Орманды өрттен сақтау үшін өте қырағы болу керек – орманшы

20 Қазан, 10:02 406

Жыл сайын елімізде дәстүрлі түрде қазан айының үшінші жексенбісі орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Биылғы жылы мереке 20 қазанға тұспа-тұс келіп отыр. Бұл мереке орман шаруашылығымен айналысатын жандардың еңбегінің қаншалықты маңызды екенін, орман ресурстарын қорғауға, қалпына келтіруге қосқан үлестерін көрсетеді. Осы ретте El.kz тілшісі талай жыл осы салада тынбай еңбек етіп жүрген Қатонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Шыңғыстай орманшылығының инспекторы Ғабит Қажыкеұлымен тілдескен еді.

Ғабит Рзабаевтың бұл қызмете жүргеніне 20 жылдан асқан. Орманшының басты ұстанымы ауа-райының ыстық-суғына қарамастан орманды күнделікті бақылап, табиғи апаттың алдын алу.

Күнделікті жұмыс күніміз таңғы 8-ден басталады. Орманның ішін күнделікті бақылап, болжап отырамыз. Құрғақ ауа-райы кезінде өрт қаупі жоғары болады. Осы мақсатта жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Ауыл тұрғындарымен қоян-қолтық жұмыс істейміз, – дейді инспектор.

Орманды өрттен, кез келген табиғи апаттан болсын сақтау үшін өте қырағы болып, күнделікті бақылауға алып тұру керегін айтады. Соның ішінде орманға ең қауіпті апат бұл өрт, соны болдырмай алдын алу өте маңызды екенін тілге тиек етті.

Аса жауапты сала болғандықтан, өз қызметімізге бей-жай қарай алмаймыз. Өйткені біздің ормандарымыздың болашағы орманшылардың жұмысына, елдің экологиялық әл-ауқатына байланысты екенін есте ұстауымыз керек. Орман Қазақстанның ұзақ жылдар бойы жасыл байлығы болып қалуы үшін орман шаруашылығын қолдауды және дамытуды жалғастыру маңызды», – деді Шыңғыстай орманшылығының инспекторы Ғабит Рзабаев.

Бүгінде Қатонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында Алтай тауларының етегінде қаз-қатар тізілген ауыл үйлерінің арасынан Рзабаевтар отбасының шаңырағы өз тіршілігімен, отбасы мүшелерінің өзара жылы қарым-қатынасымен, еңбекқорлығымен ерекше көзгет үседі. Ғабит Рзабаев ауылдастары мен Шыңғыстай орманшылығының ұжымы арасында ерекше сыйластыққа, құрметке ие жан. 2004 жылдан бері аталмыш табиғи паркте қыстың суығы мен шіліңгір жаздың ыстығына мойымай, еңбек етіп келе жатыр.

(Фото: Кейіпкердің жеке мұрағаты)

Риддер қаласындағы агро-техникалық колледжді сәтті аяқтап, өз мамандығының қыры мен сырына әбден қаныққан Ғабит Қажыкеұлы орман  шаруашылығы саласында тек жақсы жағынан көрініп, еңбегімен өлкенің табиғатын қорғауға, еліміздің өркендеуіне өз үлесін аянбай қосып келеді. Еңбек жолындағы тәжірибесін әріптестері арасында бөлісіп, мектеп оқушылары мен ағарту жұмыстарын ұйымдастыруды өз міндетінің бірі санайды. Ол болашақ табиғат сақшыларына бағыт-бағдар беруден жалыққан емес.

Еңбек еткен адамға бұл заманда барлығы қолжетімді. Тек еңбекпен және адамгершілік іс-әрекетпен ғана мақсатқа жетуге болады. Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа, балаларыма да осы сөздерді санасына сіңіруге тырысамын. Өмір ізгілік пен игілікті істерге толы. Сол үшін де еңбекқорлық пен төзімділік жас ұрпаққа үлгі болуға тиіс, – дейді кейіпкеріміз.

Биыл Қазақстанда орман шаруашылығы қызметкерлерінің күнін мерекелеу «Таза Қазақстан» республикалық акциясымен біріге өтуде. Мәселен мереке қарсаңында Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қызметкерлері мен ЮНИСЕФ экоактивистері ағаш отырғызу акциясын өткізді. Астана қаласында «Хан Шатыр» СОО аумағында 100 ағаш (емен, үйеңкі, шетен) егілсе, ботаникалық баққа 500 ағаш (алма, мойыл, ырғай, ұшқат, тал) отырғызылды. Астана қаласындағы 60 мектепте, 40 балабақшада және 8 жайлы мектепте 2 500 ағаш отырғызылды (сібір алма, виргин мойылы және дөңгелек жапырақты ырғай көшеттері).

Қазақстанның табиғи алуан түрлігіне қарамастан, ормандар ел аумағының 5 пайызын ғана алып жатыр. Ормандардың көбеюі экологиялық тепе-теңдікті сақтау және елдің одан әрі тұрақты әлеуметтік-экономикалық прогресі үшін өте маңызды. Мемлекет басшысы өзінің президенттігінің алғашқы күндерінен бастап осы мәселеге ерекше назар аударған еді. Сондай-ақ президент орман алқабын ұлғайту бүкіл елді жұмылдыратын нағыз халықтық идеяға айналуы тиіс екенін, сондықтан елде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет екенін атап өтті.

Мемлекет орман шаруашылығы саласын дамыту үшін көбірек қадамдар жасауда. Елде орман шаруашылықтарын, ұлттық парктер мен резерваттарды өртті ерте анықтаудың арнайы өртке қарсы жүйелерімен, техникамен және жабдықтармен жарақтандыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Мәселен осы жылы еліміздің орман шаруашылығы тарихында алғаш рет 1384 бірлік өртке қарсы техника мен 921 бірлік тіркеме және аспа жабдықтарын сатып алуға 52 млрд теңге бөлінді.

Мемлекет орман қорын қорғаудан басқа, орман шаруашылығы қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға көп көңіл бөледі. Осылайша, 2024 жылғы 1 шілдеден бастап еліміздің орман өрт сөндіру станцияларының қызметкерлері лауазымдық жалақыға үстемеақы ала бастады. Олардың ішінде орман өрт сөндірушілері, өрт сөндіру машиналарының жүргізушілері, тракторшы-машинистер, радиооператорлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтар мен аппаратураларды жөндеу жөніндегі слесарлар, өрт-бақылау мұнарасының бақылаушылары. Әрбір орман шаруашылығы қызметкерінің еңбекқорлығы – еліміздің жасыл болашағының кепілі.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: