Орман өрті: ТЖМ басшысы қандай шаралар қабылданғанын айтты

30 Шілде, 12:19 432

ТЖМ табиғи өртпен күресу үшін жаңа технологиялар мен стратегияларды енгізіп жатыр, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов биыл табиғи өртпен күресу тәсілдеріне айтарлықтай өзгерістер енгізілгенін хабарлады. Үкімет отырысындағы баяндамасында министрлік өрттің алдын алуға және ошақтарды ерте анықтауға баса назар аудара отырып, өртке қарсы жедел әрекет ету шараларын толығымен қайта қарағанын хабарлады.

Жағдайға мониторинг жасау мен жедел ден қоюды жақсарту үшін жаңа технологиялар мен жүйелер енгізілді.

Тәулік бойы өрт жағдайына мониторинг жүргізіп отыру үшін «Ертіс орманы», «Бурабай», «Семей орманы», «Медеу», сондай-ақ Қостанай облысы орман шаруашылықтарының бейнебақылау жүйелері министрліктің Дағдарыс орталығына қосылған. Сондай-ақ «Орман» және «Табиғат» жүйелері біріктірілген. Сонымен қатар найзағайдың белсенділігі мен термалды нүктелер туралы мәліметтерге талдау жасау арқылы өрттің тұтануына ден қойылады, – деп атап өтті Ш.Әрінов.

Бұған қоса, өңірлерде аэровизуалды барлау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары белсенді түрде қолданылады. Бұл шаралар өртті ерте анықтауға және уақытылы әрекет етуге бағытталған, бұл өртке қарсы күрестің тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: