Орман қорғау саласындағы кадрлар мен техника тапшылығы мәселесі қашан шешіледі

3 Маусым, 20:18 591

"AMANAT" партиясы орман қорғау саласындағы кадрлар мен техника тапшылығы мәселесін қысқа мерзімде шешу қажеттігін атады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Кадр тапшылығы, техниканың тозуы, ұшқышсыз ұшатын аппараттар сатып алу және орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын арттыру. «AMANAT» партиялық бақылау комитетінің отырысында алдағы күзгі өрт қаупі кезеңіне байланысты орман және табиғатты қорғау мекемелерінің өзекті мәселелері талқыланды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, өткен жылы табиғатты қорғау мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыруды жаңарту үшін 25 өрт сөндіру машинасы, 51 шағын орман патрульдік кешені, 154 трактор, 73 патрульдік машина, сондай-ақ 655 басқа жабдық сатып алынған. 

Орман және табиғатты қорғау мекемелерінде техникалық жарақтандырудың жеткіліксіздігін атап өту қажет. Орман өртін сөндіру станциясының саны стандарт бойынша 729 болуы тиіс. Бізде бары – 254, олардың басым бөлігі өткен ғасырдың 60-70-ші жылдарында салынған. Орман өртін сөндіру станцияларында 1145 бірлік техника бар, олардың жартысы жарамсыз, 510-ы жұмыс істеуге жарамды. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшу аппараттарының жетіспеушілігі (154 орман және табиғатты қорғау мекемелеріне барлығы 99 дана берілген) ормандарды толығымен аэровизуалды тексеруге мүмкіндік бермейді. Мысалы, «Семей орманы» табиғи резерватында бірде-бір ҰҰА жоқ», - деді ол.

Перизат Саденова
Бөлісу: