Қалай ойлайсыз, өрт сөндіруші мамандығы абыройлы мамандық санатына жата ма?

Байбарақ Саясатов: Әрине, меніңше өрт сөндіруші де мұғалім, дәрігер сияқты абыройлы мамандық қатарына жатады. Себебі, біз адамның өмірін, мүлкін құтқарамыз. Адамның өмірінен артық ештеңе жоқ. Олардың ризашылығын алып, алғысына бөленудің өзі бір бақыт. Қандай жағдай болсын, тұрғындарға мейлінше, қолдан келгенше көмек беруге асығамыз. Біз тек қана өрт сөндіріп қана қоймай, әртүрлі жағдайға тап болған, яғни апатқа ұшырағандарды, аязды күндері далада қалып қойған адамдарды да құтқарамыз. Сондай сәттерде құтқарылған адамның қуаныштан тамған көз жасын, өмірге деген құштарлығын көресің. Тіпті, бір адамға қайта өмір сыйлағаныңды сезініп, өзіңнің де тұла бойыңды мақтаныш сезімі кернейді. Содан кейін де өрт сөндіруші, құтқарушы мамандығы абыройлы қызмет деп санаймын. Дәл осы салада еңбек етіп жүргеніме қуанамын. 

El.kz: Өрт сөндіру кезінде ажал құшқан мамандар көп. Адам өмірін құтқару үшін өз жанын қиған әріптестердің ерлігі жайында не айтасыз?

Байбарақ Саясатов: Өмір болған соң бәріне дайын болуың керек. Ең бірінші, сақтық шарасын берік ұстанған абзал. Адам өміріне араша түсуің керек болса да, жеке бастың қауіпсіздігін ойлау маңызды. «Сақтансаң сақтаймын» демей ме? Кейде оқыстан болған жағдайдың соңы қайғыға әкеп соғады. Ешкімнің өмірі кепілдендірілмеген ғой. Мамандар бейбіт адамдарды құтқарамын деп өзінің өмірін қияды. Өрт сөндіру кезінде мұндай қайғылы оқиға жиі тіркеледі. Өкінішке қарай, өрт сөндіруші немесе құтқарушы маман басқа адамның өмірін құтқаруды басты мақсат еткендіктен өз өмірін құрбандық етеді. Меніңше, бұл өрт сөндірушілердің көзсіз ерлігі, ерік-жігерінің мықтылығы. Екінің бірі өрт сөндіруші болып жұмыс істей алмайды деп ойлаймын.  Себебі, өртке оранған орынға кірудің өзі батылдықты талап етеді. Адамның өмірін аман сақтап қаламын деп өз жанын берген әріптестерімізге басымызды иеміз.

El.kz: Жалақы мөлшеріне көңіліңіз тола ма? Білуімше, еңбекақы өсті. Аз ба, көп пе? 

Байбарақ Саясатов: Иә, еңбекақымызды өсірді. Бірақ инфляцияға, азық-түліктің қымбаттап кетуіне байланысты жалақымыз жетпей қалып жатады. Бізде әдеті ғой, жалақы көбейсе, бәрінің қымбаттап кететіні. Өрт сөндірушілердегі басты мәселе – баспана. Көптеген отбасы пәтер жалдап тұрады. Соның салдарынан қолына алатын жалақының жартысынан көбі пәтерге кетеді. Мұғалім мен дәрігер мамандығы өкілдеріне жасалып жатқан жағдай бізді де айналып өтпесе екен деймін. Біздің де басты мәселе – баспаналы болуды шешіп берсе деген үміт бар. Алайда, жастардың дені «Үкімет қашан баспана береді?» деп қол қусырып отырмай, өздері әрекет етіп, ипотекалық несиемен үйлі болып жатыр. Дегенмен, оның ай сайын төлейтін ақысы қалтаға да оңайға соқпайды. Сол жағынан айтарлықтай жеңілдік жасалса деген базынамды жеткізгім келеді. Баспана мәселесі шешімін тапса, өрт сөндіруші де еш алаңсыз, уайымсыз жұмысын істей береді.  Бұл адамға сенімділік береді. Ал басында сан түрлі уайымы бар маман бәріне алаңдап жүрсе, жұмысы да өнімділік бермеуі мүмкін. Сондықтан өрт сөндірушілерді де тұрақты баспанамен қамту мәселесі тасада қалып қоймаса екен деген тілегім бар.   

El.kz: Өрт қауіпсіздігін сақтау керектігін бәрі біледі. Алайда, тұрғындар нені ескермейді?

Байбарақ Саясатов: Шын мәнінде, халық өрт қауіпсіздігін сақтауға қатысты ақпаратпен етене таныс. Сақтық шарасын ұстанбаса, арты қайғылы жағдайға әкелетінін де біледі. Тура сондай оқиға күн сайын айналасындағы адамдардың басынан өтіп жатыр. Соған қарамастан «Дәл осы жағдай менің басымда бола қоймас» деп немқұрайлы қарау дұрыс емес. Көбінесе өрттің шығу себебін анықтағанда, ас үйдегі газды сөндіруді ұмытып кетуден басталады. Сондай-ақ, үйге жөндеу жұмысын істегенде токты арзан материалдан алып, жүргізеді. Кейде ол дұрыс жалғанбай қалады. Сондықтан ток желісінің сапалы болғанын қадағалау керек. Осының бәрі өрт қауіпсіздігіне бейжай, мұқият қарамаудан туындайды. Соны біле тұра істеуге ерінеді, ұмытады. Негізі адам өрт болған жағдайға қалай әрекет ету керектігіне әркез психологиялық тұрғыдан дайын жүру керек. Себебі, өрт шыққан кезде кей адам не істерін білмей, абдырап қалады. Тіпті, «Өрт кезінде алдымен не істеу қажет? Қалай өшіру керек?» деген сұрақтың өзіне еш жауап келмей қояды. Сондықтан адам алдын ала кез келген оқыс оқиғаға өзін дайындау керек деп санаймын. Мәселен, «Егер өрт шықса, былай сөндіруге болады екен. Токтан кілтипан болса, автоматты өшіріп тастаймын» деген ой мида жүруі тиіс. Осылайша, төтенше жағдайдың болмауы алмауы үшін әркім өзінен бастауы керек.    

El.kz: Он жылғы еңбек тәжірибеңізде есіңізден кетпейтін оқиға көп пе?

Байбарақ Саясатов: Бізде күн сайын оқыс оқиға тіркеледі. Әп-сәтте жылдам шығып кетіп, бар ойымыз – адамды құтқару болады. Әр жағдайдан сабақ алуға тырысамыз. Ал енді есте қалған жайт туралы дәл қазір ештеңе ойға келмей тұр. Күнделікті жұмысымыз адам өмірін құтқарумен байланысты болғаннан ба, бұл бізге қалыпты саналады. Бір оқиғадан екіншісінің аса бір айырмашылығы жоқ. Мысалы, үйдің ішінде өрт шығып, тұрғындары тар балконға шығып бізді дегбірсіздене күтіп тұрады. Сондай сәтте бойыңда аса бір шапшаңдық пен күш-жігер пайда болғандай сезінесің. Әуелі Алладан, сосын бізден көмек күткен шарасыз жандардың орнына бір сәт өзіңді қойып көргің келеді. Содан тұла бойың шымырлап, тезірек аман алып қалуға жанұшырасың. Автосатыны жылдам қойып, тұрғындарды жерге түсіргенде тағы бір міндеттен құтылғандай күй кешесің. Міне, осындай алапат күш-қуат өмірге деген құштарлығыңды арттыралы, әрі қарай да абыройлы жұмысыңды атқара беруге рух береді.    

El.kz: Кейде өмірде бір мамандықты әулет ұрпақтары жалғап кетіп жатады. Балаңыздың осы салаға барғанын құптар ма едіңіз?

Байбарақ Саясатов: Қазіргі кезде балалар өзінің қалаған, ұнатқан мамандығы бойынша білім алып, жұмыс істегені жақсы. Егер әкесінің мамандығына деген мақтанышын көріп, «Мен де әкем сияқты өрт сөндіруші боламын» десе, әрине құптаймын, бағыт-бағдар беремін. Себебі, өрт сөндіруші де – халыққа көмектесіп, үнемі алғысын арқалаған, сауап алатын мамандық. Сол себептен жүрегі қалап тұрса, қарсылық болмайды. Әркімнің өз таңдауы бар. Оған тек қолдау көрсету ғана керек. Шын мәнінде, мамандық таңдау – ең жауапты іс екенін балаларыма ескертіп отыратын боламын. Бұл оның болашақтағы өміріне де, тұрмыс-тіршілігіне де әбден әсер ететіні сөзсіз. Дегенмен. өрт сөндіруші қызметінің әркез халықтың алғысына бөленетін мамандық екенін, бұған менің тектен-тек келмегенімді сабақ ретінде айтатыным анық.

El.kz: Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Мереке Амантай
Бөлісу: