Ораза ұстамау кімдерге рұқсат етілген?

27 Ақпан, 11:45 2180

Ораза кімдерге парыз етілген және кімдерге ұстамауға болады? Бұл жөнінде Қостанай облысының пәтуаға жауапты маманы Дархан Манарбекұлы айтып берді, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Рамазан айында ораза ұстамайтын, бірақ содан кейін қазасын өтейтін адамдар бар. Олар мыналар:

Жолаушы. Шариғат тұрғылықты жерінен таң атқанға дейін ең кемі 86 км. (ханафи мазһабына сәйкес) қашықтыққа сапарға шыққан адамға ораза тұтпауға рұқсат етеді. Бірақ кейін қазасын өтеп береді. Егер таң атқаннан кейін жолға шықса, онда оған бұл күні ораза ұстау қажет болады да, оразаны бұзуға тыйым (харам) салынады. Дегенмен ораза ұстау жолаушыға қиындық тудырмаса оған ораза тұту мұстахаб болады.

Дертке шалдыққан адам. Рамазан айында науқас адам ораза себепті денсаулығы нашарлаудан немесе дертінің жазылуы баяулаудан қауыптенсе, оған ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Әрине бұл жерде тәжірибеге немесе білікті дәрігердің нұсқаулығына жүгінеді. Ауруы себепті ораза ұстай алмаған жандар емделгеннен кейін ұсталмаған ораза күндерінің қазаларын өтеулері қажет.

Жүкті және емізулі баласы бар әйел. Жүкті әрі емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстау өзіне не баласына зиян беруден қорықса ораза тұтпауға рұқсат етіледі. Сонымен қатар дәрігер, бала емізетін әйелге сәбидің еміне қажетті дәрумендер қабылдауды жазып берсе, онда оған ораза ұстамауына рұқсат етіледі.

Өміріне қауыптену. Аузы берік адам ауыр жұмыс істеу арқылы қатты шөл мен аштыққа шалдығып, сол үшін өмірінен не есінен айырылатындай жағдайға душар болса, онда оған оразасын бұзуға рұқсат етіледі. Кейіннен бұл күннің қазасын өтеп береді. Алайда мұндай кісілерге оразаны басынан бастап ауыз бекітпей бірден ұстамауға рұқсат етілмейді. Сондықтан Рамазан айында ауыр жұмыс істейтін адамдар оразасын аяғына дейін ұстауға кедергі келтіретін тым көп жұмыс істемеген жөн.

Сондай-ақ жылдың басқа мезгілінде ораза ұстауға шамасы келмейтін қария кісіге және созылмалы дерті бар кісіге (өмір бойы ауыратын) ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Оларға қазасын өтеу де шарт емес.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: