«Ордабасының» қаржысын жымқырып қашқан Қайрат Сатыбалдының қайын атасы Түркиядан табылды

«Ордабасының» қаржысын жымқырып қашқан Қайрат Сатыбалдының қайын атасы Түркиядан табылды

Қазақстанның бас прокуратурасы «Ордабасы» футбол клубының экс-президенті Бақтияр Байсейітовті экстрадициялау туралы сұрау жолдады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Шымкенттік ұжымды басқарған Бақтияр Байсейітов, қаржы жымқыруға байланысты күдікке ілініп, тергеуден жалтарғандықтан халықаралық іздеу жарияланған болатын.

Оның Түркия аумағында жүрген жері анықталуына байланысты 21.02.2025 жылы экстрадициялау туралы сұрау жіберілді. Әзірге шешім түскен жоқ, - деп хабарлады бас прокуратура.

Құқық қорғау органдары Байсейітовті футбол саласынан бөлек, Түркістан облысындағы «Қаратау» руднигін салу кезінде 320 млн теңгеден астам қаржыны жымқыруға қатысы бар деп санайды. Тергеу мәліметінше, Iri Building және «Каратау» ЖШС арқылы жоба үшін сатып алынған жабдық жеткізілмеген, ал қаражаттың бір бөлігі заңсыз шығарылған.

Байсейітовтың осы компанияның мүддесін лобби жасағаны туралы да күдік бар. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша («Бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жымқыру») сараланған.

2017-2021 жылдары Байсейітов «Ордабасы» футбол клубының президенті қызметін атқарған. Дәл осы кезеңде «Ордабасы» мен «Ақтөбе» басшылығы арасындағы футбол матчын сатып жіберу туралы телефон әңгімелерінің желіге тарауына байланысты дау шыққан еді.  Ол клубты 5 млрд теңге қарызға кіргізіп кеткені айтылған. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұған дейін Бақтияр Байсейітовтің Қайрат Сатыбалдының қайын атасы екенін растаған.