«Ордабасы» басты қарсыластарынан 8 ұпайға ұзап кетті

22 Тамыз 2023, 18:45 952

Қазақстан премьер-лигасының аяқталуына 7 тур қалғанда Шымкенттің «Ордабасы» клубы қарсыластарынан қара үзді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өткен аптада 20-турдың ойындары өткен. Соған тоқатлып өтсек.

«Шахтер» (Қарағанды) –  «Окжетпес» (Көкшетау) – 2:1

Голдар: Свиридов 66 (1:0), Чогадзе 90+2 (2:0)

Көкшетау командасы жақында ресейлік бапкерін қызметінен босатқан. Орнына көмекшісі болып жүрген қазақстандық маман Андрей Ферапонтов тағайындалған. Бірақ бас бапкер ретінде алғашқы ойыны сәтсіз аяқталды. Қарағандыда жергілікті «Шахтерге» есе жіберді.

Матчқа келер болсақ, алаң иелерінің жолы болғаны сөзсіз. Қонақтар өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Есепті екінші таймда жақында ұлттық құрамаға шақырту алған Иван Свиридов ашты. Сосын Чогадзе төреші қосқан қосымша минутта ойын нүктесін қойды.

Бұл жеңіс «Шахтердің» премьер-лигада қалу жоспарына көп көмегін тигізді. Бас бапкер Игорь Солошенко енді тыныш ұйықтай берсе болады. Ал керсінше, «Оқжетпестің» уайымы арта түсті. Команда соңғы кездері біраз ұпай жоғалтып үлгерді.

«Каспий» (Ақтау)  –  «Кызылжар» (Петропавл) – 1:2
Гол
дарСмилянич, 58 (0:1). Имнадзе, 61 (0:2). Коцев, 90+2 (1:2).
Пенальти соқпадыБушман, 88

Қонақтар тіпті ірі жеңіске жете алар еді. Бірақ оған Бушман пенальти сала алмай қалды. Ал төреші қосқан қосымша минутта бір гол жіберген соң, «Қызылжардың» жүйкесі сыр бере бастады.

Қалай десек те, Петропавл командасы үш ұпайға ие болды. Әли Әлиев шәкірттерінің ойындары жинақы, алаңда не істеу керегін біледі.

 Сырт алаңдағы екі тең ойыннан кейін бұл өте маңызды жеңіс болды. Команданың алдында мақсат қойғанбыз. Жігіттер сол жоспарды орындауда аянып жатқан жоқ. Бірінші таймда климаттық жағдай біраз қиындық тудырды. Ал екінші кезеңде тізгінді қолға алып, екі голымызды соқтық. Тек кездесу соңында аздап жүйке жұқаратын ойын болды. Жаралы арыстан мұндай сәтте қиын. Сәл болмағанда «Каспий» таразы басын теңестіріп кетер еді. Сондықтан мұндай ойын соңын сенімді аяқтау керек. Тағы да команданы жеңіспен құттықтаймын, – деді «Қызылжар» бапкері Әли Әлиев матчтан кейін.

«Ақсу» (Павлодар) – «Атырау» (Атырау) – 4:1

Голдар: Маилсон, 16 (1:0). Козлов, 38 (1:1). Маилсон, 57 (2:1). Брайан, 69 (3:1). Соловей, 77 (4:1).

«Ақсу» бапкері Вахид Масудов команданың қорғанысын түзей алмай жүр еді. Ойыншыларға осы жағын қадап, бұл жолы сабақ шығарыпты. Сосын команадаға жаңадан қосылған Маилсон Лима өзінікін дәлелдеді. Павлодар командасының шабуылшы шебіне осындай футболшы жетіспей жүрген.

«Атыраумен» матчта Маилсон дубль жасады. Алаң иелері 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Енді «Ақсудың» премьер-лигада қалу үміті оянғандай. Сондықтан барлық қызық алда секілді.  

 «Жетісу» (Талдықорған) – «Мақтаарал» (Атакент) – 0:1

Гол:  Балтабеков автогол, 79 (0:1).
Алаңнан қуылды: Цинцадзе, 83.

«Ұстаздан шәкірт озса игі» деген сөз бар. Осы жолы «Мақтаарал» бапкері Қайрат Нұрдәулетов ұстазының алдын орады. Үнемі Асқар Қожабергеновті әкесіндей құрметтейтін Нұрдәулетов «Жетісу» бапкерін тактикалық тұрғыда ұтып кетті.

Айтпақшы, жаңа бапкер келгелі «Мақтаарал» қарымта шабуылды  жақсы меңгеріп алды.

«Астана» (Астана) – «Қайсар» (Қызылорда) 1:1

Голдар: Досмағамбетов, 68 (1:0). Бородин,  88-пенальтиден (1:1).

Осы турдың күтпеген нәтижесі. Әрине, «Астананың» қазір күнтізбесі қиын. Апта сайын Еуропаға барып жүр. Оның үстіне, Болгариядан ірі есеппен жеңіліп келді. Бірақ соған қарамастан чемпион команда ротацияны тиімді пайдаланып, «Қайсар» секілді клубтарды жеңуі тиіс еді. Алайда бас бапкері Григорий Бабаян тактикалық тұрғыда ештеңе ойлап таппады. Есесіне, журналистермен ұрысудан қолы босамай жүр. Өйткені әрбір баспасөз мәжілісінде тілшілермен сөзге келіп қалатынды шығарған.

«Актобе» (Ақтөбе) – «Тобыл» (Қостанай)  –1:1

Голдар: Оразов, 40 (0:1). Филипович, 66 (1:1).

Алаңнан қуылды: Қасым, 55.

«Ақтөбе» мен «Тобыл» арасындағы тартыс қай кезеңде де қызық болған. Жанкүйерлердің ерекше күтетін ойындарының бірі. Бұл кездесу былтырғы матчқа қатты ұқсас. Ол ойында да «Ақтөбенің» бір футболшысы қуылған. Осы жолы да солай болды. Қорғаушы Әлібек Қасым эмоциясын басқара алмай алаңнан ерте кетті. Өткен жылы «Ақтөбе» жеңісті жұлып алған. Биыл тең түсті. Негізі Филиппович екінші голын соққанда, үш ұпайға ие болар еді.

 Стадионға келген жанкүйерлердің ойынға көңілді деп санаймын. Гол соғатын қауіпті шабуылдар көп болды. Қарсылас та біздің қақпамызға әдемі гол салды. Андре Филипповичтің жауабы тіптен керемет. Жалғыз өкініш жеңіске жете алмағанымыз. Оның үстіне, бір адамға кем ойнадық. Бұлай болғанын талқылаймыз. Біз қажет емес жерде тәртіп бұзып, соның жазасын тарттық. Үш ұпай үшін ойнағанымыз түсінікті. Әр түрлі себептермен қол жеткізе алмадық. Бірақ жігіттердің потенциалы мол. Соны дамыту керек, – деді «Ақтөбе» бапкері Андрей Карпович.

«Ордабасы» (Шымкент) – «Қайрат» (Алматы) – 1:0

Гол: Матич, 90+7 (1:0).
Пенальти соға алмадыТағыберген, 76.

«Ордабасы» ұзақ қиналды. Тіпті, пенальти соға алмады. Алыстан айып соққыларын қақпаға шегелейтін Асхат Тағыберген пенальти тебе алмайды дегенге сену қиын. Бірақ солай болды. Абырой болғанда ойын соңында бұрыштама добынан Матич Устименко қақпасының осал тұсын тауып, алаң иелеріне үш ұпай сыйлады.

Айтпақшы, «Ордабасы» сапынан Сергей Малый мен Бауыржан Исламхан бірінші таймда жарақат алып кетті.

«Ордабасы» осы жеңісінің арқасында қарсыластарынан қара ұзді. «Астана» мен «Ақтөбе» 8 ұпайға қалып тұр.

Әзиз ӘБІШ
Бөлісу: