Өрт оқиғалары Қарағанды облысында да жиіледі

18 Шілде 2023, 15:45 771

Қарағанды облысында Шет ауданының Талды ауылдық округіне қарасты тау жотасының аумағында табиғи өртті сөндіру жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Қарағанды  облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда өрт «Ақтоғай орман қорғау» КММ 4 орамындағы орман шетіне жайылып барады. Өртенген аумақ алдын ала мәлімет бойынша 150 гектарды құрап отыр. Оның 120-130 гектар аумағы сөндірілді. 20-30 гектар аумақта өртті сөндіру жұмыстары жүріп жатыр.Өрт болып жатқан жерде қураған ағаштар көп, таулы жерлер жүрісті қиындатып отыр, өрт ошақтарының бөлшектеніп жатуы мен су көздерінің алыстығы да кедергі. Өрт болып жатқан жаққа баратын жол жоқ, жел де құбылып тұр. Осының барлығы жұмысты қиындатып отыр.

Соған қарамастан өрттің жиектері сөндірілді, ашық жанып жатқан жер жоқ. Кей жерлерде ғана түтін бықсып жатыр. Өртті сөндіруге «Қазавиақұтқару» АҚ-ның су төгу құрылғысы бар тікұшағы жұмылдырылды, ол өрт ошақтарына көлемі 72 тонна болатын суды 24 рет төкті. Өртті сөндіруге жалпы Төтенше жағдайлар департаментінен, Ақтоғай орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығынан, Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығынан, ерікті өрт сөндіру бөлімшелерінен және жергілікті атқарушы органдардан барлығы 139 адам мен 20 техника жұмылдырылды.

Сонымен қатар, өткен тәулікте Қарағанды облысының ТЖД мен ерікті өрт сөндіру бөлімшелерінің күшімен 3 дала өрті сөндірілді. Осакаров ауданына қарсты Озерное ауылдық округінде Озерное ауылынан солтүстік-батысқа қарай 4 шақырым жерде 10 гектар аумақта құрғақ шөп өртенді.

Бұқар-Жырау ауданындағы Көкпекті ауылдық округінде Көкпекті ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде 5 гектар аумақта құрғақ шөптің жанды. Бұқар-Жырау ауданы Ботақара ауылдық округінде Ботақара ауылынан солтүстік-батысқа қарай 15 км жерде 5 гектар аумақта құрғақ шөп өртенді.

Равиль Ашығали
Бөлісу: