Ордабасыда 420 балаға арналған өнер мектебі салынады

22 Қазан, 09:45 338

Түркістан облысының Темірлан аулында 300 орындық жаңа өнер мектебін салу жоспарланып отыр. Аудан тұрғындары мен халқы жаңа ғимараттың салынатынына дән риза, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссия «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң шеңберінде жұмысын жалғастырып жатыр. Барлық қаражат әлеуметтік пайдалы мақсаттарға одан әрі қайта бөлу үшін Арнаулы мемлекеттік қорға жіберіледі. Осы орайда қайтарылған қаржының бірқатары Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы өнер мектебінің жаңа ғимаратын салуға жұмсалмақ.

«Ордабасы оттары» газетінің редакторы Нұриддин Шәмшіұлының айтуынша, ауыл мектебіне көңіл бөлу - қазақ өнерінің дамуына жасалған маңызды қадам болмақ.

Осы аудандық өнер мектебінің құрылғанына 50 жыл болды. 1974 жылы мен аудандық газетке тілші болып келдім, сонда ең алғаш жазылған мақалам осы мектептің пайдалануға берілгені туралы еді. Сол 1974 жылдан бастап аудандық іс-шараларға осы өнер мектебінің ұстаздары қатысатын. Ол кезде өнерге деген халықтың сүйіспеншілігі, қызығушылығы жоғары болып, мектептің даңқы біраз жерге дейін жетті. Қазір енді уақыт басқа, заман басқа, талап басқа. Сондықтан Темірланға жаңа ғимарат салуды жоспарлап жатыр. Бұған ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтуымыз керек. Осындай ауыл мектебіне көңіл бөліп, қазақ өнерінің дамуына үлес қосып отырған ұжымға ғимарат салып беретіні үшін алғыс айтамыз. Бұл ауданның 60 жылдық мерейтойына үлкен тарту болады деген ойдамын, - деді «Ордабасы оттары» газетінің редакторы Нұриддин Шәмшіұлы.

Жобаның құны 903 миллион теңге екені белгілі болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, заңсыз салынған активтерді қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы жұмыс аясында арнайы қор құрылған. Осы қордың аясында Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан елді мекеніндегі балалар музыка мектебінің құрылыс жобасы әзірленген. Жобаны құны – 903 миллион теңге. Сараптаманың оң қорытындысын алған. Бұл аудан тұрғындары үшін қуанышты жағдай. 50 жылға жуықтаған балалар музыка мектебінің жаңа ғимаратқа көшетініне қуаныштымыз», - деді Түркістан облысы Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Олжас Болатхан.

Айта кетейік, 1974 жылы қабырғасы каркастан салынған қазіргі ғимарат заманауи санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай емес, күрделі жөндеуге жарамайды. Соған қарамастан бүгінгі таңда кешен жұмыс істеп тұр – орталықта 420-ға дейін бала оқиды, бұл оның қазіргі қабылдау мүмкіндігінен 2 есеге артық, 45 мұғалім сабақ береді. Жаңа жоба ауылда өнер саласында қосымша сапалы білім алу үшін жағдай жасайды. Балалар жайлы ортада музыкамен, хореографиямен айналысуға мүмкіндік алады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: